Инсульт алған туысын аяғынан тұрғызыпты

19.11.2017
Қаралды: 639

Бүгінде ел ішінде емші көп. Бірі өзін-өзі жарнамалап, алдына адам шақырса, енді бірінің атын оның шапағатын көрген жандар ауыздан-ауызға таратып жатады. 

Сондай-ақ науқас адамға шипасын тигізсе де бұл туралы жар салмай-ақ, өз тірлігімен тыныш қана айналысып жүргендер де жоқ емес сияқты. Біздің бұлай деуімізге Ордабасы ауданының Темірлан ауылында тұратын Дүйсенкүл Қожамжарова (суретте) туралы естігеніміз себеп болып отыр. Төкен деген құдасы ол кісінің инсульт алып жатып қалған өз күйеу баласын аяғынан тұрғызғаны туралы айтып еді. Сосын телефон нөмірін алып Д.Қожамжароваға хабарласып, оған өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

– Сізді инсульттен денесі салданып, сөйлей алмай қалған күйеу баласын емдеп орнынан тұрғызды дей­ді, осы рас па?

– Ол рас. Күйеу балама миында ісік бар деп Алматыда операция жасатқан еді. Кейін ол инсульт алып, денесі салданып қалды. Қарға адым жер жүре алмайтын, дәретке де тұра алмайтын жағдайға ұшырап еді. Тілі күрмеліп, сөйлеу­ге келмейтін.

Негізі мен сіңліме әу баста күйеу баланы өзім емдеп көрейін деп айтқанмын. Бірақ олар маған сенбеді. Сосын операция жасатты, әркімге емделіп, қыруар ақшаға шығынданды.

Күйеу баланың ауыр жағдайы жаныма батқасын оны өзім емдеп көруге тәуекел еткенмін. Басқаға бергенін маған қимай ма, сіңлімді де аяған жоқпын, одан науқасқа жасаған емімнің ақысын то­лық алдым. Есесіне күйеуі қазір сөйлей алатын болды,  өз аяғымен қозғалып жүр.

– Сонда сіз мұндай дерт­ті қалай, немен емдейсіз?

– Шипалы шөптерді қолданамын. Дұрыс тамақтануын қадағалаймын. Ең бастысы – ағзасын тазартамын. Өйткені аурудың көбі ағзаның ластанып, улануынан келеді.

Дұрыс күтінбесе, ми да тозады, тамырлар арасында «тромб» пайда болады. Инсульттің туындауына бір себеп – осы. Ағзасын тазарт­қанда қан сұйы­­лады, тамыр да тазарады.

– Мамандығыңыздың меди­цинаға қатысы бар сияқты...

– Мен гидротехникпін, бірақ мамандығым бойынша көп істемегенмін. Қаладағы ескі автобекетте жиырма жыл кассир болғанмын. Сол кез­дері де адам емдейтінмін, бірақ ақы алмайтын едім.

Медициналық мамандығым болмаса да адам ағзасы­на қатысты білетінім аз емес. Өзімнің кенже сіңлім медициналық университет бітірген, қазір дәрігер болып істейді. Кей кезде менен кеңес алатыны бар. «Бізге медицинаны адам оқытты, ал сізге бі­лім­ді Алла берген», – деп айтып отырады.

– Науқасты емдік шөп­тер­мен емдеймін дедіңіз. Оларды қайдан аласыз? Өзіңіз жинайсыз ба?

– Жоқ. Шымкентте ұзақ жылдардан бері шипалы шөп дәрі сататын бір орыс әже бар, содан аламын. Ал оған өзінің адамдары даладан, тау­дан теріп әкеліп береді екен.

– Күйеу балаңыздың емнен кейін аяқтан тұруы кез­дейсоқтық болуы да мүм­кін емес пе? Ондай дерт­ті емдей алатыныңызға анық көзіңіз жете ме?

– Өзіме сенімдімін. Мен мұндай емді бірден бастаған жоқпын ғой. Адам емдеп жүргеніме қырық жылдай уақыт болды. Бұрын тегін емдейтінмін, 1990-жылдардан бері ақыға емдейтін болдым. Осыған дейін талай адамды түрлі аурулардан емдеп жазғанмын.

– Нақты мысалдар келті­ріңізші.

– Қазір қаланың 11-ша­ғын­ауданында тұратын 45 жас­тағы бір әйелді емдеп жаз­ғанмын. Бала кезінен оң қо­лы­ның кемшілігі бар, яғни сау­сақтары бүрісіп қалған жан. Сонысынан қымсынып, жұрт­пен жақсы араласа да алмаған, кейін жасы өзінен әлдеқайда үлкен адамға тиген екен. Менің емімді алғаннан кейін саусақтары сауығып, икемге келді. «Сізге жас кезім­де кездескенде ғой, соншалықты қорланбас едім. Өмі­рім де басқаша қалыптасар ма еді...» – деп жылағаны есімнен кетпейді.

1999-жылы осы Шымкентте Асан Теміров деген профессор маған қан ауруы ас­қынып, қатты қиналған жігітті өзі әкеліп көрсеткен, мен оны ағзасын тазарту арқылы ауруынан бір жарым айда айықтырдым.

– Тағы қандай дерттерден арылта аласыз?

– Түрлі дәрежедегі қатерлі ісіктерден құтқара аламын. Мысалы, дертті әйелдерді мас­титтен, миомадан арылт­қан кездерім бар. Мастит кезінде омырауды кесіп тастамау керек, ішкі жақты емдеп, қабынуды жойған жөн. Ал жатыр миомасы кезінде қолданылған шөп дәрілердің көмегімен ондағы ісік іріп, өздігінен ажырап түсіп қалады.

Жалпы, мені бүгінде осындай ісік ауруына ұшырайтындардың көптігі алаңдатады. Қазір ауруханаға барсаңыз, обырдың түр-түрінен зардап шегіп жүрген қариялар түгілі, жастар да көп. Сондайларға жәрдем көрсеткім келеді.

Менің айтарым, обыр деген – жұрт­шылықтың зәре-құты қалмай қор­қатындай жазылмайтын ауру емес. Мен одан ағзаны сұйықпен, шөп дәрілермен тазарту, арнайы диетамен қолдау ар­қылы құтқара аламын.

– Ал емшілік жолға қа­лай түскен едіңіз?

– Менің анам марқұм көп ауырып, ақырында 55 жасында обыр кеселінен көз жұмған еді. Апарып көрсетпеген жері­міз жоқ, бірақ одан ешқандай нәтиже шықпады. Сонда біздің медицина осынша қау­қарсыз ба еді деп қатты қапаланған едім. Кейін өзім көп іздендім, медициналық, ем­шілік кітаптарды оқы­дым. Сосын оқыған-тоқыған, ойға түй­гендерімді адам емдеуге қол­да­нып көрдім, нәтижелері жаман болған жоқ. Қазір өзімді емшімін деп ұялмай айта аламын.

– Науқастарға қандай жағдай жасайсыз? Оларды өз үйіңізде қабылдап, ем қолданасыз ба?

– Осы жағы қиындау. Өйт­кені менің үйім шағын, «условия» жақсы емес. Сондықтан кейде науқасқа қарайтын пәтер жалдайтыным да бар.

– Диагнозды өзіңіз қоя­сыз ба?

– Жоқ. Маған белгілі диагнозбен келеді. Көбісі обыр диагнозымен. Әбден қаралып, емделіп, оңды нәтиже көрмегендер келеді.

– Құпия болмаса, қызмет ақыңыз жөнінде айтсаңыз.

– Қызмет ақысы – кесімді. Бірден 50 – 60 мың теңге аламын. Қалай болғанда да ал­ған соманың жартысы нау­қастың өзіне жұмсалады.

...Темірландық Дүйсенкүл Қожамжарова осылай дейді. Біздің бұл жерде оған жарнама жасау ойымыз жоқ. Тек дертті жандарға пайдасы тиіп жатса, жұрттың біле жүргені артықтық етпес деген оймен оның байланыс телефонын жариялап отырмыз. Ол кісіге көріну жағы – бұл, әрине, әркімнің өз құзырындағы шаруа екенін естеріңізге саламыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

Дүйсенкүл Қожамжарованың байланыс  телефоны: 8-778-474-07-35.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ