Киевте жағдай күйіп тұр

11.12.2017
Қаралды: 847

Украинада жағдай ушығып тұр. Онда қазіргі Президент Виктор Порошенкоға қарсы әрекеттер күшеюде. Ал оның басты себепкері кезінде екі мәрте Грузия Президенті болып сайланған, кейін бұл елден кетіп, Украинаның азаматтығын алған Михаил Саакашвили болып отыр.

М.Саакашвили алғашында Порошенконың кеңесшісі болып істеген, кейін Украинаның Одесса облысын басқарған болатын. Сол кездері ол Президент Порошенкоға қарсы оппозиция қатарына енді. Сондықтан да АҚШ-та сапарда жүргенінде оны Президент шешімімен Украина азаматтығынан айырған еді. Алайда арада көп өтпей Саакашвили Украинаға қайта оралған болатын. Биліктің оны елге кіргізбейміз деген әрекеті сәтсіз аяқталды, жақтаушылары Польшамен шекарада әскерилерге күш қолдану арқылы оны бергі бетке өткізіп алды. Содан бері билік пен Саакашвилидің жақтастары арасында күрес жүріп жатыр. Таяуда ол ел астанасы Киевте 50 мыңға тарта адам қатысқан акция өткізген болатын.

Осыған орай Украинада Саакашвилиге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оны елдің бұрынғы президенті В.Янукович пен С.Куценко деген кәсіпкердің қаржылай қолдауы арқылы бүлік ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптауда. Ал Саакашвили оны мойындамай, теріске шығарды.

4-желтоқсанда Украина арнайы қызметінің сарбаздары Саакашвилиді тұтқынға алды. Алайда белсенді жақтастары Саакашвилиді олардың қолынан күшпен босатып. құтқарып қалды. Сосын Президент Порошенкоға импичмент (бүкілхалықтық сенімсіздік білдіру) жариялауды талап ету үшін Киевтің орталығына барды.

Міне, осы әрекеттің ешқайсысы да тыныш өткен жоқ. Жағаласып-жұлқыласу орын алды, полиция жұртшылыққа қарсы көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.

Ал кешегі сәрсенбі күні Украинада Саакашвилиге мемлекеттік іздеу жарияланды. Бұл жөнінде Украина Бас Прокуратурасының өкілі мәлім етті.

Қысқасы, Украинаның тағы да тынышы кетіп тұр.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ