Ең кәрі Президент қамауға алынды

20.11.2017
Қаралды: 819

Африканың оңтүстігіндегі Зимбабве мемлекетінде әскери төңкеріс орын алды. Елді сонау 1980-жылдардан бері басқарып келе жатқан, бүгінде әлемдегі ең кәрі мемлекет басшысы саналатын 93 жастағы Президент Роберт Мугабе тұтқындалды, онымен бірге бірнеше министрлер қамауға алынды. Қысқасы, бұл елдің Президентін күштеп тақтан тайдырды деуге болады.

Биліктен кететін ойы жоқ еді

Бұл оқиға Р.Мугабе елдің келесі Президенті болуы мүм­кін деп айтылып жүрген қазіргі Вице-президент Эммерсон Мнангагваны отставкаға жібер­ген күні орын алды. Осыған байланысты жедел іске кіріс­кен әскерилер билікті күшпен құлатты. Олар Президенттің өзін тұтқындап, бірнеше үкімет ғимараттарын өздеріне қаратты, сосын мемлекеттік телерадиокорпорацияны басып алып, сол арқылы елге үндеу таратты.

Кешегі аптада Зимбабве әскерінің генерал-майоры Сибусиси Мойо: «Бұл ешқандай да төңкеріс емес. Президент пен оның отбасына төніп тұр­ған қауіп жоқ. Біз оған кепілдік береміз. Біз тек елдің терең әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа түсуіне  кінәлі адамдарды жауапқа тартуды қа­лай­мыз. Өзіміздің миссиямызды орындағасын билікті бере­міз, бәрі бұрынғыдай тәр­тіп­ке келеді», – деп мәлімдеді.

Расында да қазір Зим­бабвенің ахуалы аса мүшкіл. 2000-жылдан бері қарай жағдайы тіпті кері кеткен. Бүгінде ол ең кедей елдердің бірі саналады.

Зимбабве (бұрынғы атауы – Оңтүстік Родезия) кезінде Ұлыбританияның отары болған, ол 1980-жылдары өз тәуелсіздігін алды, сосын дамудың социалистік жолын таң­дады. Елде күрес жүріп, ақырында билік басына Р.Мугабе  бастаған партия келді. Елдің экономикасын жолға қоюға қатысты жұмыстар жүр­ді. Кейін Мугабе өзі осыған дейін атқарып келген Премьер-министр лауазымын жойды, сосын Президент болды. Содан бергі 30 жылға жуық уақыттан бері ол осы қызметті атқарып келеді. Биылғы жазда ол өзінің денсаулығы мығым екенін айтып, әзірге билік­ті біреуге бере салатын ойы жоғын білдірген еді. Алда­ғы 2018-жылы болатын кезекті Президент сайлауына түсетін ниеті барын мәлім­деген болатын.

Зимбабве заңы бойынша Президент 5 жылға сайланады,  оның сайлауға қатарынан бірнеше мәрте түсуге құ­қы бар.

Тақыр кедейлер көбейген екен

Бұл елдегі оппозиция мен сырт­қы күштер Мугабенің биліктен кетуін бұрыннан талап етіп келеді. Олар Зимбабведе адам құқығы аяққа тапталған, коррупция жайлаған, ел әлеуметтік және экономикалық тығырыққа тірелген деп айтып жүр. Оған көптеген мысалдар келтіріледі.

Мысалы, Мугабенің билігі кезінде мұндағы ақ нәсілді фермерлердің иелігіндегі жерлер қара нәсілділерге тартып әперілген, ақ нәсілділерді елден кетуге ашық мәжбүрлеген кездер болған. Тұрмыс жағдайы аса төмен ондаған мың адамдардың лашықтарын бұзып тастап, оларды үй-күйсіз қалдырған. Со­ның нәти­жесінде бүгінге дейін бұл ел­дегі баспанасыздар қатары бірнеше миллион адам­ға же­тіп­ті.

Әлеуметтік-экономикалық құлдырау салдарынан Зим­баб­ведегі 16 миллионнан аса тұрғынның үштен екісінен астамының тұрмысы кедейлік шегінен төмен түсіп кеткен деседі. Еңбекке қабілетті әр үш адамның екеуі жұмыссыз. Мемлекеттің сыртқы қарызы батпандап көбейген. 2008-жылдары инфляцияның өзі 231 миллион пайызға дейін өсіпті. Ұлттық валюта құны қатты құлдыраған, сол кез­дері 1 АҚШ долларына 25 миллион Зимбабве доллары тең болыпты, тіпті айналымға 100 триллиондық банкноттар шығарылған екен. Ақы­рында бұл ел өз валютасынан бас тартқан, қазір онда айналымда тек АҚШ доллары жүреді.

Әйелі Намибияға қашып кетіпті

Жалпы, Роберт Мугабе – Зимбабвенің тәуелсіздік алуы, онда демократиялық құндылықтар жеңіске жетуі жолында күрескен адам. Осы жолда ол талай қатерлі кезеңдерден өткен. Саяси көзқарасы үшін сотталып, он жыл түрмеде отырған. Дегенмен ол би­лік­ке келгесін елдің ішкі-сырт­қы саясатында көптеген қате­ліктер жіберді, оның ақыры халық арасында беделінен айырылуына әкеліп соқты.

Р.Мугабе екі мәрте үйленген. Бірінші әйелі Салли Хейфрон оның саяси күрес жолындағы ең жақын қолдаушысы болған. Ол Мугабе түрмеде отырғанда оны бостандық­қа шығару үшін жанын аямай күрескен. Өкініштісі, араларындағы жалғыз ұл сәби кезін­де маляриядан шетінепті, ал әйелдің өзі 31 жасында бүйрек ауруынан қайтыс бол­ған.

Ал Р.Мугабенің екінші әйе­лі Грейс Маруфу одан 41 жас кіші. Бойдақ кезінде ол Муга­бенің хатшысы қызметін ат­қарған. Екеуі ресми үйленгенше араларында бір қыз, бір ұл туылыпты. Ал бұл отбасының үшінші перзенті Р.Мугабе 73 жасқа толғанда туыл­ған.

Мугабенің әйелі Грейс ақ­шаның бетіне қарамайтын, қымбат киім, әшекейлерге құмар, шолжаң мінезді жан деп сипатталады. Мысалы, ол 2003-жылы Парижге барғанда азын-аулақ киім үшін 120 мың доллар жұмсапты. Оның әлемнің бірқатар елде­рінде өз жеке меншігіндегі мүліктері бар екен. Биыл ол  400 мың долларға «Роллс-Ройс» көлігін сатып алған. Жалпы, халықтың оны аса ұната бермейтіні туралы айтылады. Президент билікті кейін соған тапсырмақ ниетте болған деген сөз бар. Өйт­кені Грейс те саясаткер, ол билік партиясының Зимбабве Парламентіндегі фракциясын басқарған екен.

Мугабенің балалары жайлы да жақсы айтылмайды. Мысалы, қызы Бонаны ұзату кезінде миллиондаған бюджет қаржысы  шығындалыпты, одан бөлек, әкесі оған сыйлыққа 400 мың доллар мен 55 бас мал берген екен. Бұл қыздың қос інісінің де ойына келгенін істеп, ақшаны судай шашып жүргені туралы деректер бар. Халық осыған на­разы.

Зимбабведе болған кешегі төңкеріс кезінде Муга­бенің әйелі елден қашып кеткен көрінеді. Кей деректерге қарағанда, ол Намибияға барып паналапты.

...Міне, Африкадағы Зимбабве елінің ахуалы қазір осылай болып тұр. Билікті қо­лына алған әскерилер енді мемлекеттің терең әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарысқа ұшырауына кінәлі адамдарды анықтап, сазайын бермек ниетте.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ