96 отбасы пәтерлі болды

05.12.2017
Қаралды: 124

1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шымкентте «Астана» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бұл үйден 96 отбасы пәтер алды.

«Астана» тұрғын үй кешені Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтерген. Оның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл тұрғын үй кешенінің «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынғанын атап өтті. Корпорация үйдің құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 200 миллион теңге инвестиция  салыпты. Ал жобаның жалпы құны 2 миллиард 75 миллион теңгені құрайды.

Бұл үйдің құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік құрылыс сервис» серіктестігі жүргізген, жұмысқа 300-ден аса адам қамтылыпты.

«Астана» тұрғын үй кешені тоғыз қабатты 4 дербес ғимараттан тұрады. Кешегі күні оның 2 блогы пайдалануға берілді. Қалғанына тұрғындар алдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде ие болмақ.

Айта кетерлігі, бұл кешендегі пәтерлер бір адам үшін 25 шаршы метр жеке кеңістікті есептеу арқылы салыныпты. Сондай-ақ одан «Өз үйім» атты бағдарлама бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы пәтер сатып алуға да болады екен. Яғни аталған банкке тиесілі алғашқы салымды ендіре отырып, банктен жылдық өсімі 5 – 10 пайыздық несие алу жолымен пәтер иеленуге болады.

...Жалпы, облысымызда биылғы жыл басынан бері 5 мыңнан аса отбасы жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілген. Бұл, әрине, өте қуанарлық жағдай.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ