Мәуліт деген қандай ай?

11.12.2017
Қаралды: 1159

Биылғы 20-қараша мен 19-желтоқсанның арасы Хижра жыл санауы бойынша Рәбиул-аууал айы болып есептеледі. Бұл айдың 12-ші жұлдызында Мұхаммед пайғамбар дүние келген. Мұсылман елдері бұл айда Мәуліт мерекесін тойлайды.

«Мәуліт» сөзі «туылған сәт» деген мағынаны береді. Мәуліт айында пайғамбарымызға көп салауат айтқан дұрыс саналады. Осыған орай біз оқырман назарына «Сияр шәріп»  кітабынан салауаттың пайдасы жөнінде біршама ғибратты әңгімелер ұсынуды жөн көрдік.

Мысырда пайғамбардың туған күнін тойлайтын бір кісі болыпты. Оның көршісі яһуди болған екен. Бір күні әйелі оған:

– Мына мұсылман көршіміз бүгін мал сойып, садақа беріп, той тойлап жатыр. Не үшін екенін білмедің бе? – дейді. Күйеуі иығын қиқаң еткізеді. Үйде әйелдің қайнысы бірге тұратын еді. Ол:

– Бұл айда мұсылманның пайғамбары Мұхаммед дүние­ге келген. Соны тойлап жатыр, – деді. Әйелі:

– Қандай керемет! Арнайы қой сойып, жұрттың бәрін ша­қырып жатыр. Дініне, руы мен жасына қарамай, бәрін бір дастархан басына жинайды. Бұлардың пайғамбары да ұлық болып тұр ғой, шамасы, – деді.

Сол күні әйел түс көреді. Түсінде ғажап іс көреді. Көр­кем жүзді адам көршісінің үйіне кіріп бара жатыр. Оған сыртқы тұрпаты мен ішкі сымбаты әбден келіскен төрт серігі ілесіпті. Олардың соңынан жүз­­дері бал-бұл жайнаған қо­нақтар шұбырып келе берді. Үй иесі бәріне құшақ жайып, қарсы алып, бәйек болып жүр екен.

Әйел алғашқы кірген нұр жүзді, иман жүректі кісіні тағы бір рет көргісі келеді. Ол көр­шісінің үйіне жақын келіп, қонақтардың бірінен:

– Төрде отырған кісі кім? – деп сұрайды. Қонақ:

– Бұл кісі – Мұхаммед атты пайғамбар. Оның жанында отырғандар – төрт шадияр. Біз серіктері боламыз, – дейді.

– Мұнда неғып жүрсіздер?

– Көршіңіз кеше пайғамбардың туған күнін тойлады. Оны есіне алып, көп салауат айтты. Пайғамбар оған риза болып, алғыс айтуға келді. Шаңырағын көріп, қуанышына ортақтасайын деді. Біз ол кісіге ілесе келдік.

– Мен пайғамбармен тіл­дес­сем бола ма? Бір сұрағым бар еді.

– Әрине, – деді қонақ.

Әйел үйге кіріп, әдеппен сәлем етті. Пайғамбар оның сәлемін алып жатып оған амандық тілейді. Сонда әйел:

– Сізді өте қарапайым кісі деуші еді. Рас екен. Мен мұсылман болмасам да маған не үшін құрмет көрсетіп, амандық тіледіңіз? – деді.

– Алланың алдында барлық адам қалай тең болса, менің де алдымда барлығы бірдей. Алла адамның түріне қарамайды, жүрегіне қарайды.

Мұны естігенде әйелдің көңілі жайланып сала берді:

– Сіз расымен де мінезі жұмсақ, жаны жайсаң пайғамбар екенсіз. Мен де Мәуліт тойласам бола ма? – деді.

– Кім біздің қуанышты бөліссе, біз де оның бақытын бөлісуге асықпыз, – деді пайғамбар. Әйел қуанып:

– Онда ертең біздің үйде болыңыз, – деп жатып оянып кетті. Таң ата көрген түсін күйеуіне айтып береді. Екеуі мал союға бекінеді. Шелпек пісіріп, Мәуліт тойлауға кірі­седі. Оған мұсылман көрші­лерін түгел шақырады. Мәуліт жырлары айтылып, пай­ғам­бар­ға молынан сала­уат жолданады. Құран оқып, пайғамбарға дұға жасайды.

Сол түні әлгі әйел тағы да түс көреді. Түсінде пайғамбар оның үйіне келіп, Мәулітке қатысқан екен. Көп ұзамай оның да отбасының берекесі артып, ризық-несібесі еселеп өсіпті.

...Міне, «Сияр шәріп» кітабында Мәуліт туралы, Пайғамбарымызға салауат айту жөнінде осылай делініпті.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ