Дулат Исабеков: «Ауызбен орақ оруға шеберміз»

21.11.2017
Қаралды: 578

Өткен бір жолы  қауын пісетін кезде елге соғатын әдетіммен Арысқа, ауылға бардым. Айлы түн еді, сағат шамасы бір жарым, екінің кезі болар, жалғыз өзім келе жаттым. Жан-жағыма қараймын: еш нәрсе өзгере қоймағандай. Сол баяғы дала, сол баяғы жол. Есектің ақырғаны, әтештің шақырғаны – бәрі сол қалпынша.

Бала кезде осы жолмен дәл осылайша келе жататын сәттерім есіме түседі. Сонда ойлаймын: Әй, осы қазір мы­на соқпақпен аяңдай басқан сол өзім бе едім, жоқ әлде басқа адам ба? Баяғы адамдар қайда? Әкем қайда? Әкені де қойшы, о бейшара болса-болмаса соғысқа кетіп мерт болды ғой. Өз жеріне бірде-бір бомба түспесе де айдаладағы бір Сталинградты қорғаймын деп көз жұмды.

Иә, жолда әке елесімен бірге қатар өскен балалардың шулаған үні, мұғалімдеріміздің дауысы құлағыма жеткендей болады. Шынында да осы көшемен келе жататын өзім бе едім, бөгде жан ба еді? Бәлкім адам баласы әрбір он жыл өткен сайын, белгілі мүшел жасқа келген сайын біртіндеп өзгере бастайтын шығар деп қиялдаймын.

Үйге келген соң жатып алып және толғандым. Баяғы аңқылдаған әпкелеріміз жоқ, көңілдегісін тайсалмай айтып салып, шайпау сөйлейтін жеңгелеріміз жоқ. Қазіргінің бәрі «мәдениетті». Шынайы бейнелер қалмай бара жат­қандай. Кейінгі адамдардан образ шықпайтын сияқтанады. Табиғи бітім-болмыстан айырылғандай екенбіз. Ішетін ас, жейтін тамағымыз… қала берді, қияр, қызанға дейін жасанды. Айтатын сөзіміз де жалған секілденеді. Адам да сол жасандылыққа бейімделе түскендей…

Сөйте-сөйте 75-ке де кел­ге­німізді сезбей қалыппыз. Сонда өзі осынша жасқа жет­тім деп қуанамыз ба, жоқ әлде қайғырамыз ба… Мұңаямыз ба… Кім білсін Алла-тағала енді қанша ғұмыр бере­тінін. Амандық болса, көре жатармыз.

Сіздердің келгендеріңіз үшін рахмет!

Жақында Лондонға барып қайттым. Қазір осы залда отырған Әбекең – Қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов кеше телефон соғып құттықтады. Бұл кісілер – біздің шамшырағымыз. Осы ағалардың алдымызда жүргені қуантады. «Бала» деп сөй­лейтіні үшін қуанамын. «Сен айды аспанға шығарып қайтыпсың ғой!» – деген сөзіне бола шаттанамын.

Әрине, шығармаларыңды шетелдіктер оқып жатса, спектакль қойып жатса, әсіресе зал іші лық толып отырса, қатты қуанады екенсің. Ана жылы Сеулге барғанда кәріс көрер­мендердің туындыңа тебіре­ніп, егіліп жылағанын көргенде қалайша толқымассың?! Сол қойылымда ойнаған кәріс актрисасы спектакль біткеннен кейін тіпті жарты сағат жылады. Отыз минут бойы соны жұбатумен жүрдік. Маған: «Мы­нау тура менің өмірім ғой. Сол жағдайды дөп басып қалайша дәл суреттегенсіз?!» – деп өксиді. Міне, осындай сәтте өзіңді бақытты сезінесің. Бізден басқа ешкімде әдебиет бар деп мойындамайтын ағылшын  жұрты Қазақ деген ел бар екенін және оның аса осал еместігін түйсінгеніне сүйі­несің.  Лордтар палатасында әдемі киінген сұлу келіншек алдыңа жетіп келіп, тізерлей отырып тәжім етіп,  мінбеге жетелегенде «шынымен осы менбін бе?» деп мерей­ле­несің.

Ұлыбритания Ұлттық кітап­ханасы деген – мемлекет ішін­дегі «мемлекет». Өйт­кені ағылшын елінде кітапқа деген көз­қа­рас ең жоғары деңгейде. Кітап мәдениеті деген ғажап. Біздегі сияқты  интернет шықты деп кітап оқуды  жиып қойған жоқ. Сондағы «Қазақ жазушысы Дулат Исабековтің екі кітабы мәңгілікке сақталады» деп жазылған ақпарат қуантты.

Бірақ мен соңынан бірта­лай мұңайдым. Сонда Абай қайда, Әуезов қайда… Мына отырған Әбекең қайда… Құр­да­сым Оралхан Бөкей неге жоқ? Ол ешкімнен осал емес еді ғой деген ой келеді.

Сондағы түйгенім – біз ауызбен орақ оруға шебер, бірақ іске келгенде олақ ел екенбіз. Мақтануға бармыз, нақты шаруаға келгенде осал жұрт екенбіз. Басқа мемлекеттер бұл бағыттағы жұмыстарын керемет атқарып жатыр. Ал біз болсақ, өзімізге мүлде қатыссыз бір дүниелерге шашылып, ұятқа қалатын жұрт көрінеміз. Мысалы, есіме түседі, сонда лордтардың бірі­мен тілдесіп отырып айтып қалдым: «Біздің Алматыда Американың баяғы «Битлз» тобына ескерткіш қойылған», – деп. Ол дұрыс естімедім бе дегендей қайталап сұрады.  «Иә», – деп тағы да жауап бердім. «Қалай, олар сонда қазақ әнін шырқаған ба?» – деп сұрайды. «Жоқ».  Лондонда отырған  лорд аң-таң болды. «Битлз» қазақ әнін шыр­қамаса, онда неге ескерткіш қойып жүрсің­дер?» – деп. Қарап отырып қысылдым, бекер айтқан екем деп.

Иә, біз осылай шашылатын жерде шашылмай, төгіле­тін жерде төгілмей, мән бере­тін нәрсеге мән бермей көбірек адасатын халық екенбіз. 

Мысалы, айталық, менің сол Ұлыбританияға барып, қа­зақ өнерін паш етіп келгеніме Мәдениет министрлігі селт еткен жоқ.  Лордтар палатасында қазақ жазушысы сөз сөй­леп,  ағылшын елінің астанасында  апта бойы дүбірлі фес­тиваль өткізіп, үлкен рухани олжамен оралды. Әуезов театры, кәріс театры алысқа са­пар шегіп, мағыналы іс тындырып келді. Бұған селт етіп, халімізді білген біреу болмады!

Жаңа айттым, Ұлыбритания Ұлттық кітапханасында кітабы тұрған қазақтан жал­ғыз мен ғана екенмін. Сонда байқағаным, мына қырғыз аға­йындар бізден  әлдеқашан озып кетіпті! Осындайда елді­гіңді ойлап, аздап жабырқайды екенсің.

Сонда маған келесі жылы да келіңіз дегендер болды. «Жоқ. Қойыңыздар, – дедім. – Сәті түссе, қазақтың басқа да бес-алты жазушысы келуі керек. Кезек солардікі».

Расында да, мәселе тек Исабековте емес. Ел іргесі кеңейіп, халық абыройы арта түсуге тиісті. Бұл жағдайды ыңғайы келгенде Елбасы алдына да көлденең қоямын ба деген үмітім бар.

Айта берсе, сөз көп. Бекер шашылып-төгіле бермесек дейсің. Әйтпесе тағдырымыз күрделі, санымыз аз ғана халықпыз. Демек, мұндай ел сапалық жағынан мықты болғаны жөн емес пе? Жатпай-тұрмай сондай биік мүддеге ұмтылуымыз қажет.

Осында отырған жастарға да сіздердің алдарыңызда биік елдік мүдде бағытында атқаратын міндеттің жауаптылығын құлаққағыс етер едім. Жас буынның руға, жерге бөлі­нушілік сияқты әдеттен мейлін­ше алысырақ болуын қалаймыз. Сөз жоқ, қан тазалығы қажет, жан тазалығы мәселесі одан да кем емес. Ұлтты ұйыс­тыратын, бәріміздің рухымызды біріктіретін Қазақ әдебиеті мен мәдениеті. Осының қадіріне жете алсақ қана іргелі Елге айналатындығымыз анық.

(12 қарашада Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен 75 жылдық мерейтойына арнал­ған мерекелік кештегі  сөзінен ықшамдалып алынды).

qazaqunі.kz

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ