7 бала оқитын мектепте 12 адам жұмыс істейді

18.11.2017
Қаралды: 597

Әңгімені әріден бастар болсақ, еліміз тәуелсіздік алғалы бері, яғни 25 жыл ішінде Білім және ғылым министрлігінде 11 басшы ауысыпты. Министр болған сол 11 адамның әрқайсысы өз реформасын тықпалаумен мектептердегі білім саласын астаң-кестең еткені де анық. 

Жоғарыда айтылған 11 министрдің ішінде өз жұмысын мектепте мұғалім болып бастаған Ш.Беркім­баева мен Б.Әйтімова ғана бар.  Сол екеуі ғана кезінде сәл болса да білім реформасын басқалар сияқты «өзімбілермен­дікке» сал­ған жоқ. Басқалары – құрылысшы инженер Көшербаев сияқты төтеннен бола салғандар.

Ал мынау қазіргі министр Ерлан Сағадиев деген сөйлесе бүлдірер таза «әртіс» екен. Тіпті мектепке жаңа барған жас бүлдіршіндердің барлығын вундеркинд деп санай ма, үш тілді қосарлап бір-ақ бергізіп отыр. Үш сағатта үш тіл оқыған бала таза мәңгүрт боларына дәл сол Сағадиев мырзаның ақылы жетпейтіні күйдіреді. 

...Біздің Арыс қаласында да қазіргі «бас мұғалімнен» бұрын бір азамат сол білім саласын басқарған. Өзі ол қызметтен дер кезінде кетіп мектептер аман қалды. Болмаса сол мемлекеттік мектептерді де сатып жіберер ме еді... Мұғалімдік «ставка» жоғарылады сол кезде. Мектеп директорларының орны он мыңдаған долларға бағаланды.

Мектеп директорлары – өзі би, өзі хан. «Бас ұстаз» бір адамды жіберсе, директор өзінің адамын да тықпалайды. Нәтижесінде, мысалы 100 мұғалімдік штатты мектептерде 120 – 125 мұғалім болып шыға келеді.

Сағаттарды бөлісу де күрделі іс. Өзіне тиесілі «18 сағатты» адуынды, болмаса көптен бері қызмет етіп келе жатқан мұғалімдер ғана алады. Қалғаны сол 9 сағаттан бастап, ары кетсе 13 – 15 сағатты қанағат тұтады. Бітті. Ауыз аштырмайды. Турасын айтып келе жатқан мұғалімге директордың «оң қолы» – «завуч»: «Жақын арада аттестация келіп қалады-ау» деген бір ауыз сөзді жай ғана «тастай салады» ортаға. Сонымен әңгіме бітті.

Әрине, білікті жас маман  сол «18»-ге жетпей жүріп жатады сабақ кестесін. Ал ол «сағатқа» айлық аз болғанымен «тексерушілер» болса да көп. Негізінде сол тексеруші­лер мұғалімнің кем-кетік жерін  түсіндіріп кетуі керек емес пе? Жоқ, әлгі кем-кетікке келгенде «қатады» да қалады. Сосын зорға дегенде «жібиді». Бірақ ары қарай түсіндіруге уақыттары жоқ.

Алайда мектепті бизнеске айналдырған сол бастық бірде-бір мектепке барып, жас өрендердің оқуына, білім сапасына көңіл аудармағаны анық. Тіпті қай мектеп қай жерде орналасқанын да білмей кетті десем, өтірік айтпағаным.

Сол «білгіш» бас мұғалімнің артына тастап кеткен «ізі» әлі де сайрап жатқандай. Мысалы, Арыс қаласынан ары кетсе 5-7 шақырымдық жерде бір мектеп бар. («Лесхоз» елді мекенінде). Сол мектепте оқушылар саны 7-ақ баладан тұрады. Әлгі 7 балаға мұғалімдерден басқа қарауылы, еден жуатыны, тағы бас­қасы бар, 12 адам қызмет етеді екен.

Ал енді қолыңызға калькулятор алып есептей беріңіз. Бір жылда сол қызметкерлер кемі 7 миллион теңгедей бюджет қаржысына ортақтасып отырады екен. Ал әлгі 5-7 шақырымға мемлекет есебінен бір машина бөліп, сол машина балаларды мынау тұрған Арыс қаласының кез келген мектебіне апарып қайтар болса, сол тоғыз айға әлгі жүргізуші ары кетсе 1,5 миллион теңгеге «мақұл» дер еді.

Ал қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке жаз кезінде барсаң, бір қолыңмен мұрныңды басып, бір қолыңмен айналаңдағы шыбынды қақпақылдап кіретінің анық. Себебі мектепті айнала екі қабатты үйлер қоршап тұр, олардың ешқайсысында әжетхана жоқ. Канализацияның да ауылы алыс. Барлығы да сол әжетханаларын сырттан қазып алған.

Міне, сол жүздеген әжетханадан шыққан иіс пен сан миллиондаған шыбын-шіркей жас балалардың үстіне небір жаралардың шығуына себеп болары анық. Үш ай каникул­ға шыққан балалар қашан сол қыс түскенге дейін тыр-тыр қасынып, болмаса сықпа майлар жағып жүргені.

Сол аймаққа канализация салып, оның суын алысқа айдауға қала бюджеті жетпесе облыстан сұрауға болады ғой?

Әрине, мұндай жағдайдан қала әкімі де, «бас ұстаз» да хабардар. Бірақ еш әрекет жасамайды. Мүмкін өз балалары ондай жерде оқымаған соң елемей ме екен?

Қысқасы, келешек ұрпақты тәрбиелеп, оқыту Арыс қаласында осындай жағдайлармен ақсап тұрғаны өтірік емес. Айтпағым – рухани жаң­ғыру мектептерден бастау алмаған соң бәрі бекер-ау.

Әуелхан НАЗАРҚАСЫМҰЛЫ.

Арыс қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ