Қасқырдан құтқаратын тәсіл тапқан

11.12.2017
Қаралды: 907

Біздің ауылдағы Тұрмахан деген аңшы, сері, әңгімешіл кісіге Құрманғазы Қызыханов деген шопан жігіт жолығып қалыпты. Құрманғазының көкейінде көптен бері Тұрекеңе жолыққанда айтармын деген сауалы бар екен, соны қойыпты. 

Сәтін салып, кездесе кеткен  бір күні Тұрмаханға: «Тұреке, осы уақытқа дейін менің шаруашылығымды ит-құс әбден мазалап болды. Бас-аяғы он мүйізді ірі қарамды жеп кетті. Соған қарсы қояр қандай шараңыз, айтар кеңесіңіз бар? Сіз өзіңіз аңшысыз ғой...» – дейді қу қасқырдан құтылар амал іздеп. Сонда Тұрекең сәл ойланып тұрып: «Құрманғазы, сен былай істе: Ең дауасы, қалаға барсаң, дүкендерде қызылды-жасылды киінген қыздардың манекені тұрады ғой, соның біреуін әкеліп, сиырға мінгізіп қой», – дейді.

Мұны естіп тұрған жұрт жапатармағай күлкіге айналдырады. Көз алдында адал еңбегімен тап­қан оншақты малынан айырылған Құрманғазы  Тұрекеңнің менің өтінішімді әзілге айналдырғаны несі  дейді іштей. Бірақ малды ауылға барған соң оңаша қалған сәтте Тұрмаханның айтқан амалы қайта-қайта есіне түсе береді. Содан ақыры тәуекел деп бір сиырдың үстіне адамның сұлбасын отырғызбақ болып іске кіріседі. Алдымен паданың соңында жүретін жуастау бір сиырды ұстап алып, оны құр «орыс ермен» ерттейді. Құр ерден шошып, ала шапқын болып біршама уақыт мөңкіген сиыр баласының оған екі-үш күнде біртіндеп бойы үйрене бастайды. Содан соң қалың сымнан адамның сұлбасын жасап, ерге мықтап бекітіп, оған ескі киімдерді кигізіп қояды. Арада бір апта өткенде паданың алдын бермейтін асаулау сиырларды да ұстап, оларды да үйретіп алады.

Құрманғазыға қиындық тудырған бір мәселе – сиырдың тұлыптан құтылу үшін көрінген ағашқа, бұтақтарға сүйкеніп, үстіндегі сұлбаны бүлдіріп тас­тайтыны еді. Құрекең оған да амал тауып, сұлбаны «резинамен» матап тастайды. Сосын сиыр сүйкенгенде  бұтаққа ілініп, шалқайған сұлба одан өткен соң  «резинаның» көмегімен қайта орнына келетін болады.

Сол күндерден-ақ Құрманғазы қасқыр деген пәледен құтыла бастайды. Сиырлары да ауылдан алысқа ұзап жайылады. Таң-азаннан паданың соңында жүретін көмекшісінің де қолы босап, ол енді алаңсыз қораның ішкі жұмыстарна кіріседі.

Ал «Мына қазекеңнің сиырын жеу қиын болды ғой. Қашан көрсең бірі алдында, бірі соңында, паданы екі адам жайып жүретін болды. Жақындасам болды, оққа ұшармын» деді ме, құмдағы қасқыр атаулы Құрман­ғазының сиырларына жоламайтын болыпты.

Ақырында Құрманғазы ауылдың шетіндегі 50 – 60 шақты нашар малының ішінде жүретін сұр есекке де бір адамның сұлбасын орнатып қояды. Енді саулығы нашар малына да арнайы адамның қажеті болмай қалады.

...Құрманғазы өткен жолы идея авторы Тұрмахан ағасының үйіне арнайы барып алғысын айтып, сәлем-сауқатын тапсырып, иығына шапанын жауып кетіпті. «Енді осы мәселені өнертапқыштар одан ары қарай жандандырып, жетілдіріп, ішінде арнайы дыбыс шығаратын аппараты бар «шопан-робот» ойлап тапса, әрі бұл құрылғының бағасы кез-келген шаруаның қалтасы көтерердей  арзан­ға сатылса дұрыс болар еді», – дейді Құрманғазы бауырымыз.

«Қалауын тапса, қар жанар» демекші, осы бір кішкентай жаңалық бүгінде шағын ауылдан шартарапқа тез жайылып отыр.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ