Ет пен сүт және шұжықтың тазалығына мән беріңіз

06.12.2017
Қаралды: 174

Күн суыта келе адамдардың ет тағамдарын жиірек пайдалана бас­тайтыны белгілі. Осындайда кейбір сақтық шараларын да есте ұстай жүрген абзал. Әсіресе сальмонеллез жұқтырып алудан абайлау керек. Осы орайда оқырманға бұл аурудың қалай жұғатыны, оның алдын-алу үшін не істеу керектігі жөнінде айта кетуді ұйғардық.

Сальмонеллез – әртүрлі клиникалық әсерлермен сипатталатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышын жұқтырған адамда дерт бірден білінбей, ұзақ уақытқа дейін созылуы мүмкін. Бұл жиі кездесетін дерт көбінде гастроэнтероколит түрінде өтеді.

Сальмонеллез кенеттен басталады. Ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, жалпы әлсіздік пайда болады, басы ауырып, денесі тітіркенеді, жүрегі айнып, адам лоқси бастайды, ас қорыту жолдары қатты ауырып, іші өтеді. Дерттің инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 7 тәулікке дейін созылады.

Бұл аурудың диагнозын клиникалық көрінісі бойынша немесе эпидемиологиялық анамнез (сальмонеллезді жұқтыруға себеп болуы мүмкін тағамды тексеру) деректері бойынша қояды. Диагноз науқас адам пайдаланған тағамдар мен оның құсығынан, үлкен дәрет массасынан, генерализденген түрінде қан мен екінші ошақ іріңінен сальмонеллаларды бөліп алу арқылы дәлел­денеді.

Сальмонеллезді сүзек, ботулизм, өткір бактериялық және вирустық сипаттағы гастроэнтеритпен, тамақтан уланумен, өткір аппендицитпен, абдоминальдық белгідегі миокард инфарктімен қатар қоюға болады.

Сальмонеллез қоздырғышы қоршаған ортада ұзақ уақыт бойы сақталады. Ол суда 120 күнге дейін, ет пен шұжықтарда 2 – 4 ай бойы, ірімшікте 1 жылға дейін, жер қыртысында 18 айға дейін сақтала алады. Кейбір азық-түліктерде (жұмыртқа, сүт, ет тағамдары) олар сақталып қана қоймай, тамақтың дәмі мен түрін бұзбастан көбейеді. Олар­ға тұздау мен кептіру өте әлсіз әсер етеді.

Бұл ауруды жұқтыру көздеріне мыналар жатады: әртүрлі жан-жануарлар, мүйізді ірі қара мен ұсақ мал, доңыздар мен тауықтар, үйректер мен қаздар, көгершіндер. Сондай-ақ сальмонеллездің бактериясын тасымалдаушылар мен осы дертпен науқастанғандар да (көбінде дертке шалдыққан балалар мен жас босанған аналар, емдеу мекемелерінің қызметкерлері) ауруды жұқтыру көздеріне жатады. Ауырғаннан кейін бактерия тасымалдау ұзақ уақытқа дейін созылуы мүмкін.

Көп жағдайда адамдар бұл дертті құрамында мол мөлшерде сальмонелл бар азық-түліктерді пайдалану арқылы жұқтырып алады. Әдетте мұндай жағдай таза емес азық-түліктер (негізінен фарш және фарштан жасалған тағамдар мен еттен жасалған салаттар, пісірілген шұжықтар және тағы басқа) сальмонеллездің көбеюі мен көптеп жиналуына қолайлы жағдайда ұсталғанда туындайды. Ең бастысы – аталған азық-түліктер (жұмыртқа, ет тағамдары, т.б.) жеткілікті мөлшерде қайнатылмаған кезде жиі орын алады. Ал балық пен сүт тағамдары аз ластанады.

Сальмонеллез әлемнің барлық аймақтарында кездеседі.  Бүгінде оның санының өсуі байқалуда.

Бұл аурудан сақтану үшін құс етінен тағам дайындау кезінде оларды қайнатудың ережелерін мұқият сақтаған дұрыс. Құс пен мал еті салынған ыдыс-аяқты, бөлу-шабу құралдарын (пышақ, тақтайша), үстелдің үстін сабындап жуу керек. Құс пен мал етін пайдаланарда әбден жақсылап қуыру қажет.

Ал жұмыртқаны шикілей тұтынуға болмайды. Оны мұқият тазалап жуып, кем дегенде 7 – 10 минут қайнатып барып пайдаланған жөн.

Міне, осындай жайларды есте ұстағайсыздар. Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жолды таңдаңыздар демекпіз.

Г. ПОЛАТОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби ауданы

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ