Жартылай берілген жылуға толық ақы алынбауын қалайды

27.11.2017
Қаралды: 105

Редакциямызға Шымкенттің Абай ауданына қарасты №4-шағынаудандағы №17 үйдің тұрғындары атынан Амангелді Әдішұлы есімді қария шағымданып келді.

«Газеттеріңіз көпшілік арасына таралады ғой, осы мәселені де жазады деп келіп отырмын. Жанайқайымызды облыс әкімінің құлағына жеткізеді деп үміттенемін», – дейді ол кісі. Ал аталған үй тұрғындарын толғандырып жүрген мәселе – жылу берудегі кейбір келеңсіздіктер екен. Бұл жөнінде ақсақал бізге былай деді:

«Жылда жылу берер алдында «опрессовка» жасаушы еді, бұл жөнінде алдын-ала хабарлайтын. Ал биыл олай етпей, суды бірден жіберді. Негізінен жылу өте төмен температурада берілді. Осыған байланысты жылу беретін орталыққа барып, басшының орынбасары Өтеген деген азаматқа жолығып едім: «Қазір ауа райы жылы ғой, сол себепті жылуды төменгі температурада берудеміз. Бізге жоғары жақтан осындай тапсырма бар», – деді.

Айтайын дегеніміз – жылу жақсы берілмесе де оның ақысын неге толығымен алады? Біз тұратын үйдің тұрғындарының көбі қариялар, ауру-сырқаулар аз емес. Алатын зейнетақымыз тамақ асырауға әзер жетеді.

Биылғы жылы үйдегі ескі су құбырын кескізіп, жаңасымен алмастыр­ған едік. Халық соның ақшасын да толық төлеп біткен жоқ.

Негізі «Қуат» жылу орталығының «Сервис» жылу компаниясымен келер жыл­ға шартқа тұрғанбыз. Олар бізге жылу алғаш беріліп жатқан кезде тегін жәрдем көрсетті, онысына ризамыз.

Жалпы, нақты көрсетілген қызмет ақысын төлеуден ешкім де қашпайды. Біздің өтінішіміз – толыққанды берілмеген жылу үшін ақыны толығымен алмаса екен. Осы жөнінде облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы білсе, мұндай мәселеге қатысты да тиісті тапсырмалар берер деген үміттеміз».

Редакциямызға шағымданып келген қария осылай дейді. Әрине, облыс әкімінің мұндай шаруаларға араласуға қолы тие бермес. Ал тиісті мекеме басшыларының қарттардың өтінішіне құлақ асқаны дұрыс-ау. Қария кісілер еріккеннен шағымданбайды ғой.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ