Ол кісінің қажылығы қабыл болар ма екен?

06.12.2017
Қаралды: 661

Кешке жұмыстан қайтып бара жатып автобуста екі әйелдің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Базардан қайтқан сатушылар сияқты. Әбден оранып, жылы киініп алыпты. Біреуі екіншісіне тоқтамай самбырлап сөйлеп отыр. Сірә, тіршіліктің азабынан әбден күйіп кеткен болуы керек, әлдекімдердің сыртынан сыбап алды. Өзі әбден ашулы көрінді.

«Мен жетіскеннен кредит алыппын ба?! – деп ызаланды ол. – Соған өздері жеткізді емес пе? Енем құндақтаулы баламмен қыс ортасында үйінен қуып шыққанда біреуі маған пана бола алмады ғой. Төркініме барсам, жеңгем балаларымнан нанын қызғанды. Әпкемнің үйіне барғанымда жездем шықты су,  свет пен газдың есептеуіштерін қайта-қайта қарап, есептеп. Әйтеуір қыстан аман-есен шығып алайын деп бәріне шыдадым ғой мен. Күнделікті жейтін тамағымызды өзіміз әкеліп тұрсақ та балаларыммен дастарханға жақындап келе жатсақ кірпідей жиырылатын. Күйеуім сол кезде-ақ пәтер жалдап тұрайық деген, мен ғой пәтерде жағдайымыз қандай болады, туыстарымызды паналайық деп осында келген. Сөйтсем, бауырым, бір туған туысым деп жүргендерімнің бәрі әшейін... «Ағам – алғанша, жеңгем – жегенше» екен ғой бәрі де...»

Оның әңгімесін тыңдап отырған екінші әйел осы кезде: «Қанша ай тұрдың сонда туыстарыңмен бірге?» – деп сұрады. «Ақпан мен наурыз, екі-ақ ай тұрдық, – деп жауап берген әйел әңгімесін әрі қарай жалғады. – Сол екі айға жандары шығып кете жаздады ғой бізді ауырлап. Масыл болмайық деп тамағымызды өзіміз әкеп, коммуналдық төлемдеріне 30 мың теңге бердік екі айға. Сосын пәтерге шықсақ, оны-мұны керекті заттар аламыз деп жинап жүрген 100 мың теңгедей ақшамыз бар еді, соны әпкем сұрап алған еді, осы күнге дейін қайтарған жоқ. Кейін сол ақша үшін күйеуім екеуміз талай рет ұрыстық. Ақырында оны қайтармайтынын білді-ау деймін, күйеуім де сұрамайтын болды ғой. Сәуір айында пәтерге шықтық, ыдысымыз да, кілеміміз де, тіпті төсегіміз де жоқ. Шешем байғұс келініне бірін көрсетіп, бірін көрсетпей ескі-құсқы біраз заттарын берді. Екі балама күтуші жалдап, күйеуім екеуміз бірдей саудаға шығып кеттік. Ақырындап ақша таба бастағасын теледидар, тоңазытқыш, қазан-табақ алып, әжеп­теуір үй боп қалдық қой. Базардан да тәп-тәуір ақша табуға болады екен. Өзіміздің жинаған ақшамыз жетпегесін банктен бес жылға 2 миллион теңге кредит алып, үй сатып алдық. Күйеуім ауырып қалмағанда уақытынан кешік­тірмей төлеп тұрар едік қой.

Аяқ астынан оның ауырып қалғаны да қиын болды. Бұрын Қостанай жақта жұмыс істеп жүргенде аяғын үсітіп алған екен, соның салдары ма, күн суыса аяғын баса алмай ауырып қала беретін. Енді тіпті жүре алмай қалғасын базарда жалғыз өзім істеп жатырмын. Табысымыз да бұрынғыдай болмай, үш-төрт айдай несиемді жаба алмай қалғанмын. Соның пенясы өсіп кетіпті. Оны қайтіп төлеймін деп жүгіріп жүрсем, банктегілер: «Үйлеріңді арестке қоямыз» деп хат жіберіпті. Оны көрген ағам: «Үйді арестке қойса, мен қажылыққа бара алмай қалатын болдым. Дереу «пропискадан» шықсын!» – деп айқайлапты».

Осы кезде тыңдаушы әйел тағы да сөзге араласып: «Сенің үйіңе не қатысы бар ағаңның? Кете бермей ме?» – деп қалды. «Мен «пропискіде» ағамның үйінде тұрамын ғой, – деген әйел әңгімесін қайта жалғады. – Үйді алғанымызға бес-алты-ақ ай болды. Әлі атымызға аударып ала алмай жатырмыз. Бір құжаттары дұрыс емес екен, иесі соны жөндетіп беремін деген. Соны жөндетіп, үйді атымызға аудар­ғанша шыдай алмай жатыр ғой, қай­тесің. Ағам бес уақыт намазын қаза қылмайды, уақытынан кешіктірмей оқып, әр жұмада мешітке барады. Биыл енді кіші қажылыққа ниет қылып отыр екен. Бірақ туған қарындасы осылай қарызға батып қиналып жүргенде  оның қажылығы қабыл бола ма екен деп ойлаймын. Қарызға ақша сұрасаң өзінен артылып тұрса да бермейді. «Қайыр сұрағанға – бір сауап, қарыз сұрағанға жеті сауап жазылады» деген сөзді өмірі намаз оқымаған біз де білеміз ғой. Сөйтіп қарыз сұрағандарға сауап жинау үшін де беріп тұрамын кейде. Ал менің ағам мен жеңгемді Құдай төбесінен ұрып қойған ба, бірдеңе. «Апама жездем сай» дегендей, әйелі өзінен өткен сараң. Құдай екеуін та­уып қосып қойғанын айтам-ау».

Осылай деп күйінген әлгі әйел мен өз аялдамама жетіп, автобустан түсіп бара жатқанымда да сөйлеп отырды. «Қажылығы қабыл бола ма?» деген оның сұрағы менің де жадымнан кетпей тұрып қалды.

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ