Бір жарым жылда адал ақшасына үй сатып алды

30.11.2017
Қаралды: 249

Менің туған ауылым – бұрынғы Торғай облысы (қазіргі Қостанай облысы), Жангелдин ауданындағы Көкалат деген жердің  Жартоғай елді мекені. Осыдан  бес-алты жыл бұрын сонда жеке шаруа қожалығын ашқан едім.

Басында қиын болды, мал шаруашылығымен айналысу оңай емес екен. Қаншама қаражат салдым, төрт түлік мал апардым, теxника апардым, мидай далада бос жатқан жерді игеріп қора-қопсы, үй салдым.  Күндердің бір күнінде Астанада жасы отызға келмеген жас жігітпен таныстым. Семейдің жігіті екен, үй жалдап тұратынын айтты. Арманым өзіме баспана алу үшін мал өсіру дейді. Мен ол жігітке ұсыныс айтым. «Торғай деген жерде шаруашылығым бар. Сол елге барып қызмет етесің бе? Еңбек ақыңды жемеймін», – дедім. Әлгі жігіт: «Көрейін, аға. Ойласуға мұрсат бер», – деді.

Қысқасы, елге ертіп барып, шаруашылығымды көрсеттім. Ұнатып: «Барамын, аға. Тек еңбек ақымды жемесеңіз болды», – деді. «Ақыңды жемеймін. Адал қызмет істесең, менімен бірге көгеріп, көктейсің. Ал енді ескертейін, егер өзіңді ақылды, жұртты ақымақ санап, астыртын жұмыс істеп, ұрлықпен айналыссаң, болмаса аң аулап, қылмыс жолымен ақша табамын деп ойласаң, үлкен қателесесің. Онда менен жақсылық күтпе, жолымыз екіге айырылады», – деп қол алыстық.

Сол жігіт бүгін бір жарым жылға жетер-жетпес уақытта өзінің маңдай терімен адал тапқан ақшасына Арқалық қаласынан үш бөлмелі үй сатып алды. Міне, қараңыз, қажырлы еңбектің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр.

Енді оның осы жетістікке қалай жеткенін баяндайын. Ол бір жыл бойы ішпей-жемей, менің келісім бойынша берген ақымды жинады. Тұрған жерінде, яғни менің шаруашылығыма барған бетте: «Аға, мен мына үйді жөндеп алайын, құрылыс материалдарын әпересіз бе?» – деген соң  сұрағанын алып бердім. Риза болып, үйдің ішін тегіс жиһазбен жабдықтап, күн сәулесінен қуат алатын жарық жүргізіп бердім.

Күндердің күнінде: «Аға, монша салсам қайтеді?» – деген соң: «Ондай ниетің болса, сала ғой», – деп моншаның материалдарын әпердім. Сол моншаны бір ай дегенде салып алып, қызығын көріп отыр.

Бір күні: «Аға, өгізбен шөп тасу деген қияметтің қияметі. Ал сізде теxникалар тұр. Сіз одан да қыста 4-5 жұмыскер ұстағанша, трактор­ға жанармай алыңыз, теxникамен істейік», -– деді. Оны құп көрдім. «Аға, мына жақ ауданға да, ауылға да шалғай жатыр екен. Менің кішкентай балаларым мен анам, әйелім, өзім ауырып қалсақ қалай болар екен?» – деген соң: «Ол жағынан саспа, інім. Міне, астыңа жеңіл машина. Бензинің міне, артығымен тұрсын. Теxникалардың бәрін жөндеп қой. Қыстың күнінде қатынау қиын болады», – деп едім, бүкіл теxниканы ызылдатып жөндеп қойды. 

Боламын деген бала, отбасымды асыраймын, еңбек етемін, еңбегімнің жемісін көремін деген адам осындай болуы керек! Өзімнің жақсы көретін сөзімнің бірі – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». «Есектің артын жусаң да мал тап» деген емес пе, еңбек етем деген кісіге, болашақта ақша тауып, отбасымды асыраймын деген кісіге ауылдан да жұмыс табылады. Болмаса маған xабарласыңдаршы, менімен бірге ақша табудың жолдарын қарастырайық.

Міне, бүгінгі қуанышты жаңалығым осы. Ол жігіт қуанып жатқан шығар. Мен одан бетер қуанып отырмын. Әр қазақтың, бар қазақтың жағдайы лайым жақсы болғай!

Иә, Алла-тағала, пендеңнің ісін көріп тұрсың ғой, әрқашанда қолдап жүргейсің, «Аққа Құдай жақ» деген, біздің ісіміз қашан да ақ-адал ғой, пендеңді жарылқап, желеп-жебей гөр! 

Ал енді, айналайын інішегім, қонысың құтты болсын, бақытты бол! Бұл да бір еңбегіңнің еленгені деп білгейсің.

Талғат ӘМІРХАМЗИН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ