Уақытша Президент тағайындалды

27.11.2017
Қаралды: 227

Африкадағы Зимбабве мемлекетінде әскери төңкеріс орын алғаны белгілі. Елді 40 жылға жуық уақыттан бері басқарған 93 жастағы Роберт Мугабе «үй қамағына» алынған, ал оның әйелі – Зимбабве Парламентіндегі билік партиясы фракциясының жетекшісі Грейс Мугабе шетелге қашып кеткен болатын.

Кешегі аптада Роберт Мугабе өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Алдында кетуге үзілді-кесілді қарсы болған оны бұған өзі басқаратын «Зимбабвелік Африка ұлттық одағы – Патриоттық майдан» партиясы мәжбүр етті. Партия оны төрағалық қызметінен босатты, өз еркімен кетпесе импичмент (сенімсіздік білдіру) жариялайтынын ескерткесін Мугабе әскерилердің талабымен келісті. Ол өзі мен әйеліне, жеке меншігіне ешкімнің тиіспейтініне кепілдік алды. Көп ұзамай оның басқа елге кетуі мүмкін.

Р.Мугабенің президенттік өкілеттілігі 2018-жылдың тамыз айына дейін еді. Сондықтан Зимбабведегі билік партиясы бұл қызметке таяуда ғана вице-президент лауазымынан Мугабенің өзі босатқан Эммерсон Мгнангагваны таға­йындады. (Бұл елде Президент отставкаға кеткенде немесе басқадай жағдайда Парламенттегі көпшілік орынға ие партия оның орнына кезекті сайлауға дейін уақытша Президент тағайындайды).

Бүгінде 75 жастағы Э.Мгнангагва да кезінде Зимбабвенің тәуелсіздігі жолында күрескен азамат, осыған дейін ел билігінде бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Саясаттанушылар оның Зимбабвенің келесі Президенті болып сайланатынына сенім білдіріп отыр.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ