Қазақпын деп мақтанам

27.11.2017
Қаралды: 434

Саят Әбенов – өлеңдері көпшіліктің көкейінен ойып тұрып орын алып жүрген ақын. Бүгінде оның бірнеше шумақ түгілі, төрт қатар қара өлеңінің өзі көпшілік арасына тез тарап жүр. 

Өйткені ол өмірдің ащы шындығын, екінің бірі айта алмас ақиқатты тереңінен толғауымен және дәл саралауымен ерекшеленеді.  Сондықтан болар, оның «Фейсбук», «Инстаграм», «В контакте» желілеріндегі парақшалары жазылушылар мен оқырмандардың пікіріне толы.

Біз бүгін торғайлық ақын Саят Әбеновтің бірнеше өлеңін «Замана» оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.

        Өлшеулі өмір

Менің үніме құлақ түр, елім,

Бәрі-бәрі де сынақ, білемін.

Өмір жайында ойлана қалсам, 

Ессіз адамдай жылап-күлемін.

       Жүрміз өлместей өмірге келіп,

       Жалғанның жайлы төрін де көріп.

       Басыңа жауған бақыттың қары

       Түседі-ау бір күн көңілден еріп.

Кетер әкең де, анаң да кетер,

Кеткенше саған алаңдап өтер. 

Тірі кезінде құрметте бәрін,

Өкпелегенше заманға бекер.

       Бермес ешкімге тіршілік баға,

       Татымас тағдыр бір шыбыққа да.

       Анау өмірге апаратының –

      Құдайға қылған құлшылық қана.

Шіркін, таусылса әттеңің ғана,

Өлшеулі өмір сәттерін қара.

Жалғаннан жалғыз алатын еншің –

Бір-екі метр ақ кебін ғана.

       Сыналар өмір өтінде күшің, 

       Бай адам мықты секілді ел үшін.

       Жер бетін ешкім жаулай алмайды,

       Жер жаулап алар бетіндегісін.

Жетер Алладан үкім алдағы,

Пенденің өлмеу – бүкіл арманы.

Айтып келмейтін ажал құрғырдан

Қорқыттың өзі құтыла алмады.

       Қалар артыңда жаңғырық, елес,

       Әрбір адамның тағдыры – белес.

       Бәріне мәңгі өмір тілер ем,

       Өмірде бәрі мәңгілік емес!

 

      Қазақ қызы, тыңдашы!

Әкең – қазақ, шешең – қазақ, қарағым,

Қу қытайдың қай жеріне қарадың?

Туғаныңды сатып кету – арсыздық,

Туған жерге тиіп тұрып табаның.

       Арлы болсаң өз арыңды сақтайсың,

       Арсыз болсаң өз арыңнан аттайсың.

       Байлығы ма байлап алған құлқынды,

       Өз еліңнен артық байлық таппайсың.

Айтшы, қалқам, кім санаңды шектеді?

Әпкелерің елін сүйген текті еді.

Сіздер үшін жанын берген Ләззаттар

«Қытайларға ләззат берсін» деп пе еді?

       Ес жиыңдар, бұлдырамай көздерің,

       Жүрегінде жылу бар ма өзгенің?

       Өздеріңді қорғайтын жұрт біз болсақ,

       Ұлтты сақтап қалатын жұрт – өздерің.

Ұлтты сүйсең, жақсы көріп, елеймін,

Ұлтты сатсаң, қылмыскерге теңеймін.

Қысық көздің құшағында кетсеңдер,

«Әкең – Қазақ, шешең – Қазақ» демеймін!

 

Өз ұлтыңды құрметте қолдан келсе

«Жігіттер» көп өздерін дүр санаған,

Әлі жеткен бауырын құр сабаған.

Соны көрсем жүрегім ауырады,

Қу мақтаныш көз алдын тұмшалаған.

Өз ұлтыңды құрметте қолдан келсе,

Ұрсаң – інің ол сенің, ұрсаң – ағаң.

Осы екі қазақтай болсын бәрі,

Бір-біріне жұдырық жұмсамаған!

 

Анаңның бетінен сүй күнде барып

Еркелеп бетінен сүй құшырлана,

Тағдырдың кілтін бізге ұсынды Ана.

Аналар бұл өмірге жаралғандай,

Балаға бақыт сыйлау үшін ғана.

       Шіркін-ай, әр ақылы қандай үлгі,

       Түсінер айтқызбай-ақ жағдайыңды.

       Маңдайың тау мен тасқа тимесін деп,

       Құшақтап, иіскейді маңдайыңды.

Қуаншы сондай жанның барына шын,

Көргенде бар уайымнан арыласың.

Анаңның бетінен сүй күнде барып,

Суретін сүйіп түбі сағынасың!

 

    Рухты, мықты қазақпын!

Орыс емеспін шұбарланған тіліміз,

Араб емеспін Ислам болғанмен дініміз.

Түрік емеспін түркі болғанмен түбіміз,

Қытай емеспін түссе де соған күніміз.

Өзбек емеспін ортақ болғанмен жүгіміз,

Қырғыз емеспін ұқсағанымен  түріміз.

Батыр – бабасы, жатқан даласы кең-байтақ,

Рухты қазақпын, мықты қазақпын, біліңіз!

 

    Айға қарап жүргенде...

Ұлтын сатып кететін ұл көбейді,

Олар үшін бәрібір, кім не дейді.

Жүрек жұтқан бұл күннің батыры да,

Сүйек жұтқан ит құсап үндемейді.

       Үнсіздікпен атуда құр таңымыз,

       Тұсауланып тұр қанша тұлпарымыз...

       Айға қарап жүргенде ағаларым,

       Қайда қарап өседі ұрпағымыз?

 

              Әр қазаққа тілерім

Дүйсенбіде тілейтінім – сәтті болсын қадамың,

Жұмыс күні басталатын ең ғажайып жаңа күн.

Сейсенбіде тілейтінім – көңіліңіз көктесін,

Сол бір күні бар жақсылық сіздің үйге беттесін.

Сәрсенбіде тілейтінім – ол онсыз да сәтті күн,

Қуаныңыз, қуаныштан басылмасын аптығың!

Бейсенбіде тілейтінім – бақ-ырысың көбейсін,

Жұмысыңыз сәл азайып, тынысыңыз кеңейсін!

Жұма күні тілейтінім – аздық етер сірә, бұл,

Мешітке бар жамағатпен, құлшылық қыл, дұға қыл!

Сенбі күні тілейтінім – әрбір адам ойланар,

Шақырса жұрт ойланбастан көңіл көтер, тойға бар.

Жексенбіде тілейтінім – жар болсыншы Жаратқан,

Жақсылықпен өтсін деймін тек осылай әр аптаң!

 

Өз қазағыңды жылатпа!

Қазақ пен қазақ таласып,

Қазақ пен қазақ санасып

Жатқанын көрсем, ауырам!

       Қазаққа қазақ қарасып,

       Қазаққа қазақ жаны ашып

       Жатқанын көрсем, сауығам!

Қазақты қазақ мазақтап,

Қазақты қазақ азаптап

Жатқанын көрсем, қуарам!

       Қазаққа қазақ қол беріп,

       Қазаққа қазақ жол беріп

       Жатқанын көрсем, қуанам!

Қазақты қазақ жылатса,

Қазақты қазақ құлатса,

«Қазақпын ғой» деп ақталам.

       Қазақты қазақ қолдаса,

       Қазақты қазақ қорғаса,

       Қазақпын ғой деп мақтанам!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ