Қазақ пен ағылшынның айырмашылығы неде?

12.12.2017
Қаралды: 1006

Қазақ азаматының баласы Англиядағы оқуынан оралыпты. Өзге елдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі жайлы білгісі келген әкесі баласына түрлі сұрақтар қоя бастайды.

– Балам, ағылшындар қалай өмір сүреді? Олардың бізден айырмашылығы неде?

– Ондағы адамдардың өмір сүру салты мүлде басқаша. Біздегіге мүлде ұқсамайды. Мысалы, мен онда елдің байыр­ғы тұрғындары, сондай бір жарасымды қарт отбасымен бірге тұрдым. Күнделікті тіршіліктегі олардың бізден ең бір басты айырмашылығы – үнемшілдігі. Дұрысы, жігерлілігі мен ұқыптылығы дер едім. Олар өмірдің майда-шүйде болса да қызықшылықтары үшін өздерінен ақша аяп көрген емес, бірақ ақшаны да бостан-бос оңды-солды шаша бермейді.

– Мысалы?

– Мысалы, олар шағын ғана екі бөлмелі пәтерде тұрады. Оның бір бөлмесін мен сияқты студенттерге жал­ға береді. Оған қоса миссис Флеминг маған таңғы және кешкі ас әзірлеп береді. Әрине, ол үшін мен оған азын-аулақ қосымша ақы төлеймін. Ал жазда, олар Лондоннан кеткен кезде өздері тұратын бөлмені де жалға береді.

Ал енді, әке, анам екеуіңіз тұратын үйге қараңыздаршы. Үш қабатты. Кең етіп салынған бильярд, тренажер залдары бар. Қонақ бөлменің өзі 70 шаршы метрден тұрады. Бірнеше жатын бөлмесі тағы бар. Осының бәрі не үшін керек? Балалардың бәрі ержетіп, өз жолдарымен кетті. Үйде өздеріңіз ғана тұрасыздар. Жылына ары кеткенде бес-ақ рет қонақ шақырасыздар. Қалған кездің бәрінде үйдегі барлық бөлмелер бос тұрады. Оларға анда-санда анам ғана кіреді. Шаңын сүрту үшін... Болды. Ал шығынын қараңызшы: жылыту, таза ұстау, салық төлеуі бар. Осының бәрі не үшін керек?

– Енді, балам, қазақтар кішкентай үй­де тұра алмайды ғой. Ол бізге жараспайды.

– Осылай дейтініңізді біліп едім. Ал енді өзіңіздің автотұрағыңызды алайықшы. Жұмыс орныңыз қаланың қақ ортасында болса да оған үлкен джиппен барасыз. Ал ол әл-Фараби даңғылымен жаяулатып жүрсеңіз 10 минутта жететін жер. Оған бола үлкен, жол таңдамайтын шетелдік көліктің қажеті қанша? Cіз жолсыз жермен тауға бара жатқан жоқсыз ғой? Үйде анама арналған тағы бір көлік бар. Көп емес пе?

Ал мистер мен миссис Флемингтердің шағын ғана бір көліктері бар. Онымен Лондон көшелерінде жүру жеңіл, тұраққа қою да оңай. Әрі олардың велосипедтері де бар. Жастары жетпіске жетіп қалса да олар көліктен гөрі осы велосипедпен жиі жүреді. Cенесіз бе? Мистер Флеминг­ке мен біздегі көліктер жайлы айтсам, ол таңқалады. «Бір ғана адам – сенің әкеңді тасымалдау үшін алып көлік арнап, 15 литр бензин жұмсаудың қажеті қанша? Бұл бос ауа тасымалдау үшін шығындал­ғанмен тең нәрсе ғой?» – деп сұрайды ол менен. Ойлап қарасаңыз, бензин мен көлік – бос шығын, ешқандай пайдасы, кірісі жоқ. Яғни ақша ауаға шашылып жатыр деген сөз. Өкінішті.

– Ха-ха-ха! Өзімнің «Гольф» немесе одан басқа шағын көліктің ішінде отыр­­ғаным елестеп кетті ғой. Олай етсем дос-жаранға күлкі боламын ғой, балам-ау!

– Міне, біздің ағылшындармен арадағы айырмашылығымыздың негізі осында! Ағылшындардың құрмет тұтатын нәрселері біз үшін ұят, масқара саналады.

Мен ағылшындардың киімді өте сирек сатып алатынын байқадым. Аз бол­ғанда қалай? Есіңізде ме, сіз  алғаш рет Лондонға барғанда «Харродстағы» (Ан­глиядағы белгілі универмаг) заттардың тең жартысына жуығын сатып алдыңыз. Көзге түскеннің бәрін сатып ала бердіңіз. Бірақ сол кезде алған киімдеріңіздің кейбірі әлі күнге дейін киілмей, бүктеуі жазылмаған күйі тұр. Кейбірін бір-екі рет қана кидіңіз.  Күнделікті киетініңіз сол баяғы үш костюм, екі джинсы мен үш футболка. Ал Лондоннан сатып алған қымбат итальяндық киімдеріңізді Қызыл­орда мен Қазалыдағы туыстарымыз киіп жүр. Міне, біз осылай өмір сүреміз. Ал ағылшындар төмен бағамен сатылатын арзан киім алады. Оны тоз-тозы шыққанша киеді де, сосын интернет арқылы бірнеше фунтқа болса да сатып жібереді. Өйткені олар әрбір пенске дейін есептеп, үнемдейді.

– Иә, мұндай әдетім бар: әр жолы жа­ңа заттар сатып аламын да, кейін ол киілмей, пайдаланылмай қалып қояды.

– Заттар жайлы айттыңыз. Ал ас ше? Біздің қалай ас әзірлейтінімізге назар салыңызшы. Біз қарнымыз жарылғанша тойып, күніне үш рет тамақтанамыз. Бейне бір ғасыр бойы ас көрмегендей, атамыз астан өлгендей. Оның да жартысын жеп, қалғанын қоқысқа тастаймыз. Се­бебі келесі жолы дастарханнан тағы да лық толы жаңа пісірілген дәмді ас көргіміз келеді. Әр жолы осылай қайталанады. Ал бізден қалған, қоқысқа тасталып жат­қан бұл аспен Африкадағы бірнеше отбасын тамақтандыруға болады.

Ал ағылшындар, мысалы, мистер мен миссис Флемингтер не істейді? Олар қанша ас сіңіре алады, тура сонша мөлшерде ғана тамақ әзірлейді. Екі тәрелке ғана. Тәбеті болмай, оны тауыса алмай қалса, оны ертеңіне жейді.

– Біртүрлі екен. Өзіңнен ас аяудың қажеті қанша? Миға қонбайды.

– Біздер «миға қонбайды» дейтін тағы бір мысал айтайын. Қонақ күту жайлы. Бұл ретте енді біздің халыққа тең келер ешкім жоқ шығар! Біз қонақ шақырғанда қанатты кеңге жаямыз ғой. Шағын бас қосу дегеніміз – 30-50 адам. Той ең кемі 300 – 500 адамға арналады. Үстелді – артығымен, асты – молынан алдыртып, дастарханды лық толтырамыз. Өйткені туған-туыстың бала-шағасы мен неме­ресін жетектеп, дос-жаран да өзінің таныс-тамырын, тіпті болмағанда ата-әжесі не көршісін жетелей келетінін білеміз. Ағылшындарға мен осыны айтсам, таң­қалғаннан шалқаларынан түсе жаздайды. Олар үшін құрметтеп шақырған жерге танымайтын адамды қоса ертіп бару – миға қонбайтын нәрсе. Олар қонаққа аз ғана және тығыз байланыстағы адамдарды шақырады. Яғни қонақ саны тура тізімдегідей болады. Ас та нақты сол адамдарға шамалап дайындалады. Оларда «шамамен 20-30 адам» деген ұғым жоқ. Қонаққа 23 адам шақырылды ма, келетіні де тура сол 23. Болды.

Айтпақшы, бізде мерекелік дастархан деген не? Ол дастархан үсті тола салат пен тіскебасар. Үстел үсті лық толатыны соншалық, қасық-шанышқы қоятын орын таппайсың. Отырыс ортасында тағы үш-төрт түрлі ыстық ас беріледі. Осының бәрінен ауыз тиемін дегеннің өзінде ас­қазан асқа толып, қарын қампайып, орныңнан тұра алмай қаласың.

Ал ағылшындарда ше? Бір салат, бір ыстық ас пен шай. Дегенмен көбіне тіскебасар мен сусындар ғана ұсынылады. Болды. Өйткені оларда қонаққа тыңқиып тамақ жеу үшін емес, әңгіме-дүкен құрып, пікір алмасып, сөйлесу үшін барады.

– Тамақ ішіп отырып та сөйлесуге болады емес пе?

– Болады, әрине. Тек тамаққа тың­қиып тойсаң да тықпалай берудің не керегі бар?

– Енді бізде «алып қой, жеп отыры­ңыз» деу керек қой. Өйтпесек, ұят.

– Қыста Лондонда ерекше көзіме түсіп, ойымда қалған бір жайды айтайын ба?

– Айт.

– Ағылшындар қыстыгүні үйлерінде жылы киіммен жүреді.

– Не үшін?

– Олар үйді біздегідей барынша бұрқыратып ысытпайды. Олар жылуды да үнемдейді. Отынды аямай жағып, үйді қатты ысытқанша қоңырсалқын бөлмеде жылы киініп жүргенді жөн көреді. Біз болсақ қыста да, жазда да үйде тек жеңіл киіммен жүруге дағдыланғанбыз. Сондықтан үйдің іші жаздағыдай ыстық болғанша тоқтаусыз от жаға береміз.

Астанадағы Серік көкенің үйіне барғанымыз есіңізде ме? Қол күйдіретіндей ыстықтың қызуын басу үшін батареясын мақта көрпемен жауып қоюшы еді ғой.  Терезенің желдеткішін ашып тастайтын. Мұны естіген мистер Флемингтің тіпті есі шықты. «Мүмкін сендер шексіз бай шығарсыңдар?» – деп сұрайды.

– Оған Серік көкең кінәлі емес қой. Бұл жылуды өлшеусіз беріп жатқандардың кінәсі.

– Білемін, әке, білемін. Мистер Флеминг Серік көке жайлы емес, жалпы Қазақстан туралы айтып отыр.

Тағы бір мысал, бізде барлық бөлмеде аспашам бар. Одан бөлек бөлменің әр тұсына, тіпті қабырғаға жылт еткізіп жарық беретін қосымша лампалар қойылады. Көшедегі, подъездердегі шам түнімен өшпейтіні біз үшін қалыпты нәрсе. Ал ағылшындар айна, үстел жанына шағын шырағдан қояды. Яғни жарық қай жерге керек, сол жерде шырақ болады. Қажет кезде соны ғана қосады, бүкіл бөлмені жарқыратып жарық етіп қою олардың ұғымында да, әдетінде де жоқ. Онда тіпті көшеде де арнайы қозғалыс құрылғылары орнатылған. Қай жерден қозғалыс байқалса, сол жердегі жарық өздігінен жанады. Көлік не адам өтіп кеткен соң қайтадан өшеді. Олар осылай да үнем жасайды.

Бізде суды да осылай шексіз босқа жұмсайтын мысалдар көп. Ағылшындар оны да үнемдейді. «Унитаздағы» үлкен және кіші «кнопкаларды» өз орнына қарай, яғни суды ағызу мөлшеріне қарай қолданады.

– Біз жарық жақсақ, су ағызсақ, ай сайын олардың ақысын төлеп отырмыз ғой.

– Төлеу – ол бір бөлек әңгіме, әке. Біз үнемдеуді білмейміз! Күнделікті әр адам, әр отбасында тамақ, жарық, жылу, су, киімнен осылай ысырап болып жатса, бүтіндей елде бір күнде қандай шығын болатынын елестетіп көріңізші! Адамдардың азаннан кешке дейін маңдай терін төгіп жүріп өндірген мұнайының бір бөлшегі, диқанның бел жазбай жер тырмалаған еңбегінің тең жартысы желге ұшты деген сөз. Осының бәрі бізде күн сайын қайталанады.

– Ой, балам-ай, жарық пен су, ас-ауқат пен киімнен ақша үнемдегенмен, одан байып кетпейміз ғой. Оның үстіне, оның бәрін адал ақшамызға сатып аламыз.

– Міне, біздің қателігіміз де, мен айтқалы отырған мәселе де осында, әке. Мен айтып отырған мысалда еліміздің экономикасы жатыр! Әрбір тамшы, әрбір киловатт жинала келе біздің экономикамызды құрайды. Біздің қазір майда-шүйде, қазымырлық деп санайтын әдетіміз ағылшындар үшін мәдениет әрі үнем.

– Дегенмен мен олай асты өлшеп істеп, бұрыштан жарық жағып, тиындап үнемдеп өмір сүре алмаймын.

– Жақсы. Онда біз қанатымызды кеңге сермеп, үйренген әдетіміз бойынша өмір сүре берейік. Тек: «Ағылшындар бізден бай өмір сүреді. Олардың зейнеткрелері шет елдерді аралай алады. Тұрмыстары біздікінен жақсы» деп шағымданбайық. Өйткені бәріне өзіміз жауаптымыз. Бай өмір сүргісі келген адам үнемдеп үйренуі керек.

– Иә...

Марат ТОЛЫБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ