Олар «Алтын сапа» байқауына қатысады

27.11.2017
Қаралды: 158

Алдағы желтоқсан айында Астанада жылдағы дәстүр бойынша «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары анықталады. Оларды марапаттау рәсімі  6-желтоқсан күні «ЭКСПО»-ның конгресс-орталығында өтеді. 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтетін бұл іс-шараға еліміз экономикасының түрлі салаларынан 101 компания қатыспақ. Олар «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары бойынша бақ сынайды.

Оңтүстік Қазақстан облысынан бұл байқауға бірнеше кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы өндірістік коопе­ра­тивтері мен шаруа қожалықтары қатысады. Атап айтқанда, олар мыналар:

«Azala Textіle» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі. Шым­кент қаласынан. Бұл кәсіп­орын тоқыма өндірісімен айналысады.

«Бал Текстиль» ЖШС.  Шым­кенттен. «Бал Текстиль» серіктестігі кілем және тоқыма өнімдерін, полипропилен жіп шығарады.

«Planta» ЖШС. Шымкенттен. Бұл кәсіпорын медициналық, «жедел жәрдем» дәрі қобдишаларын, ана мен балаға және автокөліктерге арналған дәрі қобдишаларын жасайды.

«Fhyto Apіpharm» ЖШС.  Шымкенттен. «Фито Апифарм» Өсімдіктекті, жануартекті және минералтекті өнімдер шығарумен айналысады.

Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы. Зауыт қуат трансформаторларын, электр қуаты қолданылатын теміржол көліктерін, шағын трансформатор станцияларын шығарады.

«Үсенов Н» шаруа қожалығы. Отырар ауданынан. Бұл шаруа қожалығы түйе сүтін өндіреді.

«Хамит» шаруа қожалығы. Шардара ауданынан. «Хамит» ШҚ балық өңдеумен және өткізумен айналысады.

...«Алтын сапа» байқауы елімізде 2006-жылдан бері өтіп келеді. Бұл байқау Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған. Үздіктерді марапаттау рәсіміне Елбасының өзі қатысады.

«Алтын сапа» байқауында жүзден жүйрік шыққандар «Өнді­рістік саладағы ең үздік кәсіп­орын», «Халық тұтынатын та­уар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету бағытындағы үздік кәсіпорын», «Шағын кәсіп­керлік нысаны», «Орта кәсіпкерлік нысаны» және «Ірі кәсіпкерлік нысаны» деген сияқты бірнеше аталымдар бойынша марапатталады.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ