Балаға киімді тиімді таңдаған абзал

07.12.2017
Қаралды: 362

Қыстың алғашқы айы да басталды. Енді балалардың маусымға сай жылы киінуіне мән берген жөн.

Адам денесінде киім арқылы жасанды микроклимат қалыптасады. Оның температурасы 28 – 34 градус мөлшерінде, салыстырмалы ылғалдылығы 20 – 40 пайыз, ауа қозғалысы өте төмен (0,006 – 0,097 %) мөлшерінде болып келеді. Киімдер организмнің жылу жоғалтуын біршама төмендетіп дене температурасының тұрақтылығының сақталуына жағдай жасайды, терінің жылу реттеу қызметін жеңілдетіп, ол арқылы газ алмасу процесін қамтамасыз етеді.

Киім тым тар да, аса кең де болмауы керек, табиғи таза матадан тігілгені дұрыс. Қалың, ыңғайсыз тігістер, қатты, тар резеңке баулар болмауы керек.

Қыс кезінде бөлме температурасы 19 градустан төмен болса, балалар үй киімі үшін қалыңырақ, жүн талшықтарынан жасалған, жылу сақтау қасиеті жоғары материалдан жасалған киім кигені жөн.

Балалардың аяқ киімі де ағзаны метеорологиялық қолайсыз әсерлерден және механикалық жарақаттанудан сақтауы тиіс. Аяқ киімнің қалыңдығына, иілгіштігіне, сапасы мен жылу сақтау қасиетіне мән берген жөн.

Ұлтарақ жұмсақтау, иілгіш, жылу мен ылғалдан қорғайтын, желдету қасиеті бар табиғи теріден жасал­ғаны дұрыс.

Ал аяқ киім табаны материалдарының жылу сақтағыш қасиеті олардың жылу өткізгіштігіне байланысты болады. Олардың жылу өткізгіштігі төмен бол­ған сайын жылу сақтағыштық қасиеті жоғары болады. Әсіресе кеуекті резеңке жылу сақтағыштық қасиеті бойынша табиғи тері мен кеуексіз құйма резеңкеден жоғары.

Аяқ киімнің өкшесіне де мән беріңіз. Өкшенің биіктігі 8 – 10 жастағыларға  20 миллиметрден жоғары болмағаны абзал. Ал 13 – 17 жастардағы ұл балаларға ол 30 миллиметрге дейін, осы жастағы қыз балалар үшін  40 миллиметрге дейін жасалуы керек. Бойжеткен қыздарға күнделікті биік өкшелі (4 сантиметрден жоғары) аяқ киім киіп жүру зиянды болып табылады. Мұндай жағдайда бел омыртқасының иіні ұлғайып, жамбас аймағының орналасуы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Биік өкшемен жүргенде тұрақтылық орнықты болмай, өкше алға қарай жылжып, аяқ басындағы башпайларға жүктеме түсетіндіктен жұмылып, табан жалпақтанып, башпайлар деформацияланады. Яғни аяқ киім табанды қысып, қан және лимфа айналуын бұзып, аяқтың табиғи дамуына кедергі келтірмеуі керек.

Балалар аяқ киімінің қозғалуға кедергі келтір­мейтіндей, мықтап бекітуге арналған бекітпелері болуы тиіс.

..Міне, балаларға қыстық киім алғанда осындай және басқа да көптеген жайларға мән берген дұрыс. Оның бала денсаулығы үшін маңызы өте зор.

А. АЙДАРОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

Пікір қалдыру

1000 символ