1000-ға тарта шымкенттік баспаналы болады

28.11.2017
Қаралды: 201

Биылғы жылдың соңғы айы да басталып кетті. Алда – Жаңа жыл. Бұйыртса, оны Шымкенттің 1000-ға тарта тұр­ғыны жаңа баспанада қар­сы алғалы отыр.

Жаңа үйлердің бірқатары қаланың «Нұрсәт» шағынауданынан, сондай-ақ Төлеметов көшесінің бойынан берілмек. «Нұрсәттен» пәтер иелене­тін­дердің барлығы – Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының салымшылары.

Аталған банк бағдарламасы арқылы бұған дейін де пә­тер иеленгендер аз емес. Ал ол үшін банкке салымшы болу ке­рек. Пәтер иелену үшін банк­­ке оның құнының 30 па­йызы мөлшеріне дейін ақша жиясыз. Қалғанын банк несие беру жолымен қаржыландырады. Несие өсімі – 5 пайыз, ол – 6 жылдан 15 жылға дейін беріледі. Осы банк жүйесі арқылы 982 салымшы алдағы Жаңа жылға дейін пәтер ие­ленуі әбден мүмкін екен.

Жалпы, бүгінде Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан үйлер аз емес. Мысалы, қаланың әкімшілік-іскерлік аумағында – 32, «Шымкент-Сити» қалашығында 14 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылдың өткен 10 айында ғана қаламызда пайдалануға берілген тұрғын үй ау­мағы 526 мың шаршы метр­ді құрапты.

Шымкентте тұрғын үй құ­ры­­лысы «Бәйтерек», «Самұ­рық Қазына» Ұлттық компанияларының, жергілікті құрылыс компанияларының, сондай-ақ жеке инвесторлардың есебі­нен де жүргізіліп жатыр.

Ал қаламызда бүгінде үй алу кезегінде 35 мыңдай адам тұрады екен. Олардың бәрін пәтермен қамту үшін әлі де көптеген үйлер салынуы керек, үйлер салынып та жатыр.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ