Денсаулыққа әрдайым қамқор бола біліңіз

27.11.2017
Қаралды: 145

1-ші желтоқсан – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына (ЖИТС) қарсы халықаралық күрес күні. Ал біздің облыста бұған қатысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-тің алдын-алу және онымен күресу орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Машировты (суретте) әңгімеге тартқан едік.

– Бүгінде облысымызда бұл қатерлі ауруға ұшырағандар саны қанша?

– АИТВ-инфекциясы бізде алғаш рет 1993-жылы анықталған. Ол жылдары вирус негізінен ине арқылы есірткі қабылдайтындар, тәнін сататындар, жазасын өтеушілер арасынан анықталатын, об­лыс­­та бір жылда тек 5-10  адамнан ғана табылатын.

Ал биылғы жылдың 10 айын­да 394 мың 907 адам АИТВ-ға иммуноферменттік талдау әдісімен тексерілген еді, соның 182-сінде инфекция бары белгілі болды. Инфекциямен тіркеуге алынғандардың 80 пайызы – 15 пен 49 жас арасындағы азаматтар.

– Ең жас тіркелушіге кесел қандай себеппен жұққанын айта аласыз ба?

– Биыл Алматы қаласында туылған нәрестеде АИТВ анықталды. Оның анасы ине арқылы есірткі тұтынады екен, өзі 2008-жылдан бері АИТВ-инфекциясымен есепте тұрады. Ол профилактикалық ем қабылдамаған.

Ал биылғы жылы инфекция жұқтырғандардың ең үл­кені – 67 жастағы облыс тұр­ғыны. Ол ауруды кездейсоқ әйелдерден жыныстық қатынас жолымен жұқтырған.

– Қатерлі инфекция қай аудандарда көп тіркеледі?

– Шымкент қаласында  1993-жылдан бүгінге дейін 1791 адам тіркелген. Оның 109-ы – биыл анықталғандар. Кентау қаласында биыл 10 оқиға, Сарыағаш ауданында – 11, Мақтааралда жаңадан 9 адамда инфекция бары белгілі болды. Аудандар бо­йынша Сарыағаш пен Сайрам, Төлебидегі көрсеткіш кө­бі­рек. Әрқайсысында 166-дан 221 адамға дейін бойында осы инфекция бар адам тір­кел­ген.

– СПИД/ВИЧ ауруына адамдар қалай шалдығады? 

– АИТВ/ЖИТС инфекциясын жұқтырған адамда ауру белгілері тек 10 жылдан кейін ғана байқалады. Оған дейін арнайы тестілеуден өтпесе, басқа ешқандай зертханалық талдаулар мен диагностикалық тексерулерде инфекция байқалмайды. Мысалы, орталық пациенттерінің тек 7 па­йызы ауруды ІV клиникалық сатыда, яғни иммунитеті әбден төмендеп, түрлі сырқаттарға шалдыққанда ғана анықтап жатады. Қалғандары – симптомсыз вирус тасымалдаушылар. 2017-жылы анықталған адамдар ішінде оны жыныстық жолмен жұқтырғандар қа­та­ры 86,8 пайызды құрап отыр.

Соңғы жылдары бізді АИТВ-ның отбасылық ошақтары алаңдатып жүр. Мысалы, ауруханада емделу үшін порталға құжаттар рәсімдеу кезін­де Г. деген азаматшадан АИТВ табылды. Эпидемиологиялық іздестіру барысында оның бойдақ екені, бірақ А. деген азаматпен некеден тыс қатынаста болғаны анықталды. Ол азаматтан жұбайы мен 2 жастағы баласына жұққаны да анықталды. Әйелі жүктілік кезінде вирусқа қарсы 2 рет тексерілген екен, ол кезде анализдер таза болған. Вирус оған жүктіліктің 28-ші аптасынан кейін жұғып, баласына емізу барысында берілген деген қорытынды жасалды. 

Екінші жағдай: 16 жастағы  З. өзінен үлкен Х. атты азаматпен 2 ай көлемінде некеден тыс жыныстық қатынаста болған. Кейін Х. хабарсыз кеткен. Негізінде ол есірткі тұтынушы ретінде сотталып, түрмеге түскенде барып бойында инфекция бары анықталған. Арада 4-5 жыл өткеннен кейін З. басқа бір жігітпен кездесіп, бірін-бірі сүйіп, некелеседі. Келесі жылы жүкті болып, гинекологқа есепке тұрғанда АИТВ анықталады. Міне, АИТВ инфекциясы осындай бейберекет, некеден тыс жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде  де жұғуда.

– Енді бұл қатерлі ауру–дан сақтану шаралары жө­нінде кеңес бере кетсеңіз.

– Инфекция 80 – 85 па­йыз жағдайда кездейсоқ жыныстық қатынас арқылы, 5-10 пайызда анадан балаға жүк­тілік, босану және емізу кезінде жұғады. Сондықтан есі кірген ұл-қызға дұрыс жыныстық тәр­бие беру керек. Олар бейберекет, некеден тыс жыныстық қатынастың қаншалықты қа­уіп­ті екенін интернет, ватсап, кітап немесе көшеден емес, ең алдымен ата-анасынан, ең жақын жандардан естіп-біліп, құлағына құйып өсуі тиіс.

Бүгінде әйелдерді жүктілік бойынша гинекологқа есепке тұрғанда және 28 апта мер­зімде АИТВ-ға тексеру ұйымдастырылған. АИТВ-анықталған жағдайда профилактикалық ем жүргізу, «кесарь тілігі» әдісімен босану және нә­рестені емізбеу нәтижесінде вирусты жұқтырмау мүмкінші­лігіне 95 – 97 пайыз қол жет­кізілді. Мәселен, облыста АИТВ-инфекциясы бар жүкті әйелдерден 487 бала туыл­ған. Профилактикалық ем нә­ти­жесінде 471 балаға вирус жұқпаған. Медициналық мекемелерде қан және медициналық құрал-жабдықтары арқылы жұқтырылуына да тосқа­уыл қойылған. Облыстық қан орталығында қан препараттарының қоры құрылып, ол ау­ру­ханаларға тек толық тексеру жүргізілгеннен кейін ғана босатылады. Стерилизация ор­та­лығында көп рет қол­даны­латын медициналық құ­рал-жабдықтар залалсыздандырылуда.

– Орталық мамандарына кімдер, қандай жағдайда қарала алады?

– Қазақстан азаматтары мен оралмандарға АИТВ-ға тексерілу және кеңес алу тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде тіркелген емханаларда көрсетіледі. АИТВ анықталғандарға орталықтың білікті инфекционист, терапевт, фтизиатр, гинеколог, дерматовенеролог, психолог мамандары қабылдау жүргізеді.

Біздің орталықтың зертханасы заманауи анализаторлармен жабдықталған. Паци­ент­терді емдеуде ретровирус­қа қарсы препараттар қолданылады. Пациенттер амбулаторлық түрде емделеді. Оларды қабылдау, кеңес беру, тексеру, АРВ-препараттарымен қамтамасыз ету де тегін жүргі­зіледі. Көмек мемлекет есе­бінен көрсе­тіледі.

Соңғы жылдары 1-ші желтоқсан – ЖИТС-ке қарсы халықаралық күрес күні қарсаңында арнайы науқан өткізу дәстүрге айналған. Қазақстанда да кешегі 15-қарашада «Денсаулыққа құқық» деген ұранмен осындай науқан бас­талды. Ол барлық азаматтардың, оның ішінде АИТВ-мен (ВИЧ) өмір сүретін және ЖИТС-инфекциясының эпидемиясына шалдыққан адамдардың денсаулығын сақтау жолында өз құқығын түсінді­руге арналған. Науқан 15-желтоқсанға дейін жалғасады. Осы науқан аясында «АИТВ-ға тестілеуден өт!» деген экспресс-тестілеу жүргізілуде. Тес­тілеу тегін, әрі жасырын түрде өткізіледі. Дәрігерлік құпия да қатаң сақталады.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ