Мұқан Егізбаевқа сауал жолдайды

28.11.2017
Қаралды: 382

Редакциямызға бірнеше азаматтың атынан хат келіп түсті. Мәтінінің газетімізде жариялануын қалаған хат иелері оны «ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев мырзаға Ашық хат» деп бастапты. 

Аты-жөндерін, телефон нөмірлерін жазып, өздерінің Ауған соғысының ардагері, соғыс мүгедегі және осы соғыста мерт болған жауынгердің отбасы мүшесі, сондай-ақ Семей полигонында қызмет еткен жан екенін көрсеткен бұл кісілер былай дейді:

«Жас кезімізде біз Отан үшін өмірімізді қауіп-қатерге тігіп, өзі­мізге жүктелген мін­дет­терді орындаған едік. Ауған соғысында 15 мыңдай жауынгер қаза болды, көбіміз соғыстан мүгедек болып қайттық. Сондай-ақ 1986-жылғы Чернобыль апатының зардаптарын жоюға да талай азаматтарымыз барып, біразы қаза тап­қаны, мүгедек болып қалғаны жөнінде де ел біледі. Семей полигонында жасал­ған ядролық жарылыстар кезін­де радиация алғандар, сол жерде әскери қызметін өтеп жүріп радиация әсеріне шалдыққандар бар. Осылардың көзі тірілері жасы ұлғайған шақта түрлі науқастарға ұшырап, денсаулығы сыр беріп, қиналып жүр.

Біз жылда Алматы мен Астанадағы соғыс мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальде емделіп қайтамыз. Келгеннен кейін бізге жол шығынының өтеміне  деп ақша беруші еді, неге екені белгісіз, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы биыл олай етпеді, тиісті құжаттарды да қабылдамай қойды. Неге екенін сұрасақ, ондағы кейбір азаматтар өздерінің ішінде біреудің сотталып кеткенін айтады, біресе облыстық мәслихатты сылтау қылады. Ал бұған біздің қатысымыз қанша?

Сонда жасымыз ұлғайған, денсаулық нашарлаған шақта Отанға керек болмай қалғанымыз ба? Әлде біреулер қолдағы құжаттың «срогы» өтіп кетсін деп уақытты әдейі созып отыр ма? Мұның нақты себебі неде? Осы уақытқа дейін заңды түрде бюджет есебінен төленіп келген ақша биыл неге төленбей жатыр?

Егер де қызметкерлеріңіз сұрағымызға дұрыс жа­уап бергенде бұл хат жазылмас та еді. Енді өзіңіз осы жөнінде анықтап, түсіндіріп, бізге газет бетінде жауап берсеңіз екен.

Арыз иелері: Қуандық Мәмбетов, Бақтыгүл Мәмбетова (соғыста қаза тапқан жауынгердің отбасы), Еркебек Мырзабасов (Семей полигонында бол­ған), Шыныбек Қожамжаров, Омарбек Абатаев, Қылышбек Поштаев (Ауған соғысының 3-топтағы мүгедектері), Есіркеп Батанов, Баймырза Мамытов (Ауған соғысының 2-топтағы мүгедектері),   Қуаныш Аманов, Бақытжан Баятанов (Ауған соғысының арда­герлері)».

...Редакциямызға жолданған хат иелері осылай дейді. Тиісті басшылар бұл азаматтарды толғандырып отырған сұраққа нақ­ты жауап береді деген ойдамыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ