Жұрт нанды аяқ асты етпесе екен

20.11.2017
Қаралды: 732

Мен тұрғыластардың жетпіс жылға жуық өмірі Кеңес заманында өтіпті. Басқаны былай қойғанда, біз Ұлы Отан соғысынан кейінгі ашаршылықты да бастан өткеріппіз.

Біз ол кезде мектеп-интернатта жатып оқитын едік. Аспазымыз – жасы 50-ге кеп қалған апай болатын. Күніне екі мезгіл түскі ас пен кешке қара бидайдың ұнынан көже пісіріп береді. Ұнның сапасы солай ма, жоқ әлде апайымыз көжені дұрыстап пісіре алмай ма, сорпасы лай сияқты қоймалжың, қамыры тіске жабысып, шайнауға келмеген соң бар болса, бір-екі түйір етін жеп, сорпасын ішеміз. Сосын кешкілік жексенбі са­йын ауылға барып әкелген жүгері тал­қанын суға шылап жеп жатамыз. Интернаттың беретін бір қасық құмшекері бар. Осыған шыдағанымыз оқыдық та, шыдамағанымыз оқуды тастап, ауылға қайтып кеттік.

Ал 1953-жылы Сталин қайтыс бол­ғаннан кейін арпаның жаншылған түрі, құтысының сыртында Геркулестің суреті бар ботқаны, өмірімізде көрмек түгілі түсімізге кірмеген ақ ұнның, «сенканың» нанын жей бастадық. Бұл кезеңді жұрт: «Пришел Маленков, поели блинков» («Маленков келіп еді, майға қуырылған тоқаш жей бастадық»)   деп қалжыңға айналдырып жібергені белгілі.  Яғни біз тойына бастадық.

1950-жылдардың басынан «Тың және тыңайған жерлерді игеру» деген ұран көтеріліп, Қазақстанның  миллиондаған гектар жеріне түрен түсті. Сөйтіп, тыңды игеру эпопеясы басталып, халық нанға қарық болды. Әлі есімнен кетпейді, 1956-жылы  Қазақстан 1 миллиард пұт астық жинады. «Қазақстанның бұл жиналған астығы дүние жүзі халықтарын үш жыл бойы асырауға жетеді» деп ақпарат құралдары тынымсыз жазып жатты.

1960-жылы Алматының көпшілік тамақтанатын асханаларында нан турал­ған күйінде тұрып, кім-көрінген керегінше, ақша төлемей алып кететін. Әсіресе үнемі ашқұрсақ жүретін студенттер ақшамыз болмаса, асханалардан нан алып, үйде шай ішіп күн көріп жүрдік. Сол жылдары нан дегенің кесек-кесек күйде кез-келген жерде шашылып  жатты. Балалардың жерде жатқан нанды теуіп ойнап жүргенін талай көрдік.

Ақырында «Коммунизмнің бұл жақсылық нышаны» ұзаққа бармады. Нан асханаларда бұрынғыдай емес, сатыла бас­тады. 1963-жылдың күзінде халық адам басына берілуге тиісті екі бөлке нан үшін  түн жарымынан кезекке тұрып алатын күйге жетті. Кейін білгеніміз, миллиард пұт астықтың көбі сақтайтын орын болмаған соң егістіктерге комбайннан кез келген жерге төгіліп, жинап алуға үлгерілмей, жауын мен қар астында шіріп кеткен екен. Үкімет амалсыз сонау алыстағы Канададан астық сатып алуға мәжбүр болыпты.

Міне, осы жайдан кейін халық біраз жылға дейін нанды құрметтеп, үнемдеп жұмсауға дағдыланған болатын. Бірақ бұл да ұзаққа бармады, жетпісінші және сексенінші жылдардың басында аяқ астынан нанның қиқымы түгілі қоқыс ішінен бөлке-бөлке нан көретін болдық. КСРО басқару саясатының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан экономикалық дағдарысқа ұшырап, әл-қуаты бірте-бірте кеміп, құлдырай бастады. Тауар өндіру орындары тоқтады. Елде азық-түлік мәселесі туындады.

1991-жылы КСРО ыдырап, оның құрамындағы елдер өз тәуелсіздігін жария етті де, өзара өндірістік байланыс үзілді. Қазақстан үкіметі халықты ашаршылыққа ұшыратпай, аман алып қалу мақсатында іс-шараларды қолға алып, әйтеуір қам жасап үлгерді. Соның нәтижесінде «Апыр-ай, күніміз не болады, нан үзілмесе екен» деп абдырап қалған халық бірте-бірте есін жинады.

Қазір, Құдайға шүкір, дүкендерде нан түр-түрімен бар. Биыл елде 21 миллион тоннадан артық астық жиналды. Оның 10 миллион тоннадайы экспортқа шығарылмақ. Қалғанының өзі республика хал­қын нанмен толық қамтамасыз ете алады. Енді елімізде нанға деген зәрулік бола қоймас, нан бағасы көтеріле бермес деген үміттеміз. Кейде тоқшылықтың арты «нан тептіге» айналып кетпесе екен деп те қорқасың.

Жасым  сексенге иек артып отырған мен мұны бекерге жазып отырғаным жоқ. Қазір де кей-кейде біреулердің нанды аяқ асты ететінін көріп жүрміз. Сондықтан көзбен көріп, басымнан өткізген жайларым өзгеге сабақ болса деймін. Жұрттың нан қадірін білгені жақсы ғой.

Қуаныш   НҰРМАШҰЛЫ,

зейнеткер.

 

Пікір қалдыру

1000 символ