Апта сайын жәрмеңке өткізіп жатыр

05.12.2017
Қаралды: 146

Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Шымкентте апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Өнім өндірушілер сенбі-жексенбі күндері қаланың «Нұрсәт» шағынауданындағы «Метро» сауда кешенінің автокөлік тұрағында өз өнімдерін саудалайды. Онда өнімдер нарықтағыдан біршама төмен бағаға сатылады. Бұған риза болып жүргендер көп.

«Таяуда «Нұрсәттегі» туысымның үйіне қыдырып барған едік.  «Метрода» жәрмеңке болатынын естігесін оны арнайы барып, аралап көріп қайттым. Ет керек пе, сүт, жеміс-жидек, көкөніс дейсің бе – іздегеніңді табасың. Балдың неше түрі тұр. Арадағы алыпсатарсыз, өз өнімін пұлдағандар «пәлен теңге» деп аузын ашпайды екен. Бағалары базардағыдан біршама арзан, оның үстіне таразыдан «жеу» жоқ.

Бұл жерден көргендеріме көзім сүйсінді. Тап-тұйнақтай, жинақы, барлық жағдайы жасалған қатарларда әркім өзінің шығар­ған өнімін саудалап тұр. Сол жерден килосы 500 теңгеден 6 кило жаңғақ алып қайттым. Мұндай жәрмеңке апта сайын болып тұрады екен. Бұл деген рахат қой!» – дейді Шардара қаласынан келген Нұржан есімді азамат.

Жұрт сүйсінген бұл жәрмеңкенің Шымкентте апта сайын ұйымдастырылып жатқаны рас. Ол алдағы күндері де жалғасын табады екен. Біз бұл жөнінде жәрмеңкені ұйымдастырушы кураторлардың бірі, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының жобаларды іске асыру бөлімінің сарапшысы Айдана Бейсебаевадан сұрап-білдік.

«Мұндай жәрмеңкені қазан айының соңынан бері апта са­йын өткізудеміз, – дейді А.Бейсебаева. – Осыған дейін 5 мәрте өткіздік. Алдағы сенбі-жексенбі күндері де бұл жерге өнім өндірушілер өз тауарларын әкеледі. Оларға орын, үстел-орындықтар, өнімін орналастыратын жер тегін беріледі. Көліктері де сауда үйінің «парковкасына» орналастырылады. Алаңсыз, еркін сауда істеуге барлық жағдай жасалған.

Бүгінде күн суытып келеді, сондықтан сатушыларға бір мезгіл ыстық тамақ та тегін беріліп жатыр. Оларға әрбір сағат сайын ыстық шай жеткізіледі. Оның шығынын сауда үйінің әкімшілігі көтеріп отыр.

Қысқасы, бұл жерде отандық өнім өндірушілердің өз өнімдерін саудалауына қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бір айта кетерім, мұнда тек ауыл шаруашылығы өнімдері ғана сатылуы тиіс деген шектеу жоқ. Біреулер жеміс-жидек, көкөніс сатса, енді бірі азық-түлік түрлерін саудалайды, сондай-ақ мұнда киім тігетін, тоқитындар да өз тауарларын әкеліп жүр.

Әрине, өз өнімі болғасын өндіруші оның нарқын өзі қояды. Ал баға қымбат емес, арада алыпсатарлар болмағасын базардағыдан арзан, сол үшін де алушылар ризашылығын білдіруде».

Кәсіпкерлік палатасының өкілі осылай дейді. Айтуынша, жәрмеңкеге аудандардан да өнім өндірушілер қатыса алады. Тек алдын-ала хабарласқан абзал.

Жалпы, бұл өзі бір жақсы бастама екен. Өнім өндірушілер оны қайда өткіземін деп бас қатырмайды, ортадағы алыпсатарларға «жем» болмайды. Баға қолжетімді болғасын тұтынушылар да оған риза. Халықтың көңілінен шығатын, азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алуға септігі тиетін осындай шаралар жалғасын таба бергей дейміз.

Ал Шымкенттің «Нұрсәт» шағынауданындағы бұл сауда нүктесінде ақы төлемей-ақ өз өнімін тиімді түрде сатқысы келетіндер бұған байланысты Кәсіпкерлік палатасы өкілдерімен телефон арқылы хабарласа алады.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ