Олар сенбі-жексенбіде соқамен сүйресең де жұмысқа шықпайды

28.11.2017
Қаралды: 329

Егер де Монғолияға жолыңыз түсе қалса... Онда сіз мынадай 5 кеңесті есте ұстаңыз:

1. Монғолияда 29 саяси партия бар. Келер алдын кімнің қандай партияда екенін жақсылап біліп алыңыз. Болмаса, саяси тақырыпта әңгіме айтпай-ақ қойыңыз. Әйтпесе біраз кісілер ренжіп қалулары мүмкін.

2. Монғол тілінде 3000-ға жуық қазақша сөздер бар екен. Мысалы: елші – элч, емші – эмч, сүт – сүү. Сондықтан олармен ептеп түсінісуге болады.

3. Ұлан-Батырда таксилер шақырыммен есептейді. 800 түгрік дегенде оны 7-ге бөліп, секіріп міне жөнелмеңіз. 1 шақырымға 800 түгрік (шамамен 115 теңгедей) шығады. Бұл қаланың кептелісі Мәскеудікімен пара-пар. Көлікке отырсаңыз, ұйықтайтын орынды сайлап алған жөн.

4. Шыңғыс xанның елінде депутаттың деңгейі Президентпен шамалас болғанымен, кей елдердегідей тып-тыныш жұмыс емес. Мысалы, сайлау алдын 20 күн ел аралап, дауыс жинап қаңғып кетеді екен. Бұрындары 45 күн болған. Сосын мандат алдың, мамық креслоға отырмадың. Телефондарын құшақтап жүретін көрінеді. Себебі әр тұрғын арыз-шағымын айтып күні-түні қоңыраулатып жатады. Жауап бермесе, келесі сайлауда дауыс жоқ деген сөз. Бұл енді менің миыма мүлде сыймаған жайт болды. Айтарым, бұл елде Президент лауазымы тек номиналды ғана. Көріп алып, тым таңырқап, қайта-қайта дзюдоист Президентін жарнамалап қоймаңыз.

5. Ең соңғы кеңес: Мұнда келсеңіз, жұмысыңызды сағат 17.00-ге дейін бітіріп алыңыз. Одан кейін өлді-бітті телефон алмайды. Ал сенбі-жексенбіде соқамен сүйресең де ешкім жұмысқа шықпайды екен. Отбасыларымен табиғат аясына шығады, бала-шағасымен болады. Үлгі алатын нәрсе.

Ұмытып барады екенмін. Қарапайым xалық тір­ліктерін сағат 11.00-ден бастайды. Сондықтан таң атпай біреуді мазалап қоймаңыз. Ұнатпайды.

Мұндағы қазақтар  қызды «тұз» дейді. «Үй-іші» дегені – әйелі. Ру сұрағың келсе: «Қай сүйексің?» – деп сұраған дұрысырақ болады.

Осындай қызық ел Монғолия деген!

Олжас БЕРКІНБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ