Оңтүстік Оралда не болып жатыр?

04.12.2017
Қаралды: 367

Бүгінде әлемдік ақпарат құралдарында Ресейдің Челябинск облысындағы ядролық қару жасайтын кәсіпорында қандай да бір жарылыс болғаны туралы жарыса жазып жатыр. 

Одан пайда болған радиация бұлты Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның бір­неше облыстарын көктей өтіп, Балтық бойы елдері мен Германияның, Францияның же­ріне дейін жетті деп айтылуда.

Кәсіпорын теріске шығаруда

Бүгінде әлеуметтік желі­лер­де бұл туралы кейбір ресейлік ақпарат көздері де жазып жатыр. Ал негізінен оқиға осыдан  екі айдан аса уақыт бұрын, 25-қыркүйекте орын алған көрінеді, радиация әсері содан бері таралып жатыр деседі.

Алайда аталған кәсіпорын бұл сөздерді жоққа шығарды. Мәлімдеуінше, оларда жыл басынан бері рутенийге қатыс­ты ешқандай да жұмыстар жүргізілмеген, зауыт аймағындағы радиациялық фон шекті рұқсат етілген қалыптан аспаған. Дегенмен бұған жұрт сеніп отырған жоқ.

Осыдан 60 жыл бұрын болған оқиға

Жалпы, Челябинск облысы – Ресейдегі өнеркәсіп ошақтары көп шоғырланған аумақ. Сондықтан да ол мұндағы экологиялық ахуалы өте нашар облыс деп аталады. Бұл облыста қорғаныс өнеркәсібінің өндіріс орындары да аз емес. КСРО кезінде онда ядролық, химиялық қару шығаратын бірнеше «жабық қалалар» болған. Соның бірі – қазіргі Озерск қаласы. Кеңестік кезеңде ол «Челябинск-40» деп құпия атаумен аталған еді.

Осыдан тура 60 жыл бұрын, 1957-жылдың қыркү­йек айында жабық қала – Озерскідегі «Маяк» химиялық комбинатында радиоактивті қалдықтарды сақтайтын реакторда алапат жарылыс бол­ған.

600 тоннаны 25 метрге лақтырған күш

Сол кездегі технология бойынша мұндай қалдықтарды сақтайтын орын жер бетінен 10 – 12 метр тереңдіктегі аумағы 18 – 20 метрді қамтитын шұңқырларға орналастырылатын болған. Түбі мен қабырғаларына қалыңдығы 1 метр болатын темір-бетон құйылады. Оның ішіне орнатылған реактордың қақпағы (1,5 метрлік) үстінен тағы да 1 метр қалыңдықта бетон құйылады, үсті топырақпен, шыммен жабылады. Осының салмағының өзі 600 тоннаға жуықтайды.

Осындай қауіпсіздік шаралары жасалған реакторда сақталған радиациялық қалдықтар өз-өзінен өте жоғары температураларға дейін қызады екен, жарылып кетпес үшін оны сумен үнемі салқындатып отырады. Міне, осындай реакторда 1957-жылғы 29-қыр­күйек күні сағат 16.22-де жарылыс болған. Қуаттылығы сонша, қақпағын үстіндегі батпандаған салмақтағы бетон-топырағымен қоса 25 метр қашыққа ұшырып жіберіпті.

Үш облыстың жерін қамтыған

Бұл жарылыстан ауаға қуаты 25 миллион кюри болатын радиация тараған, құрамында сұйық және қатты аэрозольдер бар түрлі-түсті шаң-тозаң бұлты 2 шақырым биіктікке дейін көтерілген. Солтүстік-батысқа қарай соққан жел оны оншақты сағат ішінде ғана 350 шақырым қашыққа қарай таратқан. Одан отырған зиянды тозаң аумағында 270 мың адам тұрып жатқан 23 мың шаршы шақырым жерді түгел қамтыған.

Сол кездері радиациялық ауа Челябинск, Свердловск (Екатеринбург), Түмен облыстарының  217 елді мекенін қамтыған, осының ішінде аса залалданған 23 елді мекеннің тұрғындары түгелімен басқа жақтарға көшірілген, олардың үйлері, қора-жайлары, мал-мүліктері түгел жойылып, көмілген. Адамдарды жедел көшірудің өзіне екі аптадай уақыт жұмсалыпты.

Кей деректерге қарағанда, қазір де ол аумақтарға адам арнайы рұқсатпен өтеді, себебі радиация қуаты әлі де толық жойылып бітпеген деседі.

«Солтүстік шұғыласы» деп жүріпті

Бұл жарылыс болғаннан кейін ол қамтыған аумақ аспанында «Солтүстік шұғыласына» ұқсас жарқыраған, біресе қызыл, енді бірде қызғылт, көгілдір және басқа түстерге бөленген тозаң бұлты көпке дейін көрініп тұрған. Оқиға туралы жарияланбай, құпия сақталғандықтан жергілікті жұрт оны табиғаттың бір керемет әсем құбылысына – солтүстік шұғыласына балап жүріпті.

Ал ең алғаш рет бұл оқиға жөнінде арада бір-екі жыл өткеннен кейін шетелдік арнайы қызмет өкілдері жаза бастаған. Ал Кеңес Одағы ол туралы алғаш рет 1989-жылы ғана ресми түрде мәлім етті. Тарихқа ол «Кыштым оқиғасы» деген атпен енді. (Кезінде осы аумақты мекендеген башқұрт­тар тілінен аударғанда «Қысы тыныш жер» деген ұғым беретін. 40 мыңдай тұрғыны бар бұл қалашық Озерскіден 11 шақырым қашықта орналасқан).

...Челябинск облысы батысында – Башқұртстанмен, оңтүстік-шығысында Қазақстанмен  шектеседі. Қостанай және Челябинск қалаларының арасы 300 шақырым шамасын құрайды.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ