«Заманаға» арнайы келіп, алғыс айтты

04.12.2017
Қаралды: 181

Екі бүйрегі бірдей істен шығып, тек гемодиализ аппаратының көмегімен ғана өмір сүріп жатқан арыстық Жәмила Байсерікова туралы газетімізде бірнеше мақала жарияланғаны белгілі. 

«Замананың» қызметкерлері ол жайында бейнебаян да түсіріп, әлеуметтік желіге орналастыр­ған болатын. Яғни Жәмиланың басындағы халден жұртшылық құлағдар болған еді.

Содан бері әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адамдар бойжет­кеннің дертінен аман-сау айығуына тілектестігін білдіріп жатты. Көптеген жанашыр азаматтар Жәмилаға қаржылай көмек көр­сетті. Ал құрылыста жұмыс істейтін батысқазақстандық Абзал Әділов деген жігіт оған бір бүйрегін тегін беріп, үлкен сауапты іс жасады. Соның нәтижесінде Жәмила өзіне толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін бірнеше күрделі операциялардан өтті. Бүгінде оның жағдайы оңалып келеді, ол өз күшімен жүріп-тұратын бол­ған.

Бұған әсіресе кейінгі үш жыл бойы қызының тілеуін тілеп, әрдайым  оның жанында болған Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаева аса қуанышты. Ол кісі кешегі сәрсенбі күні «Замананың» редакциясына арнайы келіп, өзінің жүрекжарды алғысын жеткізді.

«Әуелі құдіреті күшті Алла қолдап, сосын сіздердің газеттеріңіздің арқасында, жаны жомарт, қолы ашық азаматтардың көмегімен, білікті дәрігерлердің жәрдемімен қызымның беті бері қарады. Қазір Жәмиланың жағдайы жақсы. Бүгінде Шымкенттегі өзіміз жалдаған пәтерде тұрып жатырмыз, біраз уақыт қалада, дәрігерлердің қадағалауында боламыз.

Бүгін Сіздерге деген алғысымды жеткізу үшін арнайы келіп отырмын. Қиналғанда жанымыздан табылып, жағдайымызды көпшіліктің құлағына жеткізгендеріңіз үшін, қол ұшын созып, жәрдем ұйымдастырғандарыңыз үшін Сіздерге үлкен рахмет!» – деді Жәмиланың анасы толқып тұрып. Ол кісі әсіресе «Замананың» қосымшасы – «Ауырмаңыз!» газетінің редакторы Роза Бекетаеваға аса риза екенін білдірді.

Әрине, бұл үлкен қуаныш біздің де көңілімізді марқайтты. Біз көпшілікті құлағдар еткен болсақ, көпшілік өзінің жылы сөзімен, тілек-дұғаларымен, қаржылай жәрдемімен Жәмиланың аяғынан тұруына жол ашты. Сол үшін біздің де Сіздерге айтар алғысымыз шексіз, ардақты ағайын! Әсіресе Жәмилаға бір бүйрегін берген Абзалдай азамат­қа аса риза екенімізді білдіреміз.

Қолдан келіп тұрса, жақсылық жасағанға не жетсін!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ