Раң ата, Шалданбай мен Ақбикеш әулие...

27.11.2017
Қаралды: 157

Бала кезімде әкем Төлеуіш Қарнақбайұлы: «Қаратаудың теріскей бетіндегі Қарақұрда  дүниеге келгенмін. «Раң ата» деген жерде өстім. Ақсүмбе, Көкшенің құмы, Алтынтау, Мыңжыл­қы, Келіншектау деген жерлер бар. Шіркін, табиғаты тамаша өңір ғой!» – деп отыратын.

Ол кісі 1906-жылы Теріскей аумақта өмірге келген екен. 16 жасында Орынбордағы әскери-дәрігерлік училищеге түсіп, оны үздік бітірген. Елге келгесін қызметке алынған, кейін Түркістан, Арыс қалаларында милиция бастығы болған, Сарыағаш ауданында колхоз төрағасы, аудандық сот төрағасы  қызметтерін атқарған. Өзі әнші әрі ақын болғандықтан ел аралап өнер көрсетіп, жиған 110 мың сом ақшасын соғыс қажеттілік­теріне аударған екен.

...Кейінгі кездері Созақ ауданына барып, аралап қайтуды ниет етіп жүр едім. Биыл жасым 72-ге таянғанда оның сәті келді. «Раң атадан» ары 25 шақырымдай жерде, Қаратау ауылында тұратын Қазақбай Ақжігітұлы Жүмеков деген кәсіпкер ағайын ініміз бір жылқы сойып, Шым­кенттегі, Түркістандағы және сол маңайдағы біраз ағайындарды тамаққа шақырды.

Сол Қаратауға бара жатқанда Жартытөбе, Аққолтық, Шолаққорған, Созақ, Қарақұр деген ауылдарды аралай өтіп, Мыңжылқы, Келін­шектау, Алтынтау деген жерлерді, «Раң ата» ауылын сырттай көріп бардым. Шолаққорғаннан Жетісайдағы үлкен қарындасым Орынкүлдің Қарақұрда тұратын құдасы Қожан Ақылбеков күтіп алды. Үйіне  сол Қарақұрдағы бес-алты ағайындарымызды шақырып, таныстырды. Ішінде Сайлау деген ағамыз болды, «Раң атадан» Нышан Аманов есімді ініміз келді. Кешірек Нышан мені үйіне алып кетті.

«Раң ата» деген – тау қойнауындағы 70 – 80 үйлі ауыл екен. Раң өзені ауылдан шығысқа қарай ағып жатыр. (Мұнда су таудан төмен, шығыс бағытқа қарай ағады).

Нышан мені ауылдың күнбатыс бетіндегі бір биіктеу жерде орналасқан Раң атаның сағанасына (суретте) алып барды. Құран оқыған соң: «Бұл ата ілгері заманда ислам дінін уағыздау үшін басқа елден келген екен. Өте білімді, тақуа, әулие кісі болған. Дүниеден өткесін бір ұстаның түсіне еніп, жатқан қабірінің шамасын айтып: «Бір белгі қойсаң болар еді»,– деп аян берген деседі. Сол ұста тұрғызған сағана көптеген жылдардан кейін құлап, үйінді болып жатушы еді. Оның орнына жаңа сағана тұрғызуға сескендік. Содан ауылымыз болып ортадан қаражат жинап, оны биіктеу етіп силикат кірпішпен қоршап, алдыңғы бетінен  биіктігі төрт жарым метрден асатын күмбезді жаңа сағана тұрғыздық. Зиярат етушілер бұрынғы сағана орнын дуалдан қарап көруіне болады. Сағананы бітірген соң бір мал сойып, құдайы тамақ бердік, әулие атаға құран бағыштадық», – деді Нышан бұл жердің тарихымен қысқаша таныстырып.

Ертеңіне Алтынтауға жа­қынырақ барып, сырттай бақыладық. Бір кә­сіпкер  алтын өндіретін кеніш ашыпты, тауға бө­тен адамдарды кіргізбейді екен. Онда пост тұр. «Жақын маңда «Шалданбай ата» деген әулие бар. Оған өткізбейді мына пост­тан. Шалданбай әу­лие есі ауысқан, елірмеге ұшыраған адамдарға Алладан шипа тілеп, жазылып кетуіне ықпал етеді екен дейді көпшілік. Қол-аяғын байлап әкеліп түнеткен талай сырқат ертеңіне-ақ сауығып, қатарға қосылған дейді білетіндер», – деді Нышан.

Содан кейін Қаратау ауылынан 25 шақырым жердегі Ақсүмбе ауылына бардық. Ауылдың батыс бетіндегі биік шоқының басында тұрған биіктігі 7 метрге жуық, шикі қыштан қалан­ған «Ақбикеш» сағанасына барып құран бағыштадық.

Ал «Раң атаға» жақын шамада болса керек, Аю және Қойайдар есімді екі кісінің сағаналарын көруге уақыт тығыздау болып, бара алмадық. Олар жөнінде Нышанның немере ағасы Момынхан Назаров айтып берді. «Ол екеуі қимас дос болған. Аю дүниеден өткенде Қойайдар досы: «Мені қайтыс болған соң Аюдың қасына жерлеңдер. Тіршіліктегі достығымды өлген соң да жалғастырсам деген ниеттемін», – депті. Содан оны қайтыс болғасын досының қасына жерлеген екен», – деді ол кісі.

...Қысқасы, осы сапарымда әкем жүрген жерлерді аралап, зиярат жасадым. Осындай киелі жерлер де бар екенін кейбір кісілер, жастар біле жүрсін деймін. Сонымен бірге келешекте рухани жаңғыру бағдарламасына сәйкес жоғарыда айтылған әулиелі жерлер де тіркеуге алынып, зиярат етуге барған жандарға жағдай жасалса, жас ұрпаққа өнеге берер ізгілікті іс болары анық.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ,

зейнеткер.

Шымкент қаласы.

Жаңабай Төлеуіштің байланыс  телефоны: 8-701-553-04-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ