Қураған ағаштан құтылған әжей

21.11.2017
Қаралды: 501

Таяуда Шымкенттің Майлықожа көшесіндегі №64-үйде тұратын Татьяна есімді әжейдің өмірінде маңызды бір оқиға орын алды. Ол кісінің үйінің көше жақ бетіндегі биіктігі 30 метрден асатын қурап қалған теректі қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің адамдары келіп, түбіне дейін қырқып тастады.

100 жылдай жасаған терек

Біз осы оқиғаға балаша қуанып жүр­ген Татьяна әжейді сөзге тартқан едік. «Мұны қырқып тастауды айтып шағымданып жүргенімізге үш жыл болған, – деді ол кісі. – Қатты жел  тұрса, құлап, үйді қирата ма деп қауіп­тенетінбіз. Фен-шуй ілімінде қураған ағаш жағымсыз қуат бөледі деп айтылады екен, соны естіп те мазамыз кетіп жүр еді. Ақыры, міне, оны қырқып тастады, құтылдық әйтеуір».

Бізді диаметрі 100 сантиметрден асатындай бұл ағаштың қанша жыл жасағаны қызықтырды. Осыған қатысты сұрақ қойғанымызда әжей былай деді:

«Мен өзім Шымкенттің тумасымын. Бұрын біз Клоков (қазіргі – Ақпан батыр) көше­сінде тұрғанбыз. Бұл терек біздің бала кезімізден бар. Кемінде 100 жыл жасаған шығар деп ойлаймын.

Мен жоғары оқу орнын бітіргесін қаладағы №27-мектепте мұғалім болғанмын. Тұр­мысқа шыққасын осы үй­де тұрдық. Күйеуім былтыр дүние салды. Осы ағашты кескізу керек деп жүріп өзі бұдан бұ­рын «кетіп» қалды.

Менің жасым қазір 71-де. Бұл терек маған ес білгелі таныс. Енді есептеп көріңіз, кемінде ғасыр жасаған шығар. Теректерді кезінде көшелерге күй талғамайды, жылдам өседі, жақсы көлеңке береді деп еккен ғой.

Бұл терек осыдан үш жыл бұрын сыр бере бастады. Тамырына, өзегіне құрт түсті ме, жоқ әлде қартайып, өмір сүру шегіне жетті ме екен, биыл тіпті де көгермей қалды.

Мұны қырқып тастағандары жақсы болды. Әйтпесе қазір болмаса да қыста құ­лауы мүмкін еді. Адамдарға, үйге қауіп төндіріп тұрған ағаш­ты қырқып тастағанына өз басым қатты қуанып жүр­мін».

Жоюға үш күн уақыт жұмсалды

Жалпы, үйдің жанында, жол жиегінде тұрған мұндай ағашты қырқып тастай салу оңай шаруа емес екен. Мұны біз сол ағашты кесіп, көлікке артып жатқан азаматтардан естідік. Шаруаны атқаруға көптеген адам күші, техника және оған керек-жарақтар жұмсалады.

Жұмысшылар бірнеше бө­лік­ке бөлінген терек діңдерін бес-алтау болып әзер тұрғызып, мықшыңдай домалатып, белінен троспен байлап, жүк көтергіш көлікпен «ЗиЛ»-ге әзер артып жатты. Қысқасы, бұтақтары, қабығы, діңі бар – бұл қураған теректен отын­ға жарайтын қыруар ағаш шықты. Ал оны кесіп, артып әкетуге жұмысшылардың үш күн уақыты шығындалды.

Терек туралы дерек

Жалпы, адамдар мен жануарларды, құстарды, басқадай өсімдіктерді алып қараса­ңыз осылардың ішінде ағаш­тан көп жасайтыны жоқ шығар. Сондықтан терек төңіре­гінде әңгіме қозғалғасын біз бұл ағаш туралы біраз деректер іздестіріп көрдік.

Білгеніміз – әлемде терек­тің 100-ге тарта түрі өседі екен. Шірітетін микроағзалардың, паразиттердің әсеріне ұшырамаса, олардың көбі кемінде 60 – 80 жыл жасайды, 100 жыл, тіпті 150 – 200 жыл өмір сүретіндері де бар.

Теректің шыбығын ылғалы мол жерге шаншып қойсаңыз, ол тез тамырлайды. Жас шы­бық оншақты жылда жайқал­ған ағашқа айналады. Оның белсенді өсуі 40 – 50 жыл бойына тоқтаусыз жүреді, кейін баяулап, тежеледі.

Бұл – жұмсақ ағаш. Ол қиын қырқылады, бірақ оңай жарылады. Тамызыққа жақсы жарайды, дегенмен отынға жаққанда қызуы басқа ағаш­тар­дікінен біршама аз.

Ауа тазартудан алғашқы орында

Есесіне терек қоршаған ортадан көмір қышқыл газын сіңіріп, ауаға оттегін бөлуге келгенде басқа ағаштардың бәрінен де алда тұр. Ол 1 сағатта 40 килоға дейін көмір қышқыл газын өзіне сіңіре алады, ауадан 70 пайызға дейін шаң-тозаң мен түтін-газды өзіне сіңіреді, оны жақсы тазартады, ылғалдандырады. Теректен бөлінентін фитонцидтер ауадағы зиянды микробтарды өлтіреді. Ол ауаға оттегін басқа ағаштардан, тіпті қылқанжапырақты ағаштардан да көп бөледі. Терек мұндай пайдалы жұмысты «жасы ұлғайған» сайын көбі­рек атқарады.

Теректі шаруашылық мақсаттарға да қолданады. Өнер­кәсіпте одан қағаз, фанер шы­ғарады, сіріңке жасайды, оны құрылыс материалы үшін, жи­һаз жасауда да пайдаланады. Оны тіпті ыдыстар жасауға, қайық жасауға, жасанды жібек алуға да пайдаланады екен. Ал жапырағынан күлгін және сары түсті бояулар алынады.

Терек ағашының осындай пайдалы жақтарын үстемелей түсу үшін АҚШ-тың, Канаданың, Еуроодақтың, Қытайдың ғалымдары арнайы тәжіри­белік жұмыстар жүргізген. Олар гендік модификация арқылы теректің зиянды микроағзалар мен паразиттерге қарсылық қуатын арттырған, оның ауадан және топырақтан зиянды заттарды, әсіресе ауыр металдарды сіңіру қасиетін күшейткен.

«Ұрғашысының» зияны көп

Жалпы, теректің қоршаған ортаға толып жатқан пайдасы бар екен. Бірақ зиянды жақтары да жоқ емес. Мысалы, оның жапырақтары өзінен жабысқақ зат бөледі, егер көлігіңіз терек ағашының кө­лең­кесінде ұзақ тұрса, үстіне тамған осындай затты жуып та, қырып та кетіре алмайсыз, өзіне қонған шаң-тозаңмен бірге жабысқақ, қатты кірге айналады.

Ең қиыны – одан бөлінетін торқа (мамық, түбіт сияқты зат). Бірақ ол «ұрғашы» теректе ғана болады. Негізінен терек ұрығын тасымалдайтын бұл заттың адамға зияны бар. Ол көзге, мұрынға кіріп әбір­жітеді, аллергия туындатады, ашық тұрған терезеден үйге, көлікке кіріп мазалайды. Жазда ол жерге төселген мамық сияқты тұтасып жатады, бір шетінен от тисе гу етіп бірден жанады, яғни өрт туындататын қаупі бар.

Сондықтан терек еккенде оның жынысын білген жақсы. Бірақ оны анықтау өте қиын, ол үшін қыс соңында теректің гүлдейтін бүршігін кесіп алып, ішін жарып көру керек. Осыған 10 есе ұлғайтып көрсететін лупамен қарасаңыз, аталық болатын бүршіктен уылдырыққа ұқсас ұсақ түйірлерді, ал аналығынан шашақ жар­ғанға ұқсас түйірлерді көруге болады екен. (Мұны енді ботаникадан хабары бар адамдар білсе керек). Бір қызығы, кей «еркек» теректің кейін өз-өзінен аналық жынысты терекке айналып кететін кезі де болады екен. (Бұл енді Ресей мен басқа да орманы көп елдерге тән құбылыс).

...Терек туралы осындай ерекше деректер бар екен. Ол жөнінде біле жүргеннің де зияны жоқ шығар.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ