Суық күнде суға сүңгуден қорықпайды

30.11.2017
Қаралды: 681

Шымкенттің ішінен өтетін Қошқарата өзенінің бойында жазда жұрттың ертелі-кеш көп жүретіні белгілі. 

Адамдар оған аптап ыстықта шомылып, салқындау, таза ауада серуендеу үшін барады. Ал қазір – қара күз, күн біртіндеп суытып келеді. Дегенмен Қошқаратаға бұл кезде де шомылатындар бар. Біз кешегі бейсенбі күні таңғы сағат 7-нің шамасында өзенде шомылып жүрген осындай бір азаматты кезіктірдік. Сосын ол кісіні әңгімеге тарттық.

Сол күні түн суық болған еді, Қошқаратаға барғанымызда ауа температурасы 0 градустан төмендеп тұрды, жылы киіммен жүрген өзімізді таңғы ызғар біраз бүрсеңдеткені рас. Ал бұл азамат болса, сол кезде үстінен буы бұрқырап өзен суына сүңгіп, жүзіп жүрді.

Бұл азаматтың аты-жөні – Қалыбек Бердіқұлов, жасы 58-де екен. Мамандығы – құрылысшы, бірақ 1990-жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Қаратау жақтан тұз өндіріп, тұз өңдеу зауытын сал­ғандардың бірі.

Қалекең үйінің «Ордабасы» алаңына жақын екенін айтады. Сол жерден Қошқарата бастауына жаяу, кейде жүгіріп барып, сондағы тренажерлар қойылған алаңшада жаттығады, суға шомылады. Келіп-кететін жолы бар, шомылып-шынығуы бар – бұған бір-екі сағаттай уақытын арнайды.

«Мұндай іспен 2007-жылдан бері айналысамын, – дейді Қалекең. – Жаз бен күзде ғана емес, қыста, көктемде де келемін. Жалпы, менде денсаулықтан проблема жоқ, профилактика үшін дене шынықтырамын. Адамда қимыл-қозғалыс жеткілікті болуы керек қой. Дене болбырап, қарын шығып кетпегені дұрыс. Сондықтан дене шынықтырудың осы жолын таңдап, қалыптастырдым.

Өзеннің суынан үйге алып қайтамын. Бұлақ суы құбыр суынан таза, өзгеше болады. Мұны балаларым да біледі, көбіне бұлақ суын ішеді.

Ал Қошқаратаның суына шомылған рахат! Қан айналымы, зат алмасуы жақсарады, сергіп, жеңілдеп қаласың.

Мына өзен жағасын реттеп, абаттандырып қойған азаматтарға рахмет, жұртшылық пайдасын көріп жатыр. Тренажер алаңшаларын жасағаны да жақсы болды».

Шымкенттік Қалыбек Бердіқұлов осылай дейді. Айтуынша, таңғы уақытта Қошқаратаға шомылып, дене жаттығуларын жасауға 10 – 15 адам келеді екен. Көбіне жасы 50-ден асқан, одан да үлкен жастағы адамдар келеді.

Жалпы, ағын суға шомылғанның пайдасы көп екені белгілі. Ол адамды сергітіп қана қоймай, ағзаның түрлі ауруларға қарсы иммунитетін көтереді, адамның өзіне деген сенімін арттырады. Тіпті осындай шомылу арқылы түрлі созылмалы дертінен айыққан жандар жөнінде де естіп жатамыз. Әсіресе ол жасы ұлғайған жандар үшін пайдалы. Күн суықта Қошқаратаға шомылуға негізінен үлкен кісілердің көбірек баратыны осыдан болар деп топшыладық.

...Бүгінде Қошқаратада тұп-тұнық, мөлдір су сарқырай ағып жатыр. Біз өзен жағалауынан шашылып жатқан қоқыс көрмедік.

Ендеше осындай таза, жан мен тәнді сергітетін жерге сіздер де барып тұрыңыздар, ағайын!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ