Шешеден сыбауға қатысты сөз әлі біткен жоқ

14.11.2017
Қаралды: 463

Газетіміздің биылғы жазда жарық көрген нөмірлерінің бірінде «Астананың төрінде шешеден сыбап боқтаған» деген тақырыпта мақала жарияланғаны естеріңізде болар. Ол оқырман арасында көп талқыланған болатын, бұған қатысты пікірлерді газетімізде одан кейін де жариялағанбыз.

Көпшілік жұрт шешеден сыбаудың өте анайы нәрсе, әдепсіздік екенін айтып, оны түп-тамырымен жою керек деген пікір білдірді.

Кешегі аптада Мақтаарал ауданынан осы тақырыпқа қатысты тағы бір азамат хабарласты. «Менің аты-жөнім – Кәміл Керімбеков, – деді ол кісі. – Зейнеткермін, Мырзакент қалашығында тұрамын. «Замананы» жаздыртып алып тұрамын. Өткен жазда 50 ардагерді облысымыздағы әулиелі жерлерге зияратқа апарған едік. Күн дүйсенбі болатын, автобуста «Заманада» жазылған мақаланы бәріміз оқып, талқыладық. Өте маңызды мәселені көтеріпті деп қариялардың бәрі риза болды, мұндайды жою керек деген пікірлерін білдірді. Тек бұрын органда істеген бір кісі ғана: «Онда тұрған не бар екен? Осыны да сөз деп...» – деген тұрғыда өз ойын білдіріп еді, қариялар түгелдей жабылып, оның аузын аштырмай қойды.

Иә, шешеден сыбау сияқты жаман әдетті қою керек. Шынын айтқанда, ондайлар қазір көп те емес қой. Мың адамнан біреуі шығатын болар. Өйткені қазіргі жастар ондайды көтермейді. Әдеттің тозығы ретінде ол жойылып та бара жатыр.

Дегенмен бұған қатысты мәселе көтергендеріңіз өте орынды болды. Ол үшін сіздерге айтар алғысымыз көп. Өйткені жұртқа ой салдыңыздар, оның жаман әдет екенін көрсеттіңіздер. Мұндай жаман әдеттің тамырына біржола балта шабу керек. Енді бұл істі аяғына дейін апарыңыздар. Әлгі Астананың төрінде аузына ие болмай, Оңтүстіктің атына кір келтірген адам кім еді, оған осы ісі үшін қандай шара қолданылды – бізге осы жағы да қызық болып тұр».

Мақтаарал ауданынан хабарласқан оқырманымыз осылай дейді. Көпшіліктің әлі күнге дейін оны талқылап жатқаны тегін болмаса керек.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ