Жолкіреге ақша таппай жүрген бар...

19.11.2017
Қаралды: 803

Өткен аптада кешкісін жұмыстан қайтарда әдеттегідей  №93 бағыттағы автобусқа отырған едім. Шымкенттің бір шетінен екінші шетіне дерлік қатынайтын бұл автобуста адам лық толы екен. Аяқ қояр орын жоқ десем  болады.

Бір кезде автобустың артқы жағынан жол ақысын жиып жүрген кондуктор қыз алдыңғы есік жаққа қарап: «Апай, түспейсіз бе, «Кең бабаға» келдік қой. Сіз бір аялдама деген соң мінгізгенбіз, екі аялдама болса, жол ақысын төлеуіңіз керек!» – деп байбалам салды. Алдыңғы жақтан: «Мен саған «Мегадан» түсемін дедім», – деген әйелдің даусы естілді. Бұл жағдайға мән бермей-ақ қоюыма да болар ма еді, бірақ тура сол күні таңертең және одан бір күн бұрын осыған ұқсас екі оқиғаның куәсі болғаным есіме түсті.

Осыдан бір күн бұрын баламды емханаға апар­ғанмын. Емханаға дейін үш шақырымдай жер. Бірақ оған тура баратын бағыттағы автобус  болмағандықтан амалсыз жаяу жүруге тура келеді. Жолшыбай өз жөнімен кетіп бара жатқан көліктер ала кетсе жақсы, болмаса жаяу-жалпылап, ентігіп, итшілеп жетесің әйтеуір.

Баламды көтеріп алып келе жатыр едім, келесі көшеден жасы шамамен қырықтарға келіп қалған бір жігіт шықты. Танымаса да амандасып, жөн сұрасқан соң жауап бердім. Шамалы жер жүрген соң: «Ыңғайсызданып келе жатырмын, балаңызды мен көтеріп жүрейін. Көмектесейін», – деді. Өзімнің де қарым талып, шаршап келе жатыр едім, қуана келістім. Бірақ балам жатырқап, оған бармай қойды. «Тым болмаса қол сөмкеңізді беріңіз», – деген жігіт сосын сөмкемді ұстап жүрді.

Әңгімемен жол қысқарып, емханаға да келіп қалдық. Қол сөмкемді өзіме беріп жатып: «Қарындас, айып болмаса, 100 теңге бере тұрасың ба жолкіре қылатын. Жолдас баламның әкесі қайтыс болып, соған көңіл айтып, әрі жәрдем берейін деп барып едім, енді қайтарға жолкірем болмай тұр», – дегені. Қапелімде не айтарымды білмей қалдым. Бағанадан бері жалпылдап жөн сұрасып, баламды көтерісіп көмектеспек болуының мәнісі осы екен ғой деп ойлап та үлгердім. Жоқ дей алмай, сұраған ақшасын беріп, әрқайсысымыз өз жөнімізбен кеттік. Бірақ маған тепсе темір үзетін жігіттің көшеде көрген танымайтын бір әйелден жолкіреге деп ақша сұрағаны ыңғайсыз көрінді.

Ал сол күннің ертесіне таңертең жұмысқа бара жатқанымда кондуктордың біреуге қайта-қайта шүйлігіп. жол ақысын сұрап жатқанын естідім. Кімге айтып жатыр екен деп бұрылып қарағанымда егде жастағы бір әйелдің: «Балам, ақшам болмай тұр еді...» – деп айыпты адамдай жүзін төмен салып тұрғанын көрдім.

Бас-аяғы екі күн ішінде өзім куә болған осы үш оқиғаға қарап тұрып алқымнан алған мына қымбатшылық онсызда қалтасы тесік қарапайым халыққа жұдырық болып тиіп жатыр-ау деген ойға қалдым. Әйтпесе, тиын-тебенге бола дені сау адам бұлайша бетінің суын бес төкпейді ғой.

Бұл заман не болып бара жатыр? Сіз қалай ойлайсыз?

Г. ҚАРАТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ