Көңілі кіршіксіз қария

30.11.2017
Қаралды: 188

Ордабасы ауданының Жусансай ауы­лында Абылайхан Өмірұлы есімді қария тұрады. Жасы – 72-де. Ол кісі – «Замананың» тұрақты оқырманы, қалаға жолы түсе қалса, редакция­мызға міндетті түрде бір соғып кетеді.

Кешегі аптада Абылайхан қария редакциямызға келді. Ілгеріректе дүниеден өткен бір ауылдасы туралы жазыл­ған бір мақала әкеліпті. Оқып көрдік, сосын ол кісіге жазғанының «онша тартыңқырамай тұрғанын» қалай жеткізуді ойластыра бастағанбыз. «Жарамай ма? Ә, онда қайтарып бере сал. Ренжімеймін, айналайын, ренжімеймін», – деді Абылайхан қария өзіне тән аңқылдақ мінезіне салып.

Негізі Абылайхан қарияның өмірі де бір кітапқа татырлық десек болады. Ол жөнінде өзінен естіген-білген­деріміз бар. Қария осыдан бірер жыл бұрын операция жасатып, өтін алдырып тастаған еді. Сол есімізге түсіп, денсаулық жайын сұрадық.

«Ой, одан бері 4 жыл өтіп кетті ғой, – деді ол кісі. – Операциядан кейін бір жылдай қиналғанмын. Қазір өтімнің жоғы есімнен шығып та кеткен, тамақтың қай түрін болса да жей беремін. Еш жерім ауырмайды. Үйде тыныш отыра алмаймын, мал бар, бау-бақша, егін бар дегендей –  ауылдың тірлігі өмірі бітпейді ғой, осының бәріне шама-шарқымша қолқабыс жасаймын, бала-шағаға жәрдем­десемін.

Әттең, «пенсиям» аз, әйтпесе қалаға жиірек келер едім. Бүгінде Шымкент күн сайын дерлік өсіп жатыр ғой, келсем, қаладағы қым-қуыт тіршілікті көріп, көңілім көтеріледі.

Ақша аз болғасын Шымкентке көп келе алмаймын. Сосын ауылдағыларға жалданып, қойдың кезегін өткізіп беретінім бар. Айына 4 мәрте, ақысына 1500 теңгеден береді. Соны жинастырып, қалаға керек-жарақтар алу үшін келемін. Бұл жолы бір өсімтал әрі мал жей алмайтын талдың көшетін әкетіп барамын. Ол «огородтың» сыртын қоршауға тіпті жақсы екен».

Осылай деген қария өзінің Бәйдібек би даңғылындағы «Гипер-хаус» сауда үйінен біздің редакцияға дейін жаяу келгенін де аңқылдай айтып өтті. Бұл аралықтың кем дегенде 6 – 7 шақырым шығатынын іштей есептеп үлгер­дік. «Қырық минуттай уақытта жеттім», – дейді қария.

Яғни ол кісі – үнемі жаяу жүруге дағдыланған жан. Өзі Жусансайға жақын ауылдарға жаяу барып келе береді екен.

...Арада 15 – 20 минуттай өткенде: «Қой, айта берсем, әңгіме көп қой, ойыңды бөліп, жұмыстарыңа «мешать» етпейін. Кейінірек қызықты мақала әкелемін ғой. «Замананың» оқырмандары көбейе берсін!» – деп әңгіменің нүктесін өзі қойған Абылайхан қария бізбен қош айтысып, қақпа сыртына қойып кеткен екі-үш тал көшетін қолтықтаған күйі ұзай берді.

Өмірде Абылайхан Өмірұлы сияқты аңқылдаған ақкөңіл адамдардың болғаны қандай жақсы!

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ