Ғибратты сөздер жазылған көше

27.11.2017
Қаралды: 479

Шымкент қаласының тұрғыны, байырғы ұстаз Аман­күл Исақұлқызы – «Замананың» ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырмандарының бірі. Ол кісі бізге әрдайым тілектес  болып жүреді. 

«Жұртшылыққа берері мол, көпшілікті ізгілікке үндеп жүрген «Замананы» апта са­йын асыға күтемін. Сендерге осындай газет шығарып отырғандарың үшін рахмет!» – деп кездескен сайын көңілімізді бір көтеріп тастайды. Жақсылыққа жаны құмар осы Аманкүл апа таяуда редакциямызға арнайы келді.

«Қаланың «Су ресурстары – Маркетинг» серіктес­тігінің ғимараты тұрған көшеден өтіп едім. Жолдың екі қапталына ұлағатты сөздер жазылған плакаттар орналастырып қойғанын көріп, көңілім өсті. Олардың әрқайсысын сүйсіне оқып шықтым. Бұл сөздерді жазғызып жүрген – осы мекеменің басшысы Анарбек Орман інім болар деп ойлаймын. Өз басым оны аса қадірлеймін. Оның жұртқа үлгі болатын, ой салатын ғибратты бұл ісі жөнінде де «Заманада» жазылса екен», – дейді Аманкүл апа.

Кешегі күні жолымыз түскенде біз Аманкүл апа айт­қан көшені барып көріп, ондағы орналастырылған жазуларды суретке түсіріп алдық. Олар Ғ.Орманов атындағы көшенің Қазыбек би көшесімен қиылысының тұсынан «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігі ғимаратының алдына дейін орналастырылыпты. Ұзын саны 30-дан асады. Әрқайсысында оқыған жұртқа ой салатын тәрбиелік сөздер жазылған екен.

Бұл көшенің өзі де тап-тұйнақтай таза, жинақы. Ғимарат алдындағы жайқала өсіп тұрған жасыл аршалар да көңіліңді көтере түсердей. Аманкүл апаны сүйсіндірген көрініс бізді де бейжай қалдыр­ған жоқ. Қаламызда әрбір мекеме орналасқан көше мен оның кеңсесінің маңы осындай болып жайқалып тұрса ғой деген ойда қалдық.

Осы орайда жақсыны көре білетін, оны насихаттап, көпшілік жұртқа айта жүретін Аманкүл Исақұлқызы апамызға деген өз ризашылығымызды білдіреміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ