Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ – нұрлы жол көрсетуші білім ордасы

05.12.2017
Қаралды: 147

Елбасы  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы тапсырмаларды тек білімді де білікті маманның күшімен ғана атқарып шыға алатынымызды айтқан болатын.

Расында да XXІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Сондықтан біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет.

Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан жоғары оқу орындарының міндеті – әлемдік стандарттар деңге­йінде білім беру», – деп білім саласының дамуына бағыт-бағдар берген еді. Шынында, ел дамуының ең өзекті саласы – білім саласы. Бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшемі білім сапасы мен отандық ғылымның даму деңгейі ар­қылы анықталады. Осы өл­шемнің биігінен көз салсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті жеткен жетіс­тіктері мен бағындырған белестері арқылы көңілге көп қуаныш ұялатады. Ұзақ әрі ұтымды жолды артқа тастаған білім ордасының бүгінгі келбеті өзгеше, келешегі нұрлы. Басты бағытын өскелең ұрпаққа нұрлы жол көр­сетуге арнап келе жатқан университеттің жеткен жетістігі мол. Қазіргі күнде ел басқарып отырған халық қалаулыларының жартысынан көбі осы қасиетті мекеннен түлеп ұшқанын тілге тиек етсек, көп сырды сезіне түсеміз.

Бұл – біз сөз еткен нәти­женің бір бөлігі ғана. Бүгінде әлемдік стандарттар дең­гейінде білім беру жүйесіне бағытталған оқу ордасының кешегі тарихы ауыз толтыра айтар табыстарға толы. Елі­міздің жетекші уни­верситеті әлемдік рейтингінде алға ілгерілеуде белсенділік танытып отыр. Мұндай маңызды жетістікке ҚазҰУ ұжымы ке­шенді құрылымдық модернизация жүргізу, факультет­терді кластерлік негізде дамыту, кафедраларды ірілендіру, жүйе­лік басқаруды енгізу, нәтижеге бағытталу жұмыстары ар­қылы жетіп отыр. Халықаралық жетекші сарапшылардың пікірінше, ҚазҰУ қызметтің барлық бағыты бойынша сапалы көрсеткіштерді барынша арттырып отыр. Университет толығымен халықаралық стандарттарға жауап бе­ретін білім бағдарламасына көшкен. Білім ордасының ғалымдары белсенді түрде ғылыми зерттеулер жүргізеді. Халықаралық деңгейде инновациялық жобаларды жүзеге асырады, жаңа технологиялар жасалады.

Жоғары импакт-факторы журналдарда ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдары жыл сайын артып келеді. Университет халықаралық әріптес­тікті кеңейту саласында, академиялық ұтқырлықты арттыруда, әлеуметтік серіктестікті дамытуда өзгелерден көш ілгері келеді. Жақсылардың көзін көріп, данышпандардың дәрісін тыңдаған, ұлт қайрат­керлерінің ұлағатын бойына сіңіріп, санасын байытқан зейінді шәкірттер ҚазҰУ-да оқығанын әрқашан мақтан етеді, сол алған білімдерін сан мыңдаған өзге де іздену­шілердің санасына сәуле етіп құя білді. Ұлттық рухтың алтын бесігі болған ұлттық жоғары оқу орны бүгінде есімі елге белгілі, еңбегі халқына таныс ғалымдар мен профессорлардан кенде емес. Олардың озық қатары көбеймесе, азаймасы анық.

1937-жылы қыркүйекте төрт жылдық оқу жүйесіне негізделген тұңғыш гуманитарлық шет тілдері факультеті ашылған. Бір жылдан кейін құрамында орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және француз тілі тәрізді үш кафедра бар филология факультеті ашылды. Кейіннен шет тілдері факультеті де осы құрылымға қосылды. Өз бастауын осы кезеңнен бастап кеткен шет тілдерін оқыту үрдісі бүгінгі күнде жүйеленіп, кемелденді.

Мемлекет басшысының әлемнің «үздік топ ЖОО» рейтингісіне ену тапсырмасын тыңғылықты орындап отыр­ған ҚазҰУ ұжымы білімге негізделген экономиканың белсенді субъектісіне айналмақ. Білім сапасын бағалайтын «QS» рейтингілік агент­тігінің зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған әлемдік 800 университеттің арасынан ҚазҰУ 236-орынды иеленіп, әлемдік топ – 300 үздік ЖОО-ның қатарына енді.

Айта кетерлігі, «Топ – 300» үздік ЖОО қатарына ТМД елдерінен үш жоғары оқу орны енген. Олар: Ломоносов атындағы ММУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Санкт-Петербург университеті.

Еліміздің жетекші универ­ситеті әлемдік рейтингіде алға ілгерілеуде белсенділік танытып отыр. Соның нәтижесінде әлемнің алдыңғы қатарлы үздік оқу орындарымен иық тірестіре отырып, тығыз қарым-қатынас жасауда, білім мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасудың жоғары жетістігіне қол жеткізуде. Алдағы мақсат одан да биік. 30 дамыған елдің ішінде болу жоспарын орындауға кірісіп кеткен Қазақ елінің маңызды стратегиялық қадамына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қосары мол. Атап айтқанда, білім сапасын барынша жоғарылата отырып, ғылыми зерттеудің іргелі, сүбелі нәти­же­леріне қол жеткізудің, сол арқылы жан-жақты білімді, тәрбиелі, отансүйгіш ұрпақ дайындаудың жаңа бағытына қадам басты.

Ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне опат әкелeді»,– деген тағылымды ой, ұлағатты ұстаным қалдырған. Ал ұлы кемең­гердің есімін еншіліген оқу орны бабаның бұл аманатын да мүлтіксіз орындап отыр.

Екінші Дүниежүзілік соғыс­тың ауыр күндерінде де қыз­метін тоқтатпай, 23 кафедрасы бар үш жаратылыстану – яғни биология, физика-математика, химия және екі гуманитарлық – филология мен журналистика факультеттері жұмыс істеген білім ошағы бейбіт кезеңде білім берудің ең озық дәстүрін іске асыруға қабілетті екенін паш ете бермек. Өйткені біздің алтын ұяда сол талаптарды орындауға қауқарлы кәсіби мамандар, жыл сайын жаңаланып, толықтанып келе жатқан материалдық-техникалық база, бас­тысы, мемлекеттің зор қолдауы бар.

Сәттілік пен жетістіктің мәр­тебелі биігіне көтерілген қарашаңырақтың бүгінгі болмысы барша қазақтың мақтануына лайық, кемел келешегі бүкіл елдің көшбасшыларын да­йындап, дамудың даңғыл жолындағы аса жоғары жетіс­тіктері арқылы одан сайын асқақтай бермек.

А.ХАЛЕНОВА, Л.АЛИЯРОВА, Л.МАХАЖАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шет тілдер

кафедрасының аға оқытушылары.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ