Созақтан шыққан Қобыланды

29.11.2017
Қаралды: 302

Созақ ауданының перзенті, Алматы қаласындағы Қазақ туризм және спорт академиясының 3-курс студенті Қобыланды Орынбасаров Сеулде өткен гир тасын көтеру спортынан Әлем чемпионы атанды.

Ал оның жаттықтырушысы Мұрат Серікбаев ардагерлер арасындағы жарыста Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Бұл жарыс таяуда Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында болып өтті. Оған әлемнің 33 елінен 600-ге жуық спортшы қатысты.

«73 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қобыланды 32 килолық гир тасын ұзын циклді көтеруден 62 рет бағындырды, – дейді Қобыландының жаттықтырушысы М.Серікбаев. – Жалпы, Қобыланды алғашқыда қазақ күресімен айналысатын. Ауылда өтетін той-жиындарда гир тасын көтеріп жүретінін, күші көп, бірақ техникасы жетіспейтінін сыртынан байқайтынмын. Сосын оны өзіме шәкірт етіп алдым. 2014 – 2015-жылдары гир тасын көтерудің қыр-сырын үйреттім. Аз уақытта үлкен нәтижелер көрсете бастады.

Қобыланды осы спортпен айналысқан бір жылдың ішінде жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы болды, Латвияда өткен Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал 2015-жылы Ақтөбе қаласындағы біріншілікте жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды. Биыл жастар арасына да еркін кіріп, ел біріншілігін ұтты. Жастар арасындағы ұлттық құрамаға мүше болды. Енді Оңтүстік Корея мемлекетінде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы болып отыр».

Негізі М.Серікбаевтың өзі бұл спортпен әскерде келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген кезден бастап айналысқан екен. Қазір үлкен нәтижелер көрсетіп жүр. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде шәкірттері де биіктен көрінуде. Өзі бұл жарыста ардагерлер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол 73 кило салмақ дәрежесінде 24 килолық гирді қоссайыс бойынша 131 рет көтеріпті.

 Е. РАЙЫМҚҰЛОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ