Қант пен майды аз жеген дұрыс

27.11.2017
Қаралды: 186

Бүгіндері еліміздегі саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының ұйымдастыру-әдістемелік жетекшілігімен Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні аясында іс-шаралар жүргізілуде. Себебі ол – әлемде кеңінен тараған дерттің бірі, науқастарды ерте мүгедектікке шалдықтырады, өмір сапасын  төмендетіп, оның ұзақтығын шектейді.

Қант диабеті – ұйқы безі инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмесе, өндірген инсулинді ағза тиімді қолдана алмаса дамитын созылмалы ауру. Қан құрамындағы қанттың көбеюі инфаркт, инсульт, соқырлық, белсіздік, бүйрек қызметінің бұзылуы сияқты дерттерге шалдықтырады. Ол асқынған кезде, мысалы, аяқты кесуге де апарып соғады.

Қант диабетінің мынадай белгілері бар: зәрдің шамадан тыс бөлінуі, шөлдеу, үнемі аштықты сезіну, салмақ тастау, көз көргіштігінің бұзылуы, шаршау.

Бұл дерт оған бейімділігі бар адам 45 жастан асқасын туындауы мүмкін, сондай-ақ отбасында қант диабетімен ауырған адамдың болуы –тұқымқуашылық та әсер етеді. Дұрыс тамақтанбау, аз қимылды өмір салты, дене салмағының артық болуы да – бұл аурудың туындауына жол ашатын себептер.

Қант диабетін көбінесе ауру асқынғаннан кейін ғана анықтайды, сондықтан оны емдеу қиынға соғады. Одан зардап шегетін адамдарды анықтауға скрининг мүмкіндік береді.

Қант диабетінің дамуын алдын алуға болады. Ол үшін қалыпты дене салмағын сақтау керек, күнделікті кемінде 30 минут дене белсенділігімен айналысқан пайдалы. Қант пен майды тұтынуды азайтқан жөн, есесіне  жеміс пен көкөністерді жиірек пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ темекі мен ішімдіктен аулақ болу керек.

Қант диабеті емделеді, оны бақылауға және асқынуының алдын алуға болады. Ауруды ерте анықтау үшін тексеріліп тұрған жөн, жаман әдеттерден аулақ жүру, саламатты өмір салтын ұстану және қажеттілік туса, дер кезінде ем алу керек. Осындай қарапайым шаралар арқылы қант диабетінің 2-типінің алдын-алуға немесе басталу-ушығу мерзімін ұзартуға болады.

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні аясында бұл ауру мен оның асқынуынан туындайтын мәселелерге жұрттың назарын аудару, халықтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру, қант диабетін ерте анықтау,  халық арасында  профилактикалық шараларды бастау, туындаған мәселелерді шешуге жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың назарын аудару шаралары жүргізілуде. Осы орайда кешегі 16-қарашада Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен және облыстық эндокринологиялық диспансері дәрігерлерінің қатысуымен Шымкентте медициналық профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Іс-шара барысында жалпы 100 адамның глюкоза деңгейі тексерілді. Жұртшылыққа қант диабеті мен оның асқынуынан туындайтын мәселелер жөнінде түсіндіріліп, кеңестер берілді. Тексеру барысында  қандағы қант деңгейі жоғары болған 21 адамға эндокринологиялық диспансерге жолдама берілді.

Бұл іс-шараға 300-ге жуық адам қамтылды. Жұртшылыққа әртүрлі тақырыптарда 1280 дана ақпараттық-танымдық материалдар таратылды, іс-шара өткен Халыққа қызмет көрсету орталығы холына және аялдамаға плакаттар ілінді. Өткізілуі тиіс шаралар жалғасып жатыр.

Захиджан РҮСТЕМОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының үйлестірушісі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ