Қарақұрт уы ревматизмге ем бе?

28.11.2017
Қаралды: 903

Өткен жолы мен Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұратын құдағиымның басынан өткен тосын да қызық жай туралы жазған едім. Жылан шағып алған соң инсульттан айығып, жансызданып қалған аяқ-қолы жазылып кеткен құдағиым Балжақан Бұқарбаева (суретте) маған басынан өткен тағы бір қызық жайды баяндап берді.

«Бұл оқиға 1983-ші жылы жазда болған еді. Жаңақорған ауданында Танабай деген тау бар. Соған колхоздың қойларын айдап, жайлауға шығатынбыз. Біздер киіз үйде тұр­дық. Бұл мотордың күшімен су шығарып, жарық та солай берілетін уақытша тұрағымыз. Тау бет­кейіндегі жалғыз үйміз. Қойшылар бір-бірінен алыста тұрады. Себебі қойлар бір-бірімен араласып кетпеу керек.

Мен ол кезде 5-ші балама жүкті едім. Айы-күнім жақындап қалған. Түнде 11-лер шамасы болу керек, жарық өшіп қалған, оң қолымның ішкі жағы мұздай болып кетті. Ұстап қарасам суланғандай көрінді. Сәлден кейін аяқ-қолдарым тырысып, мойным артқа қайырылып қалды. Сөйтсем қарақұрт шағыпты. Ал ол жерде дәрігер жоқ. Айнала болса қап-қараңғы, түн.

Мені қазақы ырым бойынша кілем­ге орап, бір отар қойдың ортасына апарып жатқызды. Өйткені, ырым бойынша, сол қойлардың біреуі келіп, менің қарақұрт шаққан  қолымды иіскесе, маған жеңіл болады екен. Бұл айдалада өмір сүретін қойшылар арасында талай сынақтан өткен тәсіл еді. Бірақ маған ешқандай қой жақындамады. Ал ешкі-лақтар менің үстіме шығып, ойнақтап жүр. Әйткенмен олардан жеңіл­дік болмады. Тек қана қой иіскеу керек. Өйткені қарақұрт қойға жағымды. Мысалы, сол қойлардың біреуі қарақұрт жесе, ол ғана емес, қорадағы басқа қойлар да семіреді.

Бұл ырымнан пайда болмаған соң ертеңіне кілемге оранып жатқан мені мотоциклге салып алып, медпункт фельдшеріне апарды. (Медпункт сол кездері Ленин деген атау­мен аталатын қазіргі Құтты Қожа ауылында). Жағдайымды көрген фельдшер: «Менің қолымнан кел­мейді, ауданға апару керек», – деді.

Ауданға баруға жағдай қайда, молдаға оқыттық. Одан да ешнәрсе болмады. Содан көкнәр ішкізді. Қатты терледім, сәл жеңілдегендей болғанмен, ол уақытша ғана екен. Тер басылған соң дене-басым тырысып, қайтадан қиналдым. Ақыры Жаңа­қорғандағы аудандық ауруханаға бардық. Дәрігерлер дереу маған система салды. Ауруханада қырық күндей жаттым. Система салғанда удың бәрі табанымнан шығады екен. Осылайша табанымның бір қабат терісі түсті. Ауруханадан перзентімді босанып болған соң бір-ақ шықтым. Бірақ бала әлсіз болды.

«Іште бала болған соң аман қал­ғансың. Қарақұрт уы екіге бөлініп, удың жартысын сол бала ұстап тұр­ған. Әйтпесе кетіп қалар едің», – деді маған көпшілік.

Содан жайлауға келген соң бір қарақұрт тауып алдым. Оны ұс­тауға, өлтіруге болмайды деген, сондықтан үлкен  жуалдызбен ортасынан қадап, киіз үйдің босағасына түйреп қойдым. Ойпырмай, жаны сірі екен, сол қадаулы жерінде жыбырлап үш-төрт айға дейін тірі тұрды.

Ал біз үйде жалғыз қарақұрт емес екенін білеміз. Сондықтан тағы қай жерден шығады екен деп іздестірдік. Сөйтсек су ішетін науаның астында қарақұрт деген көп екен. Науаны көтеріп, үстіне су шаштық. Су тигенде олар қимылдамай, тырысып қалады. Осы кезде үстіне бензин құйып, өртеп жібердік. Біз осылай қарақұрттан құтылдық.

Қарақұрттың уынан кейін мен ревматизмнен де толық, құлан-таза жазылып кеттім», – дейді құдағи.

«Естімеген елде көп» деген осы.

Әбдіқадыр СӘПИЕВ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ