Шылым шегуді шектеуге шақырамыз

20.11.2017
Қаралды: 459

Елімізде 2016 – 2019-жылдарға арнал­ған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, «Инфекциялық және инфекциялық емес ауруларды профилактикалау және алдын-алу бойынша әлеуметтік жұмылдырудың кейбір мәселелері туралы» №825 бұйрық, 

«Қоғамдық денсаулықты сақтау қызметін құру және сектораралық өзара іс-қимылды дамыту» 2017 – 2019-жылдарға арналған Жол картасы іске асырылып жатқаны белгілі. Бүгінде осы шаралар шеңберінде Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының ұйымдастыру-әдістемелік жетекші­лігімен  Дүниежүзілік темекімен күрес күніне (19-қараша) орайластырыл­ған онкүндік өткізілуде.

  Жалпы, шылым шегудің салдарынан өлім-жітім, созылмалы және жүрек-қан тамырлары ауруы, созылмалы бронхит, эмфизема, демікпе мен түрлі онкологиялық аурулар, оның ішінде өкпе обыры көбейетіні белгілі. Ол қант диабетіне, ревматоидтық артритке және катарактаға соқтырады, сонымен қатар бала көтеруге, жалпы физикалық жағдайға және ағзаның барлық мүшелері мен жүйелерінің қызметіне кері әсер етеді.

Аталған онкүндіктің аясында жасөс­пірімдерді, жастарды, ата-аналарды, педагогтарды, барлық меншік түріндегі жұмыс берушілерді шылымқорлықпен байланысты қауіп-қатерге назар аударуға және темекі тұтынудың көлемін азайтуға шақырамыз. Өйткені темекіден бас тарту денсаулыққа пайдалы. Соның арқасында жүректің жиырылу жиілігі азайып, артериялық қан қысымы мен қандағы иіс газының деңгейі қалыпты деңгейге дейін төмендейді. Қан айналымы жақсарып, өкпенің қызметі күшейеді, жөтел мен ентігу азаяды. Адам ишемиялық жүрек ауруының, инсульттің, өкпе обырының қаупінен құтылады. Сондай-ақ ауыз қуысы, тамақ, өңеш, қуық, жатыр мойыны және ұйқы безі обырларының даму қаупі төмендейді.

Темекіге қарсы күреске жеке адамдар да өздерінің үлесін қоса алады. Әрбір адам темекі өнімдерін ешқашан тұтынбауды міндетіне алса болады. Темекіге жұмсалмаған ақшаны басқа қажеттіліктерге, мысалы, дұрыс тамақтануға, денсаулықты сақтау мен білім алуға бағыттай алады.

Захиджан РУЗМЕТОВ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық саламатты

өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ