Дәуіт пайғамбардың үңгірін көріп қайттық

05.12.2017
Қаралды: 205

Таяуда бізге Өзбекстанға барып, бірнеше қалалардағы киелі орындарда болудың сәті түскен еді. Соның ішінде Дәуіт пайғамбар жасырынған деп айтылатын үңгірге барып, ондағы көрген-білгеніміз жайлы жазуды жөн көрдік.

Бұл үңгір Самарқаннан 70 шақырым қашықтықта, Нұрабад қаласы мен Ақсай, Мехнаткаш қышлақтарына жақын маңда, теңіз деңгейінен 1250 метр биіктікте екен. Үңгірге бару үшін 1303 баспалдақты басып өтіп, жоғары көтерілдік. Сол жерде құран оқылып, бата жасалғаннан кейін ниет еткендер тау басындағы мешітте намаз оқыды. Содан кейін қарсы беттегі ылдиға түсіп, төмен қарай 200 баспалдақтан өтіп, үңгірге кіруге кезекке  тұрды.  Оған адамдар толассыз барып жатады екен.  Біз барған кезде де зиярат етушілер өте көп болды.

Үңгірге жеткенше жолшыбай сауда нүктелерінде түрлі дәрілік өсімдіктер мен қасқырдың тісі, аналық мүшесі, тұяғы, қасқалдақтың қаны, бөдененің жұмыртқасы, борсықтың майы, күшәла  секілді жай уақытта табыла бермейтін емдік нәрселер мен теберікке, сыйлыққа арналған ұсақ-түйек заттар сатылып жатыр. Төмен жағындағы арзанға сатылатын заттар бағасы баспалдақпен жоғары көтерілген сайын қымбаттай береді. Сатушылар бізге таға мен көліктің суретін сатып алуға кеңес берді. Себебі баспанасы жоқтар тағаны, көлігі жоқтар көліктің суретін үңгір ішіндегі молдаларға оқытып алса, қажетіне қол жеткізеді деген наным бар.

Таудың төменгі жағында да, жоғарғы жағында да аттар мен есектер арқандау­лы тұр. Жаяу жүруге жарамайтын нау­қастар мен қартаң адамдар осы көлік­термен жетсе болады. Ақысы – жоғарыға шығу үшін 10 мың сум, төмен түсу үшін 5 мың сум. Тау бөктерінде атқа немесе түйеге мініп суретке түсемін десеңіз, арнайы безендірілген ат пен түйелер де бар. Жанында фотографтар жүгіріп жүр.

Үңгірге кіріп, дұғасын тілеп, көңілі жайланған кісі төменнен жоғары ырсылдай өрлеп, әр жерге бір отырып, шаршап-шалдығып келе жатқан адамға: «Енді аз қалды, сәл жүрсең жетесің», – деп көңілін демдеп кетеді екен. Межелі жерге жеткен соң дәрет жаңартып алуға болады. Бір қызығы, мұнда «Хажотхана», «Таһаротхана» деп жазылған ерлер мен әйелдерге арналған екі-екеуден төрт есік тұр. Әрқайсысына кіру ақысы – 1000 сум, құмандағы суды 2000 сумға бөлек сатып аласыз. Құманмен «Хажотханаға» кіргізбейді, ол әжетіңді өтеуге арналған орын екен, құмандағы суды кіргізсең харам болады дейді. Ал «Таһаротханасында» отырып дәрет алуға жағдай жасалыныпты. Үңгір өте киелі, сондықтан тазарып кіру керек дейді сол маңдағылар.    

Халық арасына кең тараған аңыз бойынша Хазіреті Дәуіт пайғамбарды артынан дұшпандары қуып, қоршап алған кезде ол тау бөктеріне қашып, тізерлеп тұрып, Аллаға жалбарынып, дұшпандарының қолына түспеуін тілеген екен. Алла тілеуін беріп, құдіреттің күшімен тастарды саусақтарымен тырналап ашып, осы үңгірге жасырыныпты деседі. Шынында да үңгірдің кіре беріс жерінде тізе батқанға ұқсас үлкен із бар, ал ішіндегі қабырғалардан тырналаған саусақ іздеріне ұқсас ізді көруге болады. Денсаулық, бала, тағы сол сияқты қажетін сұраған адамдар үңгірдегі Дәуіт пайғамбардың ізі деп сенген жерлерді сипалап, тілегін тілейді екен.

Үңгірдің ені шамамен 4 метр, биіктігі – 15 метр, ал ұзындығы 60 метр екен. Оның кіре беріс жері қараңғы, ішкері қарай  қабырғаға ілінген шамдардан әлсіз жарық түсіп тұр. Жұрт үңгірдің ең түк­піріндегі қуыс жерді Дәуіт пайғамбардың ғайып болған жері деп сенеді, ол жерге бір сәт кідіріп, тілек тілеп, атаған нәзірін қояды екен.

Үңгір аузына 10 – 15 метр жетпей, келушілерді кезекке қойып бір адам, үңгір аузында кірушілер мен шығушыларды реттеп екінші адам тұр. Үңгірге кірген соң шамамен 20 – 30 метр жүргеннен кейін басына тақия, үстіне шапан киген екі жігіт келушілердің бәрі кіріп, жайғасып отырғанша күтіп тұрады. Содан кейін батасын беріп, оқытылуға ниет еткендерді оқиды.

Үңгірдің оң жағында – кіретін, сол жағында – шығатын адамдар бір қатар­ға тізіліп тұрады екен. Тілектерін тілеп, оқытылатындар оқытылып болғанша бірде-бір адамды шығармайды. Сырттан кіретін адамдар әбден жиналғанша іштегі адамдар сол жағында бір қатарға тізіліп, күтіп тұрады. Шарты солай екен. Адамдар алдымен кіруге, содан соң үңгірден шығуға жанталасып жатыр.

Бізбен сапарлас болған бір әйел осыдан үш-төрт жыл бұрын инсульт алып қатты ауырғанын айтты. Ауруханадан шыққаннан кейін де өте әлсіз болған. Қанша ем қабылдаса да басының айналғаны тоқтай қоймапты. Содан соң біреулерден естіп, тәуекелге бел буып, осында зияратқа келгенін айтады.

«Бір баспалдақ жоғары көтерілуімнің өзі мұң болды. Қатты шаршап, қиналып кеткен кезімде жылап аламын. Жанымда өзімді емдеуші дәрігерім бірге еріп келген. Қасымнан бір елі қалмай, жылы сөзін айтып, дем беріп, үңгірге жеткізді. Үңгірге жақындағаннан бойымда қуат пайда болғанын байқадым. Ал үңгірден қанат байлап алғандай, жеңілдік сезініп шықтым. Содан бері басым айналуын қойып, денсаулығым қалпына келді. Биыл ниет етіп, тағы келдім. Ендігі тілегім – баспаналы, көлікті болу. Себебі инсульт алғанда ақшадан қысылып, үйді де, көлікті де сатып жібергенбіз», – дейді ол.

Тағы бір келіншек «ДЦП»-мен ауыратын баласын арқалап жүр. Әйтеуір аяғынан жүріп кете ме деген ниеті бар. Кішкентай бала әлсін-әлсін жылап қояды. Жоғары қарай соқа басымызды зорға сүйреп бара жатқан біз әлгі әйелдің ерлігіне риза болыстық. Құдай тілеуін беріп, баласы жүгіріп кетсін деп тіледік.

...Қысқасы, біз «Дәуіт пайғамбар үңгірінен» рухани тазарып, сергіп, қуат алып қайттық десек болады. Мұндай жерлерге барып тұрудың зияны жоқ шығар. Ниет еткендердің Алла тілеуін берсін дейміз.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ