Иістен уланудан абайлаңыз

04.12.2017
Қаралды: 120

Қыстың бірінші айы да басталды. Бұдан былай үйін көмірмен жылытатындар қатары көбейе бермек. Ал соңғы кездері еліміздің әр аймағында көмір иісінен уланып ауруханаға түсіп жатқандар туралы ақпарат құралдарында жиі жазылып жүр. 

Мұндайда қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамаса иістенудің соңы қайғылы жағдайларға соқ­тыруы мүмкін екенін ұмытпау керек. Сондықтан оқырманға иіс тиюдің алдын алуға арналған бірнеше кеңестерді ұсынуды жөн көрдік.

 Иістен улану – бұл көбіне пештен иіс шыққанда, жанып тұрған газдың бір себеппен өшіп қалған кезінде пайда болады. Көміртегі тотығымен ұзақ уақыт тыныс алған кезде, оталып тұрған есігі жабық автокөліктің ішінде отырғанда да адам уланады. Ондайда адамда көз көруі күрт нашарлап, жүрегі айниды. Құлағы нашар есітеді, онда шуыл пайда болады. Бас айналады, бойды әлсіздік билейді. Адамның ұйқысы келе беретін болады.

 Иістен уланған адамды құтқару үшін ең бірінші оны таза ауаға шығару керек. Тыныс жолдарының ауаны дұрыс өткізуін қамтамасыз ету қажет. Тездетіп «жедел жәрдем» шақыртқанның маңызы зор. Мұндай кезде емдеуді неғұрлым ерте бастаған тиімді. Сонда ғана иістен уланған адамды аман алып қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан әсіресе үйлерінде көмір жағатын тұрғындардың бөлмелерде иістің бар-жоғын тексеріп тұрғандары дұрыс. Сондай-ақ пештің түтін тартуын, газ қысымын мұқият көзден өткізгеннің артықтығы жоқ.

 Пешке көмір салғаннан кейін міндетті түрде бес минутқа желдеткішті ашып, бөлменің ауасын тазартып алу керек. Әсіресе түнгі мезгілде. Көмір тұтанып кеткенше пештің жанынан ұзап кетпей, қарап отырған дұрыс.

 Балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыруға болмайды. Олардың пештің жанында ойнауына, жақындауына жол бермеу керек. Күйіп қалуы мүмкін. Пештің айналасында тез тұтанғыш заттар тұрмауына назар аударыңыз. Кірді тез кепсін деп пештің айналасына жайғанда да сақ болыңыз.

 Ауа райы қолайлы кездерде ерінбестен пештің кені мен түтін жүретін жолдарды, мұржаны тазалап қойыңыз. Себебі қазіргі көмірлер кенді тез бітейді. Ал кені бітелген пеште от дұрыс жанбай, түтіні ішке ұрады.

 От жанып жатқанда пештің аузы мұқият жабыл­ғанына тағы бір рет көз жеткізіңіз. Көмір салғаннан кейін пештің астыңғы есігін тұмшалап жауып тастамаңыз. Олай етсеңіз, көмір бықсып, тұтанбай қалады.

...Міне, үйге от жаққанда осы жайларды әрдайым есте ұстаңыз. Мұны өзгелерге де айта жүргейсіз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ