Оңтүстікте 9 айда 570 егіз бен 4 үшем өмірге келді

20.11.2017
Қаралды: 408

Оңтүстік Қазақстан – іңгәлаған әлдиге бай өңір. Себебі еліміздегі әрбір бесінші сәби осы облыста туылады. 

Осылайша Оңтүстік халқының саны әр жылы шамамен жүз мың адамға көбейіп келеді. Мұны бізге Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Инна Глазебная айтып берді.

– Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр қанша сәби өмірге келді? Биыл жыл басынан бері туылған сәбилер саны қанша?

– Үстіміздегі жылдың 1-ші қазанына дейін облыста 56 мың 939 әйел босанды, олардан 57 мың 171 бала туылды. Ал былтырғы жылдың осы кезеңінде 59 мың 282 әйел босанған болатын, былтыр 9 айда облыста 60 мың 171 сәби өмірге келген. Яғни облыс тұрғындары былтырғыға қарағанда биыл тағы да шамамен көбейе түскені анық.

– Ал бала туу көрсеткіші жөнінен қай аудандар алда?

– Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласындағы көрсеткіштер жоғары.

– Көрсеткіштерден босанған аналар­ға қарағанда балалар саны артық екенін көріп тұрмыз. Егіздер, үшемдер жайлы тарқатып айтып беріңізші. Оңтүстікте егіздер жиі туыла ма?

– 2016-жылы 768 егіз сәби туылған. 5 үшем туылды. Ал биылғы жылдың тоғыз айында облыста 570 егіздер туылды. Үшемдер жөнінен де мақтана аламыз, бүгінге дейін облыста 4 үшем туылды. Әрбір егіз, үшемдер біздер үшін де қуаныш. Ал бір анаға бірден қатарынан үш сәбиге ана болу оңай салмақ емес. Сондықтан ана мен баланың денсаулық көрсетілімдеріне қарай біздер медициналық қана емес, психологиялық та көмек көрсетіп отырамыз.

– Инна Михайловна, жаңа туылған сәбилерде туа-бітті аурулар қаншалықты жиі кездеседі?

– Өкінішке орай, дүние есігін ашқаннан денсаулығында ақау кездесетін сәбилер жоқ емес. Мысалы, биыл өмірге келген сәбилер арасында жүрек, асқазан-ішек жолдары аурулары жиі кездеседі.

– Бір қасық ас түгілі әлі ана сүтінің дәмін татып үлгермеген сәбилердің асқазаны ауыруы, одан қала берді, жүрек дертіне шалдығуының себептері неде?

– Өмірге дені сау сәби әкелу үшін ананың денсаулығы мықты болуы керек. «Дені сау анадан дені сау бала туылады» деп бекерге айтылмаған ғой.  Сондықтан болашақ аналар бала көтерер алдында өз денсаулығын толық тексертіп, прегравидарлы дайындықтан өтуі тиіс. Біз мұны аналарға үнемі ескертіп отырамыз. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің №452-ші бұйрығына сәйкес, барлық туу жасындағы әйелдерді 5 үлкен топқа бөліп, емхана көлемінде денсаулық деңгейін анықтап, есепке алып отырамыз. Бала көтеруге уақытша кедергі аурулары болса, емдеу жұмыстары жүргізіледі. Болашақ аналардың жұбайлары да бірге тексеріледі.

Мысалы, 2017-жылдың 9 айына тіркелген 37 мың 241 жүкті әйелдің 48 пайызы қауіп-қатер тобындағы жүктілер қатарына кірді.

– Босанушылардың тең жартысына жуығы қауіп-қатер тобында сияқты ғой. Айтыңызшы, оларда қандай диагноздар жиі кездеседі?

– Қан аздық, бүйрек қабынуы, өт жолдарының қабынуы, жүктілік кезінде қан қысымының жоғарылауы жиі кездесіп жүр.

– Ал ана мен бала өлімі көрсет­кіштері қандай?

– 2016-жылдың 9 айында облыста 11 әйел қайтыс болды. Өлім-жітім жағдайлары жөнінен республикада ең төменгі көрсеткіштеміз дегенмен, өкінішке орай, оны мүлде жоқ деп те айта алмаймыз. Биыл 9 ай ішінде 5 әйел қайтыс болды. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін біз балалы болуды жоспарлаған отбасылардың медициналық тексеруден өтіп, алдымен денсаулығын түзеуі керектігін үнемі айтып отырамыз.

– Инна Михайловна, босанушылардың жасына да тоқтала кетсек. Жасы ең үлкен және ең жас ана туралы айтыңызшы.

– Жасы ең үлкен босанушы «РБиЖФВ» порталы бойынша 45 жасында босанды. Бірақ жасы үлкен жүкті әйелдерде хромосомдық ақаулар, туа пайда болатын ақаулар жиі кездеседі. Созылмалы аурулардың асқынуы да көбірек орын алады. Яғни кеш босанудың анаға ғана емес, бала денсаулығына да қауіп-қатері басым болатынын ескерткім келеді.

Өкінішке орай, облысымызда ерте жүктілік те кездеседі. Мәселен, 2017-жылдың 9 айында 499 жасөспірім жүкті болған. Оның 15-і – 15 жастағы қыздар. 106-сы – 16 жаста. 378-і – 17 жасқа толғандар. Былтырғы көрсеткішпен салыстыра кетейін, өткен жылы облыста 553 жеткіншек жүкті болған. Яғни биылғы көрсеткіш 54-ке азайып отыр.

Кеш босану сияқты, ерте жүктіліктің де ана денсаулығына қауіпті тұстары көп. Оларда босану кезінде қан кету, жүктіліктің асқынулары, бала жолдасының ерте ажырауы тәрізді жайлар жиі кездеседі.

– Көрсеткіштер арқылы көптеген жайларға көз жеткіздік. Сөз соңында дені сау ұрпақ әкелу үшін аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ұрпақ жалғастыруды жоспарлаған әрбір отбасы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауы қажет. Созылмалы ауруларын емдеп, тиісті дайындықтан өтіп, тіпті бала көтеру уақытын да жоспарлау маңызды. Экстрагенитальды ауруы бар әйелдер жүктілікті дәрігермен кеңесіп, сырқаты асқынбаған, өз денсаулығы мен бала өміріне қаупі жоқ болатын кезеңді таңдауы тиіс. Құнарлы тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану – басты шарттардың бірі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ