Шымкент мұнай өңдеу зауытына соңғы бірер жылдан бері жаңартып-жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Онда жаңадан өндірістік цехтар салынуда, зауыт жанар-жағармайды еуропалық стандартта шығаратын болған.
Кешегі аптада бұл зауытқа қатысты тағы да бір жаңалық орын алды. Ол қазан айында 503 мың 753 тонна мұнай өңдеп, өзіндік рекорд жасады. Оған жоспар 390 мың тонна өңдеуге берілген, ал зауыт жоспарды 129 пайыз асыра орындаған. Бұл жөнінде зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты жыл басынан бергі он айда 3 миллион 807 мың 881 тонна мұнай өңдепті. Бұл жоспардағыдан 207 мың 881 тонна артық. Зауытта 114 мың 72 тонна «К2», «К4» экологиялық санаттарындағы «АИ-92» маркалы бензин өндіріліпті. (Берілген жоспар – 56 мың 727 тонна).
Бұған, әрине, қуану керек қой. Енді бізде бензин тапшылығы болмайтын шығар және баға да тұрақтанатын болар деп ойлаймыз.
Н. ӘБДІ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!