Шымкенттегі жалғыз Долан қойы жоғалды

06.12.2017
Қаралды: 429

Шымкенттің «Бозарық» шағынауданында Бақытжан есімді азамат тұрады. Үйінде уақ мал ұстайтын бұл жігіттің шаруашылығында спаниэль иттікі сияқты салбыраған ұзын құлақты өзгеше бір қой бар еді. 

Оны Бәкеңмен көрші тұратын жұрттың бәрі біледі, тіпті сол маңнан көлікпен өтетін жандар да талай мәрте барып, тамашалаған. Иесі оны биылғы жазда таудағы досының малына қосқан болатын. Өкінішке орай, таяуда осы қой жоғалып кетіпті.

Қытайға әкеткен жоқ па екен?

«Ондай қойдың бірнешеуін біз кезінде Ауғанстаннан әкелген едік, – дейді Бақытжан біздің қойған сауалдарымызға орай. – Үшеуі көп ұзамай өліп қалды. Өзі Қытайда будандастыру жолымен шығарылған «Долан қойы» деген тұқымға жатады екен. Қалған біреуін қолда төрт-бес жыл ұстадық, Еділбай қойының қошқарымен будандастырып, екі қозы алғанбыз. Біреуі өліп қалды. Екіншісін біреулер ұрлап кеткен еді, іздеп таптық, бірақ дұрыс күтпеген екен, ол да ұзақ тұрмады. Енді қойдың өзінен айырылып отырмыз».

Бақытжан осылай дейді. Кезінде біреулер бұл қойды одан екі Гиссар тұқымдас қошқарға ауыстыруды ұсыныпты, біреу тіпті 1000 долларға сатып алмақ та болыпты. Бірақ иесі оған көнбеген.

«Естуімізше, әлемде мұндай тұқымды қойдың саны бар болғаны 1000-ға да жетпейді екен, – дейді Бақытжан. – Сондықтан ол жоғары бағаланады. Әсіресе Қытайда аса қымбат тұрады  деп естиміз. Қойымызды ұрлаған адам оны сол елге әкеткен болуы да мүмкін сияқты. Ал жоғалған қойдың өтеміне досым бізге қымбат тұратын бір теке мен ешкі әкеліп берді».

Салмағы 100 килодан асады

Жалпы, Долан тұқымды қойдың шығу тарихы мынадай екен: Ілгеріректе, осыдан бір ғасыр шамасы бұрын Шыңжаңда тұратын ұйғырлар Ауғанстаннан 300-ге тарта қой алыпты, бірақ жолдың ұзақтығына байланысты қиындықтар туындап, көбі өліп қалған, еліне оның 4-еуін ғана аман-есен жеткізіпті. Сосын оларды жергілікті қойлармен және көршілес Қазақстаннан алған қойлармен будандастырған. Осыдан Долан тұқымы пайда болған.

Долан қойы ыстық-суыққа, шөлге, ауру-сырқауға төзімді, қай елді болмасын тез жерсінеді. Етті, майлы, сүтті, ірі сүйекті мал. Өзге қой тұқымдарынан ерекшелігі – сирақтары ұзын, тұмсығы қоңқиған дөңес, құлағы өзгеше ұзын, төменге салбырап тұрады.

Бұл қойдың қозыларының туылғандағы салмағының өзі 5 – 6 кило тартады. Егіз табатыны, кейде 3 немесе 4 қозы туатыны бар. Екі жылда 3 мәрте төлдейді. Өсімтал. 5 айлық тоқтыларының салмағы 25 – 35 килоға дейін жетеді, осы жастағы қошқарлары 30 – 40 кило тартады. Саулықтарының салмағы 90 килоға дейін, ісектерінің салмағы 75-тен 150 килоға дейін жетеді. Бұл кезде олардың бойы – 80 сантиметрден 150 сантиметр­ге дейін өседі. Дене тұрқының ұзындығы 170 сантиметрге жететіндері де бар.

Қошқарын 2 миллион долларға бермей отыр деседі

Қытайда бұл қойдың қошқарын қолда ұстап, ұрығын сатуды кәсіп етушілер де бар көрінеді. Яғни одан тұқым алғысы келетіндер аналық қойын апарып, қошқармен шағылыстырып алады. Ақиқатын кім білген, ал ғаламторда қошқарының бір осындай әрекетінің өзіне иесі 47 мың доллар ақы алатыны жөнінде жазылыпты.

Саны өте аз болғандықтан бұл қой тұқымы іздегенге табыла бермейді. Сондықтан да оны бүгінде тек сән үшін ұстайтындар бар екен. Интернетте Шыңжаңдағы бір байдың үйінде 6 айлық Долан қошқары бары, иесі оны 2 миллион 189 мың долларға сұрағандарға бермегені жөнінде де жазылыпты. Кім білген, мүмкін рас та шығар...

...Шымкенттік Бақытжан жоғалтқан Долан қойының тұқымы туралы біздің жалпы білгеніміз осы болды. «Миллионын» білмедік, дегенмен оның құны мыңдаған доллар тұратыны өтірік емес сияқты. Ал мұндай малдың ел ішіндегі неше түрлі баукеспелердің көз сұғынан қағыс қалуы да қиын ғой.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ