Атқа мінгеннің денсаулыққа пайдасы мол

30.11.2017
Қаралды: 404

Шымкентте жұртшылық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келе жат­қан мекемелер аз емес. 

Қаланың атшабарында орналасқан Ұлттық спорт мектебін солардың ішіндегі бірегейі деуге болады. Ол жерде балалар атқа қалай дұрыс отыруды үйренуден бастап, ұлттық спорт түрлеріне машықтанады, сондай-ақ олар республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, қаламыздың атын шығарып та жүр. Бұл жөнінде бізге осы мектептің мұғалімі әрі жаттықтырушысы Шалқар Намазов әңгімелеп берді.

Биыл 52 жастағы Шәкеңнің өзі де осы мектеп түлектерінің бірі екен. Бұл жерге қаладағы №39-мектепте 8-сыныпта оқып жүрген кезінен келе бастапты. Бүгінде ол – спорт шебері.

«Мектепке балаларды 6-сыныптан бастап қабылдаймыз, – дейді Ш.Намазов. – Екі жаттықтырушымыз бар. Олар  – осы мектепке 11 жасынан бастап келіп, кейін республикамыздың бірнеше дүркін чемпионы дәрежесіне жеткен Екатерина Орловская мен биыл университет бітіріп келген Бибі Үмбетова.

Біздегі балалардың жалпы саны 30-дан асады. Оларды үйретуге оншақты сәйгүліктерді пайдаланудамыз.

Негізі биылға «набор» аяқталып қойған, дегенмен талапкерлер болса, қазір де қабылдай аламыз. Себебі 10 – 11-сыныпта оқитын балалардың сабақтан қолдары тие бермейді, олар алдағы ҰБТ-ға дайындалуда, сондықтан келмей қалатын кездері бар.

Алғаш келгендерге атқа отыруды үйретеміз, 12 жасында оны толық меңгереді, сосын балалар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі жарыстарға (теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, кедергілерден өту, көкпар) қатыса алады. Қазір бізде олимпиадалық спорт түрі – конкордан дайындықтар жүріп жатыр. Мектеп басшысы Ғани Ахметбеков ағамыз көмектесіп, аттар әперді, барьерлерді жаңартып істетіп берді».

Ұлттық спорт мектебі тәрбиеленушілерінің қол жеткізіп жатқан көрсеткіштерін де мақтана айтуға болады екен. Мысалы, өткен жылы республикалық жарыста Мәлика деген қызымыз өзінің жастығына қарамай, ересектер арасындағы жарыс жеңімпазы атанған. Биыл Нұрила Тұрысбек чемпион болса, Назерке Қасымбек (суретте) 2-ші және 3-ші орынға қол жеткізіпті.

«Құдай қаласа, 2018-жылы халықаралық жарысқа қатысамыз деген үмітіміз бар», – дейді Ш.Намазов. Яғни бұл мектептің алда талай биіктерден көрінуге мүмкіндігі жетерлік екен.

Шымкенттегі бұл спорт мектебінің кейбір ауру түрінен зардап шегетін адамдарды емдеуде, оңалтуда да атқарып жатқан игі істері бар. Мұнда атпен жүргізіп емдейтін (иппотерапия) бөлімі жұмыс істейді. Оның жұмысын Шалқар Намазовтың өзі жүргізеді екен. Ол бұған қатысты жаттығу жұмыстарының аптасына бір-екі мәрте өткізілетінін айтады.

...Міне, Шымкентте балаларды ұлттық спортқа баулитын, сонымен қатар «ДЦП»-мен ауыратындарға емдік қызмет көрсететін осындай мектеп бар.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ