5 балалы әйелге коммуналдық үй кезегіне тұру ұсынылыпты

21.11.2017
Қаралды: 688

«Замананың» 6-қараша күні жарық көрген нөмірінде «37 жасымда 5 баламен үйсіз-күйсіз жүрмін» деген тақырыппен оқырман хатын жариялаған едік. 

Онда сарыағаштық Айша Мақсатқызы есімді әйел өзінің қиын жағдайда жүргенін, жер телімін алу үшін кезекте тұрғанымен кезектің бірнеше жылдан бері жылжымай қойғанын айтып шағымданған болатын.

Біз оны газетімізде жариялап, аудан әкімдігіндегі азаматтардан лажы болса, бұл отбасыға қол ұшын беруін сұрағанбыз. Кешегі аптада аудан әкімдігінен редакциямызға осы мәселеге байланысты жауап келді. Онда былай деп жазылған:

«Замана» газетінің №44 нөмірінде жарияланған Айша Мақсатқызының «37 жасымда 5 баламен үйсіз-күйсіз жүрмін» атты мақаласында көрсетілген мәселелер бойынша Сары­ағаш қаласы әкімі аппаратының тиісті мамандары анықтау жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстар нәтижесінде А.Мақсат­қызы Сарыағаш қаласы әкімдігінде үй салу үшін жер учаскесіне 1736-шы болып кезекте тұрғандығы, сонымен қатар қазіргі таңда жұбайы Тасов Тазабек Таликбекович (ЖСН: 750102303024) Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Ақниет ауылы, Ембердиев көшесі, №1/6 тұрғын үйде тіркелгендігі анықталды.

Қазіргі таңда А.Мақсатқызының Сарыағаш қаласында коммуналдық тұрғын үй  алу үшін өтініші Сарыағаш қаласы әкімі аппаратында тіркелмеген.

Ендігі кезекте А.Мақсатқызымен кездесіп, Сарыағаш қаласы әкімі аппаратының тиісті мамандары Сарыағаш қаласында коммуналдық тұрғын үйге кезекке тұру үшін Сарыағаш ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына (Сарыағаш қаласы, Әйтеке би көшесі, нөмірсіз үй) барып, тиісті құжаттарын тапсыруы қажет екендігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізгендігін хабарлаймыз».

...Газетімізде жарияланған оқырман хатына байланысты  Сарыағаш ауданы әкімдігіндегілер осындай әрекеттер жасағанын хабарлапты. Яғни олар бес балалы ана Айша Мақсат­қызына қалада салынатын коммуналдық тұрғын үйден пәтер алу кезегіне тұруы керектігін түсіндірген көрінеді. Ал шағымданушыны бұл жауап қанағаттандырды ма, жоқ па – бұл жағы әзірге ол кісінің өзіне ғана аян. Ең бастысы, тезірек баспаналы болуды армандап жүрген бұл отбасыға кімнің тарапынан болса да нақты көмек берілсе екен дейміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ