Кәріз суынан газ өндіретін болды

27.11.2017
Қаралды: 142

Шымкентте «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігінің бастамасымен бір өзгеше қондыр­ғы іске қосылды. Ол қаладағы кәдімгі кәріз суларынан (ақпа су) биологиялық газ өндіретін болады. Таяуда аталған кәсіпорында оның таныстырылымы болып өтті.

Бұл жоба құны – 2 миллиард 200 миллион теңге. Аталған қондырғы ақпа суды өңдеп, одан тәулігіне 300 текше метр метанды газ шығарады. Тек оның жұмысын дұрыс қадағалап, тиісті температураны өз деңгейінде ұстап тұру керек. Алдымен ақпа су тазартылады, сосын одан қалған тұнба белгілі температураға дейін қыздырылып, тиісті құрыл­ғыға қарай жіберіледі. Қалдықтар сонда бығып, іриді, сосын одан бөлінген газ бір жерге жиналады. Осыдан кейін газ өзінің құрамындағы күкірттен ажыратылып, арнайы жинақтағыштарға жіберіледі. Сосын ол қажетті бағытқа (жылыту, жарықпен, газбен қамтамасыз ету) жұмсалады. Яғни осындай жолмен алын­ған биогаз бен жылу кәсіпорынның өз қажеттіліктеріне бағытталады, электр қуаты жалпықалалық желіге жібері­леді.

Ал осы технологиялық процестерден соң қалған заттарды тыңайтқышқа, тіпті кейбір құрылыс материалдарын жасауға да пайдалануға болады екен. Қысқасы, бұл шаруадан ешқандай да қалдық қалмайды.

Мұның сондай-ақ қала экологиясы үшін де маңызы зор. Өйткені кәріз суларының ауаға, топыраққа зиянды заттар бөлетіні белгілі. Кей жағдайда оның тіпті суды ластайтын кездері болады. Әрине, тиісті кәсіпорындар бұған жол бермейді, ондай сулар канализация арқылы арнайы тазартатын ғимараттарға жеткізілетіні белгілі.

Ал, жалпы, Шымкент қаласындағы тазартатын ғимараттарға тәулігіне 100 тоннадан аса кәріз суы барып тү­седі екен.

Қай қалада болмасын ақпа судан биологиялық газ өндіремін деуші талапкерлерге «шикізат» жетеді. Ең бас­тысы, мұндай технология жолға қойылса, ол өндіріс орындарының газға, электр қуатына және жылуға деген сұранысын қанағаттандыра алады. Кейбір шет елдерде тіпті мұндай газбен тұрғын үйлерді қамтамасыз ету мәселесі де қаралып жатыр деседі.

Шымкентте іске қосылған қондырғы – чехиялық. Ол бүкіл Орта Азия бойынша тұңғыш іске қосылған қондыр­ғы болып тұр. Өзі тәулігіне 05 мегаватт электр қуатын өндіре алады екен. Мұндай жолмен алынған газ иісінің табиғи газ иісінен пәлендей айырмашылығы болмайтын көрінеді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ