Біреуді қаралау, біреуді алалау, біреуді жаралау...

21.11.2017
Қаралды: 832

Ішкі саясат дегеніміз осы ма?

«Рател» атты ақпараттық-сараптамалық порталда жарық көрген мақала мен ондағы келтірілген фактілер Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат саласында кезекті бір даулы оқиғаның бұрқ ете түскенінен хабар бергендей. («Акимат ЮКО платил за троллинг Габидуллы Абдрахимова?») Мақалада айтылған жайларды оқыған кезде әлдекімдер ұйымдастырып жүрген әлдебір лас ойындардың жағымсыз иісі мүңк ете түскендей болды.

Негізі, облыстық әкімдік тарапынан қаланың кеткен әкіміне қарсы астыртын құйтырқы ойындар ұйымдастырылды ма? Мұның өзі үлкен сұрақ. Ал егер ұйымдастырылған болса, оның басында кім тұр? Яғни лас ойынның бас дирижері кім? «Ол адам – облыс әкімінің өзі ғой» деп айтуға ауыз  бармайды. Ол кісіні әзірге ондай сипаттағы адамға қиғымыз жоқ.

Ал сонда кім? Бұл сұраққа жауап табу үшін, әрине, сатылап төмен түсуге тура келеді. Күмән кімге келіп тірелетінін іштей сезіп те отырған боларсыз...

Соңғы кездері облыстық ішкі саясат саласындағы келеңсіз көріністер, жайсыз оқиғалар барған сайын үдеп бара жатқанын жұрттың бәрі де біліп отыр. Басқасын айтпағанда, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының пара алды деген айыппен қамауға алынуының өзі біраз адамның аяғын аспанға кел­ті­ретін-ақ жағдай. Бірақ бізде бұған орай ешкімнің де қылшығы қисайған жоқ.

Облыстық басқарма бастығы пара алды ма, алса – неге алды, оған ал деп кім айтты, ол алған парасын кіммен бөліспек болды? – деген сияқты сұрақтарға келешекте жауап табылып та қалар. Ал жауап табылмаса, оны іздейтін боламыз, әрине!

Ішкі саясат дегеннің өзі бүгінде қандай дәрежеге түсіп кетті? Бұл мәселе де жеке талдауды қажет етеді. Біздің облыстағы кейбіреулер ішкі саясат деп – біреуге біреуді қағыстыруды, біреумен біреуді шағыстыруды, сөйтіп біреуді қаралауды, біреуді алалауды, енді біреуді жаралауды, яғни лас тірлікпен айналысуды – түсінетін сияқты. Солайша отты көсеп қойып отыра береді. Және оны ешкім білмей қалды деп ойлайды. Осы да ішкі саясат па? Ол ішкі саясат емес.

Шын мәніндегі ішкі саясатты, яғни идеологиялық жұмыстарды жүргізу үшін жыл сайын бюджеттен жүздеген миллион теңге ақша бөлінеді. Бірақ, өкінішке орай, ол ақшалар өте құпия түрде бөлініп, кейде күмәнді жағдайлар бойынша жұмсалып жатады. Соның бір мысалы ретінде «Рателде» жарияланған  мақаладағы деректерді айтса болады.

Сондай-ақ бұдан басқа да мың түрлі мысалдар бар. Айталық, қазір қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер ашып, тіркетіп алудан оңай нәрсе жоқ. Аттандап, ұрандап шыққан базбір қоғам белсенділері қазір оны оңай олжа табудың көзіне айналдырып алғаны да құпия емес.

Мысалы, жастарға патриоттық тәрбие беру ісімен айналысамын дейсің де қазынаның миллиондаған ақшасын аласың. Сосын бес адамның басын қосып, жиналыс жасаған боласың да тиісті құжат толтырып, мемлекеттік тапсырысты орындаған болып шыға келесің... Ақшаны, әрине, бір кісілермен бөлісіп аласың.

Тағы бір мысал. Есірткіге қарсы іс-шара өткізу жөнінде «гос.заказ» аласың да, шотыңа қыруар ақша аудартасың. Сосын түрлі-түсті принтерден 10 дана плакат шығарасың да, оны құжаттарымен бірге тігіп, заңдастырасың. Ал ол құжатқа он мың дана плакат шығарып, бүкіл елге таратып жібердім деп жазып қоясың. Олай емес деп ешкім дәлелдеп бере алмайды. Іс бітті, қу кетті.

Ақшаны, әрине, бір кісілермен бөлісесің ғой. Бөліспесең, саған ондай тапсырыс қайда? Ал егер бөлісу үстінде келісу болмай қалса, онда жағдай қиын. Шектен шығып, қомақты «үлес» сұраған адамды қапияда ұстатып жіберіп жатса, оған да таңқалуға болмайды.

Иә, қазір сондай заман деседі. Ішкі саясат саласына басшылық жасап жүрген базбір азаматтардың ішкі мәдениеті мен ішкі ой-өресінің деңгейі сол төңіректе болып тұрған кезде бұл қоғам көгере ме, көктей ме?

Соңғы уақыттары бізде идеология­лық жұмыспен кімдер айналысып жүр? Олардың пайым-парасаты қандай дейгейде? Мәселе шешетін жерде отырғандар төңірегіне кімдерді жинап алған? Қандай адамдармен ауыз жаласып отыр? Кімдерді төрге шығарып, кім­дердің төбесін оюды ойлап, жалаңдап жүр?

Мұның бәрі де ойланатын-ақ мәселелер. Ойланған адамға жауабы да дайын тұрған сұрақтар.

Ұлттық мүдде, ұлттық рух, ұлттық тіл мен мәдениет, ұлттық дәстүр төңірегіндегі әңгіме­лердің деңгейіне жете алмай, ұсақ пендешіліктер мен сасық қулықтардың айналасын шиырлаумен айналысып жүрген идеологсымақтардан мына заманда не сұрауға болады? Өкініштісі де сол ғой...

Қоғамның тазаруы, қоғамның гүлденуі, қоғамның өркендеуі сәулелі сана-сезімнен, биік ішкі мәдениеттен бастау алса керек. Ішкі саясат саласы сондай деңгейді қалыптастыру мақсатына адал қызмет етсе ғой, шіркін!

Т.ТӨЛЕБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ