Тойханалардың ақысы арзандаса дейді

29.11.2017
Қаралды: 240

«Замананың» редакциясына Тараз қаласынан хат келді. Авторлары Қа­йыржан Шөкеев және Орынбасар Иманбердиев деп көрсетілген бұл хат иелерінің сөз саптасы бізге бұрыннан таныс десек болады. 

Өйткені онда Тараз қаласының бірнеше тұрғынына, «Замана» газетіне арналған «Иә, Алла...» деп басталатын бата-тілектер бар. Яғни авторлары әртүрлі көрсетілген, бірақ мәтіні бір мұндай хаттар бізге Тараздан жыл сайын келіп тұрады. Хатта кейбір маңызды мәселелер де қозғалады. Біз оларды кезінде газетімізде жариялағанбыз. Ал бұл жолы тараздық тілектестеріміздің «Тойханалардың ақысы неге қымбат?» деген тақырыппен жолданған жазбасын оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

«Біз қаласақ та, қаламасақ та қазақтың өмірін тойсыз елестету мүмкін емес. Кейде «ысырапшылық, бекер мал шашу» деп қаламыз, бәрібір де айналып келгенде отбасының қуанышына ағайын-туыс, құда-жекжат болып жиналып, ортақтастығымызды білдіріп жатамыз. «Ортақтаспаса несі ағайын, жақындығы қайсы?» – деп сынаймыз. Өмір бар жерде қаза бар, дүниеден өткен адамның да жаназасы, жетісі, қырқы, жылы деп марқұмның атын атап ас беріп, құран бағыштаймыз.

Дегенмен қазір бұрынғыдай елден ыдыс-аяқ жинап, аулаға шатыр құрып, дастархан жаятын заман емес. Кәсіпкерлеріміз қалада да, ауылда да көше жағалатып кілең ханның сарайындай тойханалар салып тастаған. Жиын-той өткіземін дегендерге ыдыс-аяғымен, ас мәзірімен, қызметшілерімен есігін айқара ашып, дайын тұр. Бос тұрған біреуін көрмейсің, аптаның қай күні болмасын думандатып жатады.

Ал түс кезінде берілетін ас, құдайы тамақтың жөні бір бөлек. Қазіргі кезде құда күту, сыйлы меймандарға дастархан жаю да сол тойханалардың кіші залдарында өтетін болды.

Мұның бәрін біз неге тізіп отырмыз?

Еңбегіне, кәсібіне, несібесіне қарай адамдар арасында байлар да, орташалар да, сондай-ақ кедейлер де бар. Бірақ тойды осылардың қай-қайсысы болса да жасайды, әруақтарға бағыштап ас береді.

Ал енді тойханалар мәселесіне қайта оралайық. Бүгінде олардың бәрі қымбат. Бірақ қазақта намыс деген бар, «күнде той жасап жатқан жоқпын ғой», «отбасымның қуанышы ғой» деп қалтасына қарамай тыраштанады. Осының салдарынан той жасаған талай қазақ бүгінде қарызға батып қалып жатыр.

Біздің де оқыған-тоқығанымыз, көрген-білгеніміз бар дегендей, бажайлап жүреміз ғой. Нарық заңдылығы «Бәсекелестік бар жерде баға төмендеуі тиіс» дейді. Бүгінде қаптап жатқан тойхана, мейрамхана көп. Енді солар көбейгесін баға төмендеуі керек емес пе? Жоқ, олай болмай тұр, керісінше, оларда ас мәзірінің, тойхананы жалға берудің бағасы күн өткен сайын өршіп барады.

Бұл жалғыз біздің пікіріміз емес. Бала-шағалы, тұрмысы төмен отбасылардың да той жасауы керек қой. Ұл-қызына бір той жасап беру – әр қазақтың арманы. Жағдайы көтеретіндер барын шашып мақтанса, жоқ-жітіктер қарызға батып, қалтасы қағылып жатады.

Ал нарыққа бұйрық жүрмейді, кәсіпкердің еркі өзінде, олардың ішкі ісіне біз түгілі, бүгінде құқық қорғау орындарының, басқа да өкілетті мекемелердің өздері де араласа алмайды. Оны біз жақсы білеміз. Бірақ адамдық жолына келер болсақ, сол кәсіп иелері көпшіліктің тірлігіне келгенде елмен санасса екен деген тілегіміз бар. Өйткені олар халықтың тойы арқылы нәсіп тауып отыр ғой, халықта бар болса, оларда да бар болады.

«Қанағат қарын тойғызады» демекші, кәсіпкер бауырларыма, тойхана ұстап отырған ағайындарға аздап болса да тізгінді тарта ұстағандарың жөн-ау деген тілек айтқымыз келеді.

...Жалпы, тойхана иелері жергілікті бюджетке салықтарын дұрыс төлей ме екен? Өткенде бір асаба Атырауда 300 тойхана, мейрамхана барын айтқан еді, өзіміз санап шықпасақ та біз оның сөзіне сенеміз. Ал сондай тойханалардан бюджетке қанша ақша түсіп жатыр?

Көңілде сұрақ көп, күмән көп. Бұл біздің тойхана ұстап отырғандарға деген өкпеміз емес – өтінішіміз, тапсырмамыз емес – тілегіміз. Көппен санасқанның табысы көл-көсір болады, сауабы одан да зор болады. Осыны естен шығармаса екен  дейміз. Жалпы, тойханалар мен мейрамханалар ақысы төмендесе, нұр үстіне нұр болар еді», – деп жазыпты хат авторлары.

Біздің бұл кісілердің сөзіне қосып-аларымыз жоқ. Одан әркім тиісінше ой түйе жатар.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ