Отағасы асыраса, қай әйелдің үйде отырғысы келмейді?

04.12.2017
Қаралды: 431

Кейде адамның өзгеруіне дүние есігін ашқан сәбидің де ықпалы орасан екен. Ұлды болғанға дейін менің ойым да, пікірім де мүлдем басқаша еді, қазір мүлдем басқамын. 

Құдай сәтін салып, мен өзімнің сүйікті ісімнен нан тауып жеп жүрген бақытты адаммын. Істеген жұмысыңнан ләззат алмай, құр әшейін ақша үшін далбасалап уақыт өткізген де қиын ғой негізі. Ал мен сүйікті ісіммен айналыса алғаным үшін жұмыста өзімді көбірек бақытты сезінетінмін. Үйде ұзағырақ отырып қалсам, ашуланшақ боп кетемін, бітіп болмайтын үйдің күйбің тіршілігінен шаршаймын. Құдай оңдағанда жолдасым да түсінігі мол жан болып жолығып, декреттік демалыста бес-алты айдан артық отырмай жұмысқа шығып кетем, ол үйде бала бағып отырады. Жұрт не десе, о десін, ең бастысы біз бір-бірімізді түсінсек болды деп тіршілік кешіп жат­қанбыз.

Сонымен үш қыздан кейін сағындырып ұл келді шаңырағымызға. Сөйтіп менің бұған дейінгі таным-түсінігіме төңкеріс енгізді сол бала. Маған ғана емес, әкесіне де...

Бір күні жұмыстан келсем күйеуім: «Енді отыңды жағып, күліңді алып өзің отырмасаң болмайды үйде. Мен жұмыс іздеп кетемін», – дейді. Не болғанын сұрасам: «Мен от жағайын деп пешке жақындасам, балам еңбектеп жаныма келіп, ағаш әперіп тұр. Өскенде маған ұқсап үйде «қатын» боп отырғанын қаламаймын баламның. Болды, енді әркім өз ролінде ойнасын!», – деді.

 Ол кезде де күйеуімді өйтіп-бүйтіп айтқаныма көндіріп, жұмысымды жалғастыра бердім. Содан уақыт деген өтіп жатыр, баламыздың жасы бірден асып, апыл-тапыл басып жүрген кезі еді. Жұмыстан келсем дастархандағы кеселерді біртіндеп асүйге қарай тасып жатыр. «Бұлай болмайды деген ой келді сол кезде маған. Әйел – әйел, еркек – еркек болуы керек!»

Жұмысты да, үй шаруасын да қатар алып жүруге болады ғой дейтін болар көп адам. Иә, жұмыстан соң әйелге тән қызметімді атқарамын ғой. Бірақ баланы күні бойы әкесі тамақтандырады, астын құрғатады, ыдысты жуа салады. Мұның бәрін бала санасына сіңіре береді екен.

Сөйтіп баламның нағыз жігіт болып өсуі үшін сүйікті жұмысымнан бас тартып, үйде отыруға бел байладым. Әкесі жұмыс істеп жүр. Нәтижесі қалай боларын алдағы уақыт көрсете жатар. Бірақ  мейірім шуағын төгіп үйде отырған әйелдің балалары тәрбиелі, иманды болып өсетініне кәміл сенемін.

Негізі осылай болуы керек қой. Тек әйелдер замана ағымымен күнкөріс қамымен  көп уақытын жұмыста өткізіп жүрген жоқ па? Күйеуі мол табыс тауып, отбасын асыраса, қай әйелдің үйде отыр­ғысы келмейді дейсіз?

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ