ОҚО әкімдігі Ғабидолла Әбдірахымовты тәлкек қылу үшін ақы төлеген бе?

20.11.2017
Қаралды: 1415

Белгісіз адамдар желіге ішкі саясат басқармасының құжаттарын жариялады

Таяуда «Фейсбуктің» шымкенттік сегментінде қызықты құжаттар, яғни Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Мемлекет туы» Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің арасында түзілген келісім-шарт пайда болды.

Бір қарағанда, кәдімгі мемлекеттік тапсырыс: облыс әкімдігі бюджет қаржысын патриоттық тәрбие тақырыбына бөледі, қоғамдық бірлестік оны 2017-жылдың сәуір – желтоқсан айлары арасында орындауды міндетіне алады.

Ал шындығында жарияланған келісім-шарт­­та нақты қандай іс-шаралар өткізі­летіні туралы бір ауыз сөз жоқ. Дегенмен Жастар одағы қазынадан 2 миллион 350 мың теңгені алады.

Бір жағдай болмағанда аталған құжаттың интернетке шығуы екіталай еді. Қомақты тапсырыс алған жастар ұйымының басшысы – қоғам белсендісі, өзінің оппозициялық әрекеттерімен белгілі болған Сүйін Абулда.

Осыдан екі айдай бұрын Абулда Шымкент әкімдігінің алдында жеке акция өткізген. Ол қала әкімдігі ғимаратына әкімді (сол кезде Ғабидолла Әбдірахымов болған) қаладағы проблемалар үшін грамотамен марапаттамақ болып барған. Белсенді жас газ бен су тарифтерінің қымбаттығын айтып шағымданған. Сол кезде оған қала басшысының қабылдауына кіріп, бәрін оның жеке өзіне жеткізу жөнінде ұсыныс білдірілген. Не үшін екені белгісіз, Абулда олай етуден бас тарт­қан. Әкімдік ғимараты аясында журналистерге ашынған түрде сұхбат беріп, грамотаны әкімнің бағыныштыларына тапсырып кеткен.

Дегенмен Абулда оппозициялық белсенді болып бұл әрекетімен көрінген жоқ, ол 2016-жылдың мамыр айында жерге қатысты шерулер болған кезде жаппай наразылық көрсетуді белсенді қолдаушылардың бірі ретінде құқық қорғау орындарының жіті назарын аудар­ған. Сүйін Абулда Шымкентте шеру ұйымдастырмақ болды, бірақ кейбір себептерге байланысты оның жоспарлары орындалмай қалды.

Енді мемлекеттік тапсырысқа оралайық.

Жастарды патриоттық сезімге баулуға бюджеттен бөлінген осынша қаржының қайда жұмсалғанын біз анықтай алмадық. Интернеттен «Мемлекет туы» Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің  атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі жазылуы тиіс сайтын да таппадық.

«Фейсбук» әлеуметтік желісінде де бұл жастар одағының қызметі туралы бір ауыз сөз жоқ. Есесіне Сүйін Абулда өз ак­каунтында 2011-жылғы Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер, Астанадағы ЭКСПО сияқты әйгілі оқиғалар тақырыбына сыни тұрғыдағы посттарды тұрақты түрде жариялап отырған.

Шындығында Абулданың сындарының басым бөлігі, неге екені белгісіз, Шымкент қаласы әкімдігіне тиесілі. Ол өз пост­тарында қаланың бұрынғы әкімі Әбдірахымовты өзіне пиар жасайды, қаланы басқара білмейді деп кінәлайды.

Сүйін Абулданың «Фейсбуктегі» жазбаларында өзінің облыс әкімдігінен бөлінген 2 миллион 350 мың теңгені алғаны үшін патриоттық бағытта өткізген іс-шаралары туралы бір ауыз сөз жоқ.

Желіде пайда болған құжаттарды жал­ған деп айтуға болмайды. Облыс әкімдігіндегілер онша қаламағанымен де бізге бұл құжаттардың шынайы екендігін растады.

Осыдан мынадай қисынды сұрақ туады: Сонда ОҚО әкімдігі қандай күмәнді жобаларды қаржыландырып отыр?

Айта кетейік, бұл даулы мемлекеттік тапсырысты бөлген облыстық ішкі саясат басқармасында да жағдай мәз емес. Басқарма басшысы Болатбек Төлеген бір айдан бері темір тордың арғы жағында отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы оны 2017-жылдың 7-қазанында 2,1 миллион теңге пара алған деген күдікпен ұстады. Ресми болжам – пара «ақпараттық қызметті мемлекеттік сатып алу келісім-шартын иелену үшін берілген».

«Ratel.kz».

...Міне, ғаламторда осындай мәселе жөнінде жарияланып, ол көпшілік жұрттың назарын бірден өзіне аударды. Өйткені мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі құйтырқы істер туралы деректер бұдан бұрын да шығып жүргені белгілі.

Оқиға кейіпкері Сүйін Абулданың бұған қатысты қандай да бір айтар уәжі болса, біз оған да газет бетінен орын беруге дайынбыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ