«Ордабасы» қойының саны 125 мыңға жетті

04.12.2017
Қаралды: 199

Шымкенттік селекционер-ғалымдардың «Ордабасы» деп аталатын асыл тұқымды қой түрін шығарғанын біз кезінде газе­тімізде хабарлағанбыз. 

Қаладағы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бұл іспен сонау 1993-жылдардан бастап айналысқан болатын. Жаңа тұқым қазақтың қылшық жүнді қойы мен Еділбай және шетелдік Гиссар тұқымдас қошқарларды будандастыру арқылы алынған еді.

Ал бүгінде бұл шаруаның барысы қалай? «Ордабасы» қойының саны қаншаға жетті? Оны қазір қандай шаруашылықтар өсіруде? Қажет еткен адам мұндай қой тұқымын кімдерден сатып алса болады?

Біз бұл жөнінде осы қой тұқымын шығару жұмыстарын бастаған, оның авторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, бүгінде «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерт­теу институты» серіктестігінің бас ғалым-хатшысы қызметін атқарушы Жәнібек Паржановтан сұрадық.

«Жалпы, қойдың бұл тұқымын шығаруға біздің институт ғалымдары мен бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары еңбек сіңірді, – дейді Жәнібек Әнуарбекұлы. – Институтымызға арнайы патент берілген. «Ордабасы» қойының жалпы саны қазір 125 мыңға жетіп отыр. Облысымызда ол «Сералы», «Ортай», «Бек», «Алтыбас», «Сабыр», «Мұқағали» сияқты бірнеше шаруа қожалықтарында бар. Сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Қызыл­орда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының да бірқатар шаруашылықтарында осы қойдың тұқымдары өсірілуде.

«Ордабасы» қойын осы уақытқа дейін талай байқау­ларда көрсеттік, жарнамасын жасадық. Қазір оған сұраныс жақсы. Алушылар шаруашылық басынан барып әкетеді. Бүгінде сатылым аяқталған, дегенмен де хабарласып, сұраушылар аз емес.

2007-жылы Қараөткелде ұйымдастырылған көрмеде Алтын медаль иеленгенбіз. Сол кездің өзінде бізден  «Ордабасы» қойын 100 мың теңгеге сатып алғандар болған. Былтыр Қызылордада өткен көрмеге апардық. Қызығушылар көп болды, қазір де алып жатқандар бар.

Бізге Қырғызстаннан және Ресейден де сұраныстар түскен. Бірақ облысымыз буферлік аймақта болғандықтан әзірге оларға сата алмай отырмыз. Болашақта экспортқа шығару мақсатымыз бар».

Ж.Паржановтан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Қажет еткендер  «Ордабасы» қойын 35 мың – 45 мың теңге аралығында сатып ала алатынын да білдік.

Ал, жалпы, «Ордабасы» қойы етті-майлы тұқымға жатады екен. Қозысының салмағы 4,8-5,5 кило тартады. Әр 100 қойдың ішінен 11 – 12-сі егіз табады. Мал тез жетіледі, ыстық-суыққа, шөлге төзімді. Ересек аналықтарының салмағы 68 – 80 килоға дейін, қошқарларының салмағы 105 – 120 килоға дейін тартады екен.

Міне, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік ша­руашылығы» ғылыми-зерттеу институты мамандарының ізденісі нәтижесінде өмірге келген етті-майлы «Ордабасы» қой тұқымына қатысты осындай жаңалықтар болып жатыр. Әрине, ғалымдарымыздың ізденісі мұнымен шектеліп қалмайтыны белгілі. Осы орайда облыс экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып отырған институт қызметкерлерінің алдағы істеріне де сәттілік тілейміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ